Қорынттықтарға арналған бірінші хат


1

1 Иса Мәсіхтің елшісі болуға Құдайдың еркімен тағайындалған Пауыл мен бауырласымыз Состеннен 2 Қорынт қаласындағы Құдайдың қауымына дұғай сәлем. Құдай сендерді Иса Мәсіх арқылы Өзіне бағыштап алды да, кез келген жерде тұрып, Иеміз Иса Мәсіхке Жаратқан Ие деп сиынатындардың бәрімен бірге сендерді де Өзінің қасиетті халқы болуға шақырды. Ал Мәсіх — олардың да, біздің де Иеміз. 3 Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақым мен тыныштық жаудыра көрсін! 4 Мен Құдайға әрдайым сендер үшін шүкірлік етемін, өйткені Ол өздеріңе Иса Мәсіх арқылы рақымын сыйлады. 5 Сендер Мәсіхтің арқасында барлық жағынан да рухани байып, Құдайдың сөзі жайлы еркін сөйлей алып, жан-жақты білімге ие болдыңдар. 6 Мәсіх туралы Ізгі хабарымыздың шындығы өмірлеріңде расталды. 7 Осылай сендер Киелі Рух сыйлайтын дарындардан ешқандай тапшылық көрмей, Иеміз Иса Мәсіхтің салтанатпен көрінуін сағына күтудесіңдер. 8 Иеміздің қайта оралатын сол күні еш айыпталмауларың үшін Тәңір Ие сендерді өмірлеріңнің аяғына дейін табанды етпек. 9 Құдай уәделеріне берік, Ол сендерді Өзінің рухани Ұлы — Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыста болуға шақырған. 10 Бауырластарым, сендерге Иеміз Иса Мәсіхтің атынан ескертемін: ауызбірлікті сақтап, жікке бөлінбеңдер! Қайта, бірдей мақсат пен пікірде болып, бірлікте тұрыңдар! 11 Себебі, қымбатты бауырластарым, Хылойдың үйінен келгендерден араларыңда талас-тартыс бар екенін біліп алдым. 12 Менің түсінуімше, біреулерің: «мен Пауылдың адамымын», басқа біреуің: «ал мен Аполлостікімін», үшіншің: «бірақ мен Петірдің», төртіншің: «ал мен Мәсіхтің шәкіртімін» дейді екенсіңдер. 13 Сонда Мәсіхтің жіктеліп бөлінгені ме?! Әлде сендер үшін айқышқа шегеленіп құрбан болған мен, Пауыл, ма едім?! Немесе Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өтіп пе едіңдер? (Ондайдан сақтасын!) 14 Мен Кірісп пен Гайдан басқа ешкімді осы рәсімнен өткізген жоқпын, сол үшін Құдайға шүкірлік етемін. 15 Сондықтан Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өттім деп ешқайсың айта алмайсыңдар! 16 Рас, сондай-ақ Степанның үй ішіндегілерін де өткізгенмін, ал тағы басқа біреуді өткізгенім есімде жоқ. 17 Мәсіх мені шомылдыру рәсімін орындауға емес, Ізгі хабарды уағыздауға жіберді. Ол маған данышпандық пен шешендікті пайдалан демеді де, әйтпесе Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы уағыз өз күшінен айырылар еді. 18 Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы Ізгі хабарды тозаққа кететіндер ақымақтық деп есептейді, ал құтқарылатын біздер үшін осы хабарда Құдайдың құдіреті жатыр. 19 Пайғамбардың жазбасында мынадай сөздер бар: «Даналардың даналығын жойып, ақылдылардың ақылын жоқ қыламын». 20 «Олай болса, даналар мен ғұламалар қайда, осы дүниелік ұлы істер туралы айтысқыш шешендер ше?» Құдай солардың бәрін де ақымақтар, ал даналықтарын түкке тұрғысыз ақылсыздық қылып көрсетті емес пе? 21 Адамзаттың тіпті ең кемеңгер деген ой-санасымен де Құдайды ешқашан тани алмайтындығын Ол алдын ала өз даналығымен білді. Сондықтан Құдай осы дүние ақымақтық деп есептейтін уағызымыз арқылы соған сенетіндерді құтқаруды лайық көрді. 22 Яһудилер құдіретті кереметтер талап етсе, гректер уағызымыздан даналық іздейді. 23 Бірақ біз Мәсіхті айқышқа шегеленіп, жанын құрбан етті деп жариялаймыз. Бұл хабар яһудилерге жек көрінішті, ал басқа ұлттық адамдарға ақымақтық болып көрінеді. 24 Алайда яһудилер мен басқа халықтардан шақырылғандар Мәсіхті «Құдайдың құдіреті мен даналығы» деп түсінеді. 25 Адамдар «ақымақтық» дейтін Құдайдың құтқару жолы пенденің даналығынан әлдеқайда жоғары және Құдайдың «әлсіздігі» (яғни Мәсіхтің айқышта жанын қиюы) пенденің күш-қуатынан әлдеқайда күшті. 26 Бауырластар, Құдай сендерді шақырғанда өздеріңнің кім болғандарыңа назар аударыңдаршы: табиғи тұрғыдан қарағанда араларыңда даналар, билік иелері, асыл туғандар көп емес еді. 27 Бірақ осы дүние кімдерді «ақымақ» деп санаса, Құдай «данышпан-ақылгөй» делінгендерді ұялту үшін соларды таңдап алды. Және осы дүние «күшсіз» деп тапқандарды Құдай «күштілерді» ұялту үшін Өзіне таңдады. 28 Осы дүние маңызды деп есептейтіндерді жою үшін Құдай осы дүниенің менсінбей, қорлап, түкке тұрғысыз деп санағандарын таңдап алды. 29 Осылайша Құдайдың алдында ешкімнің де мақтануына болмайды. 30 Тәңір Иенің істегені арқылы сендер Иса Мәсіхпен тығыз байланысқа келдіңдер. Құдай Мәсіхті даналығымыздың бастауы етіп, бізді Ол арқылы ақтап, Өзінің қасиетті халқы қылып, күнәнің құлдығынан құтқарды. 31 Сондықтан: «Кім мақтанғысы келсе, тек Жаратқан Иемен мақтансын!» — деп (Пайғамбарлар жазбаларында) жазылғандай істеңдер.



2

1 Сондықтан да, бауырластарым, мен сендерге келіп, Құдайдың шынайы хабарын уағыздаған кезде шешен сөздер және дана пікірлер қолданған жоқпын. 2 Сендерге Иса Мәсіх пен Оның айқыштағы құрбандық өлімінен басқа нәрселер туралы айтпауға шешім қабылдаған едім. 3 Араларыңда күш-қуатсыз, дірілдеп, қатты жүрексініп тұрып жаттым. 4 Сөз сөйлеп, уағыз айтқанда адамды сендірерліктей данышпан пікірлерге емес, Құдайдың Рухы мен құдіретінің айқын көрінуіне сүйендім. 5 Ондағы мақсатым — сенімдеріңнің негізі адамның даналығы емес, Құдайдың құдіретінің болуы. 6 Дегенмен, біз рухани жетілгендерге даналық туралы хабарды уағыздай береміз. Ал бұл даналық осы күнәкар дүниенікі емес, сондай-ақ, осы дүниелік билеушілердікі де емес; солар — болашақта құрып кететіндер. 7 Керісінше, жариялап жүргеніміз — Құдайдың құпия даналығы, бұл адамзаттың көзінен таса болып келді. Ал Құдай оны біздің ұлылыққа ие болуымыз үшін әлемді жаратпастан бұрын-ақ белгілеп қойған болатын. 8 Бұны осы дүниелік билеушілердің біреуі де ұққан емес; ұққан болса, олар Ұлылықтың Иесін айқышқа шегелетіп өлтіртпес еді. 9 Алайда (Киелі жазбаларда) алдын ала жазылғандай, көз көріп, құлақ естімеген, адам ойына ешқашан келмеген игіліктерді Құдай Өзін сүйетіндерге дайындап қойған. 10 Бұны Құдай біздерге Өзінің Киелі Рухы арқылы анық білдірді. Киелі Рух бәрінен де, Құдайдың терең ой-мақсаттарынан да хабардар. 11 Себебі адамның ішкі құпия-сырларын оның өз рухынан басқа бірде-бір адам біле ме? Сол сияқты, Құдайдың терең ой-мақсаттарын да Оның Киелі Рухынан басқа ешкім білмейді. 12 Ал біз осы дүниелік рухты емес, Құдайдан келген Киелі Рухты қабылдадық, Соның көмегімен Құдайдың бізге сыйлаған игіліктерін біле аламыз. 13 Солар туралы біз адамзаттың даналығынан емес, Киелі Рухтан үйренген сөздермен уағыздап, Оған мойынсұнғандарға рухани шындықты түсіндіреміз. 14 Өз еркімен жүретін адам Құдайдың Рухынан келгенді қабылдамайды, соны түсіне алмай, ақымақтық деп санайды. Себебі оны Киелі Рухтың тұрғысынан бағалау керек. 15 Ал Құдайдың Рухына мойынсұнушы Одан келгеннің бәрін де бағалай алады, бірақ басқалар ондай адамға баға бере алмайды. 16 Өйткені «Кім Жаратқанның ақыл-ойын ұққан, кеңесшісі боп бағыт берді Оған?» (деп жазылған). Ал бізде Мәсіхтің ой-ниеті бар.



3

1 Сондықтан да, бауырластарым, мен сендерге келіп, Құдайдың шынайы хабарын уағыздаған кезде шешен сөздер және дана пікірлер қолданған жоқпын. 2 Сендерге Иса Мәсіх пен Оның айқыштағы құрбандық өлімінен басқа нәрселер туралы айтпауға шешім қабылдаған едім. 3 Араларыңда күш-қуатсыз, дірілдеп, қатты жүрексініп тұрып жаттым. 4 Сөз сөйлеп, уағыз айтқанда адамды сендірерліктей данышпан пікірлерге емес, Құдайдың Рухы мен құдіретінің айқын көрінуіне сүйендім. 5 Ондағы мақсатым — сенімдеріңнің негізі адамның даналығы емес, Құдайдың құдіретінің болуы. 6 Дегенмен, біз рухани жетілгендерге даналық туралы хабарды уағыздай береміз. Ал бұл даналық осы күнәкар дүниенікі емес, сондай-ақ, осы дүниелік билеушілердікі де емес; солар — болашақта құрып кететіндер. 7 Керісінше, жариялап жүргеніміз — Құдайдың құпия даналығы, бұл адамзаттың көзінен таса болып келді. Ал Құдай оны біздің ұлылыққа ие болуымыз үшін әлемді жаратпастан бұрын-ақ белгілеп қойған болатын. 8 Бұны осы дүниелік билеушілердің біреуі де ұққан емес; ұққан болса, олар Ұлылықтың Иесін айқышқа шегелетіп өлтіртпес еді. 9 Алайда (Киелі жазбаларда) алдын ала жазылғандай, көз көріп, құлақ естімеген, адам ойына ешқашан келмеген игіліктерді Құдай Өзін сүйетіндерге дайындап қойған. 10 Бұны Құдай біздерге Өзінің Киелі Рухы арқылы анық білдірді. Киелі Рух бәрінен де, Құдайдың терең ой-мақсаттарынан да хабардар. 11 Себебі адамның ішкі құпия-сырларын оның өз рухынан басқа бірде-бір адам біле ме? Сол сияқты, Құдайдың терең ой-мақсаттарын да Оның Киелі Рухынан басқа ешкім білмейді. 12 Ал біз осы дүниелік рухты емес, Құдайдан келген Киелі Рухты қабылдадық, Соның көмегімен Құдайдың бізге сыйлаған игіліктерін біле аламыз. 13 Солар туралы біз адамзаттың даналығынан емес, Киелі Рухтан үйренген сөздермен уағыздап, Оған мойынсұнғандарға рухани шындықты түсіндіреміз. 14 Өз еркімен жүретін адам Құдайдың Рухынан келгенді қабылдамайды, соны түсіне алмай, ақымақтық деп санайды. Себебі оны Киелі Рухтың тұрғысынан бағалау керек. 15 Ал Құдайдың Рухына мойынсұнушы Одан келгеннің бәрін де бағалай алады, бірақ басқалар ондай адамға баға бере алмайды. 16 Өйткені «Кім Жаратқанның ақыл-ойын ұққан, кеңесшісі боп бағыт берді Оған?» (деп жазылған). Ал бізде Мәсіхтің ой-ниеті бар.



4

1 Сондықтан бізге Мәсіхтің нөкерлері ретінде, әрі Құдай Өзінің ашып білдірген құпия хабарын басқаруды сеніп тапсырғандары ретінде қарау керек. 2 Ал басқарушылардың әрқайсысынан сенімді болуы талап етіледі. 3 Менің сенімділігімді сендер тексеріп, бағалайсыңдар ма, әлде осы дүниелік басқа мекеме ме, оған қам жемеймін, өзіме-өзім де баға қоймаймын. 4 Өзімді айыптайтын ешқандай қылығым есімде жоқ, алайда бұл мінсіз екеніме жеткілікті дәлел бола алмайды. Себебі мені тексеріп, бағалайтын — Иеміздің Өзі. 5 Сондықтан уақыты келместен бұрын айыптауға асықпай, Иеміздің қайта оралуын күтіңдер! Ол әзірше қараңғыға жасырылғанды әшкерелеп, жүрегіміздің ой-ниеттерін ашып көрсетеді. Сол кезде Құдай әрқайсымызға лайықты мақтауын береді. 6 Бауырластарым, бұған дейін мен Аполлос екеуіміз туралы осы нәрселерді сендерге мысал ретінде айттым. Сендердің бізден үлгі алып, «Киелі жазбаларда айтылғандардан артыққа бармау керек» деген қағиданың мәнін ұғынғандарың игі. Сонда сендер жетекшілердің біреуін екіншісінен жоғарылатып, мақтанбайсыңдар. 7 Әлдекім сендерді басқалардан ерекше етті ме? Құдайдан қабылдамаған нелерің бар? Бәрін қабылдаған соң, несіне өз жетістігіміз деп мақтанасыңдар? 8 Сендер тойынып, рухани байыпсыңдар, біздің қолдауымызсыз-ақ патшадай билік құра бастапсыңдар! Шынымен рухани билік құрғандарыңды сондай қалар едім. Егер солай болса, біз де сендермен бірге билік жүргізген болар едік қой! 9 Құдай біздерге, яғни елшілерге, өлімге кесілген тұтқындар іспетті «салтанатты жүрістің ең соңында» жүруді бұйырды деп ойлаймын. Себебі біз бүкіл әлемге — періштелер мен адамдарға масқара көрініс болдық. 10 Мәсіхке қызмет еткеніміз үшін біздер «ақымақ», ал сендер «Мәсіхпен жүрген данышпан» екенсіңдер, біз «күшсіз», сендер «күшті», біз «қадірсіз», сендер «қадірлі» екенсіңдер! 11 Күні бүгінге дейін аштық көріп, шөлдеп келеміз, кигеніміз алба-жұлба, жегеніміз таяқ, үйсіз-күйсіз қаңғып, 12 қолмен ауыр жұмыс істеп өз күнімізді көрудеміз. Бізді жамандағандарға ақ бата тілейміз, қудаласа, оған да төземіз; 13 қаралағандарға жылы сөйлеп ескертеміз. Бүгінге дейін дүниенің «қоқысы», адамзаттың «сыпырындысы» болып келдік. 14 Мұны ұялту үшін емес, сүйікті рухани балаларым ретінде ескертіп жазып отырмын. 15 Мәсіхпен жүрген тіпті он мың ұстаздарың болса да, «рухани әкелерің» көп емес. Себебі мен Ізгі хабарды уағыздап, сендерді Мәсіх Исаның жолына түсіріп, жаңа өмірге ие еттім. 16 Енді: «Менен үлгі алыңдар!» — деп өтінемін. 17 Сол үшін Тімотені жіберіп отырмын, ол — Иемізге берілген сүйікті де қымбатты рухани ұлым. Менің Мәсіх Исаның жолымен қалай жүріп жатқанымды Тімоте естеріңе түсіретін болады. Қай жердегі қай қауымда болмасын, дәл сол тәлімді беріп келемін. 18 Мені келмейді деп, кейбіреулеріңе көкірек бітіпті. 19 Бірақ Иеміз қаласа, сендерге жуырда барып қалармын. Сонда көкірек біткендердің сөздерін емес, құдіреттерін анықтаймын. 20 Себебі Құдайдың Патшалығы сөзбен ғана емес, Оның құдіретімен көрінеді. 21 Енді не қалайсыңдар? Сендерге таяқпен келейін бе, әлде сүйіспеншілік пен ілтипаттылық рухымен бе?



5

1 Араларыңда азғындық — тіпті басқа ұлттардың адамдары жасамайтын азғындық бар деген шүбәсіз хабар маған да жетті: араларыңдағы біреуің әкесінің жұбайымен көңілдес екен. 2 Ал сендер көкіректеріңді көтересіңдер! Оның орнына қайғыланып, осындай қылықты жасағанды орталарыңнан шығарып тастағандарың дұрыс болар еді! 3 Тәнім алыста болғанмен, рухыммен орталарыңдамын. Сондықтан мен араларыңда жүргендей, осыны істеген күнәкарға үкім шығарып қойдым: 4 сендер Иеміз Иса Мәсіхтің атынан жиналыңдар, мен де рухыммен орталарыңда боламын. Сонда Иеміз Исаның билігімен 5 әлгі адамды ескі күнәкар болмысын әлсірету үшін қауымнан шығарып, шайтанның қолына тапсырыңдар. Осылай ол теріс жолынан қайтып, жаны Иеміз қайта оралатын күні құтқарылсын. 6 Мақтанғандарың еш дұрыс емес. «Азғана ашытқы бүкіл қамырды ашытады» дегенді білмейсіңдер ме? 7 «Ескі ашытқыдай» (күнә атаулыны) араларыңнан шығарып тастаңдар! Сонда «жаңа қамырдай» рухани таза боласыңдар. Өйткені Құтқарылу мейрамына құрбандыққа шалынған тоқтылар іспетті, Мәсіх біздер үшін өмірін құрбан етті. Сол арқылы сендер жаңа, пәк таза адам болдыңдар. 8 Сондықтан да бұрынғы зұлым да сұрқия әдеттеріміздің «ескі ашытқысынан» арылып, қасиетті өмір кешіп, адалдық пен ақиқаттың «тәтті нанының» дәмін татып, тойлайық! 9 Өткендегі хатымда сендерге «Азғындармен араласпаңдар!» деп жазған болатынмын. 10 Онда мен осы дүниелік азғын, дүниеқоңыз, қарақшы немесе жалған тәңірлерге құлшылық етуші адамдарды ойлаған жоқпын. Әйтпесе бұ дүниеден түгелдей безіп кетуге тиіс болар едіңдер ғой. 11 Алайда өзін сенімдегі бауырласпын деп атағанмен, азғын, дүниеқоңыз, жалған тәңірлерге құлшылық етуші, өсекші, маскүнем немесе алаяқ болып жүрген ешкіммен де араласпауларың керек. Мұндайлармен тіпті дастарқандас та болмаңдар. 12 Қауымнан сырт адамдарды соттау біздің шаруамыз ба? Неге ішіндегілердің күнәларын тергемейсіңдер? 13 Сыртта жүргендердің үкімін Құдай шығарады. Ал өздерің «зұлымдық жасайтынды араларыңнан аластатыңдар!»



6

1 Араларыңдағы кейбіреу бауырласымен бір даулы мәселе туралы келіспей қалғанда қалайша Құдай алдында ақталмағандардың сотына жүгінуге дәті барады? Неге мәселені Құдай халқының алдына қоймасқа? 2 Болашақта Құдай халқының адамзатқа билік айтатынын білмейсіңдер ме? Адамзатқа билік ететін өздерің болған соң, ұсақ-түйек даулы мәселелерді шешуге жарамайсыңдар ма? 3 Біздердің періштелердің үстінен де билік айтатынымызды білмейсіңдер ме? Сонда күнделікті өмір мәселелерін әлбетте шеше алуға тиіссіңдер! 4 Бұлар жайлы дау-жанжал бола қалса, қауым үшін елеусіздердің төрелігіне қалай жүгінесіңдер? 5 Сендерді ұялту үшін осылай деймін. Араларыңда бауырластарына төрелік айтатын бірде-бір парасатты адамның болмағаны ма? 6 Қайта, бір бауырлас екіншісімен дауласып, тіпті сенбейтіндердің сотына жүгінеді екен. 7 Бір-біріңмен таласқандарыңның өзі масқара! Одан да әділетсіздікке неге төзбеске, неге ақыларыңды жегізбеске? 8 Керісінше, сендер әділетсіздік жасап, өз бауырластарыңды тонайсыңдар! 9 Әділетсіздердің Құдайдың Патшалығынан орын алмайтынын білмейсіңдер ме? Алданбаңдар: азғындар, жалған тәңірлерге құлшылық етушілер, неке адалдығын бұзушылар, нәпсіқұмарлар, еркекжанды еркектер, 10 ұрылар, дүниеқоңыздар, маскүнемдер, өсекшілер және тонаушылар үшін Құдайдың Патшалығында орын жоқ! 11 Бұрын кейбіреулерің сондай болдыңдар. Алайда сендер күнәдан тазардыңдар; енді Иеміз Иса Мәсіхтің атына сиынып Құдайымыздың Рухы арқылы Оның қасиетті халқы болып, ақталдыңдар. 12 Кейбіреулерің: «Не істесем де еріктімін», — дейсіңдер. Алайда бәрі бірдей тиімді емес. «Не істесем де еріктімін». Дегенмен өзімді құл ететін еш нәрсенің билігінде болмауым керек. 13 «Тамақ асқазан үшін, ал асқазан тамақ үшін жаратылған». Әлбетте! Құдай бір кезде екеуін де жоятын болады. Алайда адамның денесі нәпсі үшін емес, Иеміз үшін қызмет етуге тиіс, ал денеміздің қамын Иеміз ойлайды. 14 Құдай Иемізді өлімнен қайта тірілтті, Ол біздің денемізді де Өзінің құдіретімен тірілтіп алмақ. 15 Денелеріңнің Мәсіхтің рухани денесінің мүшелері екенін білмейсіңдер ме? Мәсіхтің бір мүшесін қайсыбір жезөкшенің дене мүшесі етіп қоюға бола ма? Жоқ, мүлдем болмайды! 16 Әлде жезөкшемен жақындасқан кісінің онымен біртұтас болатынын білмейсіңдер ме? Себебі Тауратта «Екеуі біртұтас болады» делінген ғой. 17 Ал Иемізге қосылған кісі Оның Өзімен рухани біртұтас болады. 18 Азғындықтан аулақ болыңдар! «Барлық күнә адам денесінен тысқары», — дейсіңдер. Бірақ адам азғындық арқылы өз денесіне күнә жасайды. 19 Әлде денелеріңнің Киелі Рух мекендейтін киелі үй екенін білмейсіңдер ме? Сендер Құдайдан қабылдаған Киелі Рух бойларыңнан орын алды. Енді өз меншіктерің емессіңдер, 20 Иеміз сендерді үлкен құн төлеп, күнәнің құлдығынан азат етті. Ендеше денелеріңмен Құдайдың даңқын арттырыңдар!



7

1 Ал енді маған жазғандарыңа тоқталайын. «Еркектердің әйелдерге жоламағаны жақсы» дейтіндерің бар екен. 2 Ал азғындықтан сақтану үшін әр еркектің өз әйелі, әр әйелдің өз күйеуі болсын. 3 Күйеуі әйеліне, ал әйелі күйеуіне тиісті ықылас көрсетулері керек. 4 Себебі әйелдің денесі өзінің ғана емес, күйеуінің де билігінде; дәл солай күйеуінің денесі өзінің ғана емес, әйелінің де билігінде. 5 Егер біраз уақыт үздіксіз Құдайға сиынуға алдын ала келісіп алған болмасаңдар, бір-біріңнен бас тартпаңдар! Содан кейін тағы бірге болыңдар, әйтпесе өздеріңе ие бола алмай, әзәзіл шайтанның азғыруына ерулерің мүмкін. 6 Ал осы айтқаным бұйрық емес, рұқсат қана. 7 Бәрінің өзім сияқты ұстамды, некесіз болғанын қалар едім. Бірақ әркімнің Құдай сыйлаған өз дарыны бар; біреу былай болса, біреу олай. 8 Үйленбегендер мен жесірлердің мен сияқты салт басты болып қала бергені жақсы деймін. 9 Ал егер өздеріне ие бола алмаса, онда үйленсін. Себебі құмарлықтың отына күйіп-жанғанша, үйленгендері жақсы. 10 Үйленгендерге мен ғана емес, Иеміздің Өзі: «Әйелі күйеуінен ажыраспасын!» — деп бұйырады. 11 Ал егер ажырасып кетсе, онда салт басты болып қала берсін, не күйеуімен қайта татулассын! Күйеулер де әйелдерінен ажыраспасын! 12 Басқа жұптарға Иеміз емес, өзім былай деймін: бір бауырласымыз Мәсіхке сенбейтін әйелге үйленген болса және әйелі онымен бірге қалуға келіссе, онда ол ажыраспауға тиіс. 13 Сол сияқты, сенуші әйелдің сенбейтін күйеуі онымен бірге қалуға келіссе, онда әйелдің де ажырасуына болмайды. 14 Себебі сенбейтін еркек сенуші әйелінің арқасында және сенбейтін әйел сенуші күйеуінің арқасында Құдайдың қасиетті әсерінің аясында болады. Әйтпесе балаларың құдайсыздардың балалары іспетті болар еді. Керісінше, олар да Құдайдың қасиетті әсерінің аясында. 15 Алайда егер сенбейтін жұбайы ажырасқысы келсе, ажырассын. Мұндай жағдайда оның сенуші жұбайы некеде қалуға мәжбүр емес. Қайтсе де, Құдай біздерді татулықта тұруға шақырған болатын. 16 Мүмкін сен, әйел, күйеуіңді құтқарылуға алып келерсің, немесе сен, күйеу, әйеліңді құтқарылуға әкелетін шығарсың, соны анық білмейсің ғой! 17 Тек әркімге Құдай Иеміз нені белгілеп, оны неге шақырса, ол солай өмір сүре берсін! Осы ережені барлық қауымдарға да айтамын. 18 Кім Мәсіхтің жолына шақырылғаннан бұрын сүндеттелген болса, онысын жасырмасын. Ал бұған дейін сүндеттелмеген сенушілер сол рәсімнен өтпей-ақ қойсын. 19 Сүндеттелу не сүндеттелмеу маңызды емес, бастысы — Құдайдың өсиеттерін орындау. 20 Әрқайсың сенімге шақырылған кезде кім болсаң, сол күйіңде қал! 21 Құл болып шақырылдың ба, оныңа қысылма. Ал егер еркіндік алу мүмкіндігің болса, дұрысы, соны пайдалан. 22 Себебі Иеміз шақырған құл — «Иеміздің рухани азат адамы», сол сияқты, Иеміз шақырған азат адам — «Мәсіхтің құлы». 23 Сендер үлкен құн төлеп, күнәнің құлдығынан азат етілдіңдер, енді «адамдардың құлы» болып қалмаңдар! 24 Бауырластарым, әрқайсың шақырылған кезде кім болсаң, сол күйіңде Құдаймен жүре бер. 25 Бойжеткендерге қатысты Иеміздің маған берген бұйрығы жоқ. Бірақ Оның рақымымен сенімді қызметшісі болдым, сол ретінде пікірімді білдіремін: 26 болып жатқан ауыр жағдайларға байланысты әркім күйі қандай болса, сол күйінде қала бергені жақсы деп ойлаймын. 27 Бір әйелге басың байланған болса, онымен қатынасыңды үзуге ұмтылма! Салт басты болсаң, әйел іздеме! 28 Ал егер үйленсең, мұның күнә емес. Бойжеткен тұрмысқа шықса, ол да күнә емес. Бірақ үйленгендер өмірлерінде көп ауыртпалық көреді, сендер соны көрмесеңдер екен деймін. 29 Менің айтайын дегенім мынау, бауырластарым: осы заманның ақыры таяп қалды. Сондықтан бұдан былай әйелі барлар үйленбегендей, 30 жоқтау айтып жүргендер жоқтамағандай, шаттанып жүргендер қуанбағандай, ал дүние-мүлік сатып алғандар меншігі жоқ іспетті Құдайға қызмет ете берсін! 31 Осы дүниенің қам-қарекетін жасап жүргендер оған тым беріліп кетпесін! Себебі дүниенің қазіргі қалпы жуырда сап болып, жойылады. 32 Жалпы, сендерді уайым-қайғы баспаса екен деймін. Үйленбеген ер адам Иемізге ұнауға ұмтылып, Оның ісінің қамын ойлайды. 33 Ал үйленген ер адам жұбайының көңілін табуға тырысып, осы дүниелік істердің қамын жейді. Содан ол екі ойлы болып жүреді. 34 Сол сияқты, үйленбеген әйел мен қыз Иеміздің істерінің қамын ойлай отырып, жан-тәнімен Оған берілмек. Ал тұрмысқа шыққан әйел күйеуіне ұнауға тырысып, осы дүниелік істердің қамын жейді. 35 Сендерге бұғау салғым келмейді, қайта, игіліктерің үшін, сендер ұдайы әрі кедергісіз Жаратқан Иемізге бағышталып дұрыс өмір сүрсеңдер екен деп, осыны айтып отырмын. 36 Ал егер біреу бойжетіп қалған қызымды ұзатпай қартайтып қойсам, бұным дұрыс болмас деп ойлап оның тұрмысқа шығуын қажет деп тапса, ол қалағанын істесін. Онысы күнә емес, қызы күйеуге шықсын. 37 Алайда кім ешбір қожайын мен сыртқы ықпалдың күштеуінсіз берік шешімге келсе, яғни өз еркімен іс-әрекет жасай алып, қызымды ұзатпаймын деген байламға тоқтаса, онысы дұрыс. 38 Сонымен, бойжетіп қалған қызын ұзатқан дұрыс істейді, ал ұзатпайтын одан бетер дұрыс істейді. 39 Некедегі әйел күйеуінің көзі тірісінде оған басы байлаулы. Күйеуі өлсе, кімге тием десе де өз еркі, тек екеуі де Иемізбен тығыз байланыста тұрсын. 40 Ал ең қолайлысы қайтадан тұрмыс құрмау. Бұл өз пікірім, ал мені де Құдайдың Рухы жетелейді деп ойлаймын.



8

1 Енді жалған тәңірлерге ұсынылған тағамдарға тоқталсам: «Бәрімізде біліктілік бар», мұны білеміз. Бірақ «біліктілік» мақтаншақ етеді, ал «сүйіспеншілік» сенімді жетілдіреді. 2 Өзін сондай біліктімін деп есептейтін кісі қажетті біліктілікке әлі де ие болған жоқ. 3 Ал Құдай Өзін сүйгенді жақсы біледі. 4 Ал енді, жалған тәңірлерге ұсынылған тағамдарды ішіп-жеуге келсек, біз сондай тәңірлердің күллі әлемде шынымен жоқ екенін және жалғыз Құдайдан басқа еш құдайдың жоқ екенін білеміз. 5 Кейбіреулердің ойынша көкте де, жерде де «құдай» делінгендер бар; сол адамдар көп «құдайлар» мен «иелеріне» құлшылық етеді. 6 Бірақ біз бәрінің бастауы болған бір ғана Құдай Әкені танимыз, Ол үшін өмір сүрудеміз; сондай-ақ, жалғыз Иеміз — Иса Мәсіхті де танимыз: күллі әлем де, өзіміз де Сол арқылы пайда болдық. 7 Алайда сенушілердің барлығы бірдей мұны біле бермейді. Бұрын жалған тәңірлерге құлшылық еткен кейбіреулері күні бүгінге дейін осындай тағамды жегенде оны тәңірлерге арналған деп есептейді. Бұларының дұрыс-бұрыстығына дүдәмал ар-ұждандары осылай арамданады. 8 Құдайға деген қарым-қатынасымызға біздің жеген тамағымыздың қатысы жоқ; оны не жейік, не жемейік, бұдан Құдай алдында жаман да, жақсы да болмаймыз. 9 Дегенмен байқаңдар, бұл еркіндіктерің сенімі әлсіздерді күнәға азғырмасын! 10 Мысалы, ар-ұжданы әлсіз біреу «сондай білікті» сенің жалған тәңірдің ғибадатханасында тамақ ішіп отырғаныңды көрді делік. Бұл оны сол тәңірлерге арналған тағамдарды жеуге батылдандырмай ма? 11 Осылай әлсіз адам, яғни өз бауырласың, сенің «біліктілігіңе» бола тура жолдан адасып, рухани жойылып кетеді. Ал Мәсіх ол үшін де жанын құрбан етті! 12 Міне, осылайша бауырластарыңның әлсіз ар-ұждандарын жарақаттап, оларға қарсы күнә жасауыңмен Мәсіхке қарсы да күнә жасайсың. 13 Сондықтан, егер жейтін тамағым бауырласымды күнәға азғырса, онда мен оны күнәдан сақтау үшін бұдан былай ешқашан да (базардан алынған) етті жемейтін боламын.



9

1 Мен ерікті емеспін бе? Елші емеспін бе? Иеміз Исаны өз көзіммен көрдім емес пе? Сендер Иеміз үшін еткен еңбегімнің жемісі емессіңдер ме? 2 Мен басқалар үшін елші болмаған күнде де сендерге жіберілген елші екенім сөзсіз. Менің Иеміздің елшісі екендігімнің дәлелі сендерсіңдер. 3 Өзімді айыптағандардан осылайша қорғанамын. 4 Еңбегіміз үшін ішіп-жейтін тамақ алуға еркіміз жоқ па? 5 Сондай-ақ, басқа елшілер, Иеміздің туған бауырлары және Кефа (Петір) сияқты біздің де сенуші әйелге үйленіп, оны сапарға шыққанда ертіп жүруге қақымыз жоқ па? 6 Әлде Барнаба екеуіміздің ғана кәдімгі жұмысты жасамай-ақ қызмет етіп күн көруге еркіміз жоқ па? 7 Қай жауынгер өз жалақысын өзі төлейді? Қай бағбан жүзімдік егіп, жемісін жемейді? Қай малшы мал бағып, сүтін ішпейді? 8 Бұл адамдардың салты ғана ма? Құдайдың заңы да осылай дейді емес пе? 9 Мұса арқылы берілген Таурат заңында: «Астық бастырып жүрген өгіздің аузын бума», — деп жазылған ғой. Құдай бұл жерде өгіздерді ғана ойлап тұр ма, 10 әлде осы айтқаны бізге де тікелей қатысты ма? Әрине, ол біз үшін де жазылған. Жер жыртушы да, астық бастырушы да еңбек етіп, өнімнен тиісті үлесімді алармын деп үміттенуі дұрыс. 11 Біз жүректеріңе рухани игілік — Ізгі хабардың тұқымын септік; енді соның «өнімі» ретінде бұ дүниелік игіліктеріңнен қабылдасақ, сол тым көп болар ма еді? 12 Басқалардың бұған қақысы болса, біз одан бетер қақылы емеспіз бе? Алайда осындай хақымыз бола тұра, оны пайдаланған емеспіз. Қайта, біз Мәсіх туралы Ізгі хабардың таралуына кедергі жасамау үшін әр түрлі қиыншылықтарға шыдап келеміз. 13 Ғибадатханада қызмет етушілердің сол жерден тамағын асырап отырғандарын білмейсіңдер ме? Олар шалған малдардың етін құрбандық үстеліне салғанда одан өз үлестерін алады ғой. 14 Сол сияқты, Иеміз Ізгі хабарды уағыздаушылардың осы қызметтерімен күндерін көруіне әмір еткен. 15 Бірақ мен бұл құқықтарымның бірде-біреуін қолданған емеспін. Қазір де осыларды сендерден бір нәрсе алу мақсатында жазып отырған жоқпын. Әділ мақтанышымды ешкімнің құр сөзге айналдыруына жол бермеймін, одан да аштан өлгенім артық! 16 Ал Ізгі хабарды уағыздап жүргенімнің өзі мақтануыма себеп бола алмайды, ол борышты міндетім: Ізгі хабарды уағыздамасам, қасіретке қалар едім. 17 Егер оны өз еркіммен істесем, еңбегімнің ақысын күтер едім; бірақ еріксіз істегендіктен, оны сеніп тапсырылған міндетім ретінде орындап жүрмін. 18 Сонымен, менің алар сыйым қайсы? Уағыздауымда құқықтарымды қолданбай, Ізгі хабарды тегін таратуым — алар сыйым, міне, осы. 19 Мен бүкіл адамдардан тәуелсіз болсам да, олардың барынша көбін Мәсіхтің жолына түсіру үшін өзімді барлығының құлы еттім: 20 яһудилерді сол жолға түсіру үшін араларында яһуди сияқты өмір сүремін; Таурат заңына бағынған оларды Мәсіхке әкелу үшін, өзім Тауратқа бағынышты болмасам да, араларында Тауратқа бағынатындай жүріп-тұрамын. 21 Таурат заңын білмейтін басқа халықтарды Мәсіхке әкелу үшін Тауратты білмейтіндей араларында өмір сүремін. Бұл, Құдайдың заңынсыз жүремін деген сөз емес, шынында мен Мәсіхтің өсиеттеріне мойынсұнып келемін. 22 Сенімі әлсіздерді әкелу үшін соларға ұқсап өмір сүремін. Әртүрлі адамдар арасында оларға бейімделудемін. Осылай мен ең болмағанда бірсыпырасын құтқаруға ұмтыламын. 23 Осының бәрін Ізгі хабардың таралуы үшін істеп жүрмін, содан мен оның игілігінен үлесімді алатын боламын. 24 Жарысқа түскен жүйріктердің бәрі жүгіріп, біреуі ғана жүлдеге ие болатынын білесіңдер. Сендер де «жүлдеге» ие болатындай Мәсіхтің жолымен «жүгіріңдер»! 25 Әрбір жарыскер барлық жағынан қатаң ұстамдылық танытады. Оның алғысы келетіні — кейінірек солып қалатын гүлдестесі ғана, ал біздің алатынымыз — мәңгі солмайтын «жеңіс тәжі»! 26 Сондықтан мен мақсатсыз жүгіріп жүрген жоқпын, жұдырығымен ауаны босқа ұрған боксшы сияқты да емеспін. 27 Қайта, басқаларды рухани күреске шақырған мен «жүлде» бөліскенде құр алақан қалмау үшін, тәнімді ауыртпалықтарға душар еткізіп, өзіме бағындырып жатырмын.



10

1 Бауырластарым, сендерді төмендегілер туралы хабарсыз қалдырғым келмейді: халқымыздың күллі ата-бабалары Мысырдан шыққан кезде нұрлы бұлттың жетелеуімен жүріп, бәрі де теңізден өтіп шығып, Тәңір Иенің құдіретін көрді. 2 Олардың барлығы да Мұсаның соңынан ергендер ретінде бұлтта және теңізде шомылдыру рәсімінен өткендей болды. 3 Барлығы да Құдай кереметпен берген бірдей тағам жеп, 4 бірдей сусын ішті. Себебі олар Құдай қамтамасыз етіп, өздерімен бірге жүріп отырған «жартастан» сусындайтын. Ал ол «жартас» Мәсіхтің Өзі болатын. 5 Алайда олардың басым көпшілігі Құдайға жақпай, айдалада құрып кетті. 6 Міне, осы оқиғалар бізді ата-бабаларымыздай жамандыққа құмар болудан сақтандырып, үлгі болып тұр: 7 солардың кейбіреулері іспетті жалған тәңірге құлшылық етпеңдер! Бұл туралы (Тауратта): «халық жайғасып отырып, құрбандықтан ішіп-жеді; біраздан кейін азғын ойындар ойнау үшін орындарынан тұрды» деп жазылған. 8 Ата-бабаларымыздың кейбіреулері секілді азғындыққа түспейік! Сол кінәлары үшін олардың жиырма үш мыңы бір күнде өлді. 9 Солардың тағы кейбіреулеріндей Иеміз Мәсіхтің төзімділігін еркінсіп сынамайық! Жыландар оларды сол үшін шағып өлтірді. 10 Кейбіреулері сияқты Құдайға қарсы күңкілдей бермеңдер! Соның жазасы ретінде қырып-жоюшы періште оларды өлтіріп кетті. 11 Ата-бабаларымыздың бастарынан кешкендері өзгелерге үлгі болып, бізге ескерту ретінде жазылып қалдырылды. Себебі осы заманның соңғы кезеңінде өмір сүрудеміз. 12 Сондықтан өзін «сенімімде берік тұрмын» деп санайтын әркім күнәға батудан сақ болсын! 13 Сендер әлі күнге дейін қатты сыналған жоқсыңдар, еліктірген жағдайлар әдетте адамдардың бастарына түсіп жүргендегідей ғана болып келді. Ал Құдай Өзінің уәдесіне берік: Ол төзімдеріңнен артық сыналуларыңа жол бермейді. Еліктірілген кездеріңде соған шыдауға күш-қуат беріп, құтылып шығудың лайықты жолымен қамтамасыз етеді. 14 Сондықтан, сүйікті бауырластарым, жалған тәңірлерге құлшылық етуден аулақ жүріңдер! 15 Енді айтатынымды парасаттылар ретінде пайымдап, ақылға салыңдар. 16 Біз Иеміздің құрбандығын еске алып «шүкірлік тостағанынан» ішкенде, Мәсіхтің төгілген қанының игілігінен үлес алғанымызды білдіреміз, солай емес пе? Нанды үзіп жегенде, құрбан болған Мәсіхтің денесінің игілігінен үлес алғанымызды білдіреміз емес пе? 17 Нан біреу болғандай, біз — көпшілік те біртұтас рухани денеміз. Себебі бәріміздің жейтініміз бір нан. 18 Исраил халқының ескі дәстүріне назар аударыңдар: құрбандықтан жегендер құрбандық үстелімен байланыста емес пе? 19 Осылай дегенде «расында тәңірлер бар, оларға арналған құрбандықтардың шынайы мәні де бар» деп айтпақпын ба? 20 Жоқ, олай емес. Алайда басқа ұлт адамдары сол құрбандықтарын Құдайға емес, жындарға бағыштайды. Ал сендердің жындармен байланыста болғандарыңды қаламаймын. 21 Иеміздің де, жындардың да тостағандарынан бірдей іше алмайсыңдар! Сол сияқты, Иеміздің және жындардың да дастарқандарына бірдей қатысуларыңа болмайды! 22 Әлде Иеміздің қызғанышын қоздырып, өзімізді Одан күштірекпіз деп ойлаймыз ба? 23 «Бәрін істеуге болады», — дейсіңдер. Бірақ бәрі бірдей тиімді емес. «Бәрін істеуге болады». — Бірақ бәрі бірдей сенімдеріңді жетілдірмейді. 24 Әркім жеке басының емес, басқаның мүддесін ойлауы керек. 25 Базарда сатылатын еттің бәрін құрбандыққа шалынғандығы жайлы еш сұрақ қоймай ар-ұждан алдында қысылмай-ақ, жеулеріңе болады. 26 Себебі «жер жүзі мен ондағының бәрі Жаратқандікі». 27 Сол сияқты, егер Құдайға сенбейтін біреу дәмге шақырып, онысын құп алсаңдар, онда еш сұрақ қоймай ар-ұждан алдында қысылмай-ақ, жей беріңдер. 28 Дегенмен, егер қайсыбіреу сендерге: «Бұл — бір тәңірге арналған құрбандықтың еті», — десе, осыны айтқан адамға бола әрі ар-ұжданға бола сол етті жемеңдер. 29 Мұнда сендердің емес, сол кісінің ар-ұжданын айтып тұрмын. Ал басқа біреудің ар-ұжданы менің еркіндігіме төрелік ете ала ма? 30 Мен шүкірлік етіп, дәм татсам, қалайша басқа біреу мені шүкірлік еткен тағамыма бола даттамақшы? 31 Басты қағида мынау: не ішіп-жесеңдер де, не істесеңдер де, бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер! 32 Яһудилердің де, басқа ұлт адамдарының да, Құдайдың қауымының да сенімдеріне нұқсан келтірмеңдер! 33 Мен де бәріне қай жағынан да ұнамды болуға тырысып, жеке басымның емес, көпшіліктің мүдделерін ойлаймын. Мұны олардың құтқарылуы үшін істеймін.



11

1 Менің Мәсіхтен үлгі алғанымдай, сендер де менен үлгі алыңдар! 2 Ұдайы мені ойлап, өздеріңе тапсырған ілімдерді дәл сол күйінде ұстанып жүргендерің үшін сендерді мақтаймын. 3 Енді мынаны да білулеріңді қалаймын: әрбір еркектің басы — Мәсіх, әйелдің басы — күйеуі, ал Мәсіхтің басы — Құдай. 4 Солай болғандықтан, ер адам Құдайға сиынған немесе Оның хабарын жеткізген кезде басын жапса, өз басын (яғни Мәсіхті) құрметтемегені. 5 Ал Құдайға сиынған немесе Оның хабарын жеткізген кезінде жалаң бас тұрған әйел өз басын (яғни күйеуін) құрметтемегені. Бұл, шашын тақырлап алып тастағанымен бірдей. 6 Себебі бір әйел басын жапқысы келмесе, онда неге шашын қиып тастамасқа? Ал егер әйелдің шашын қиып немесе басын тақырлап тастағаны ұят болса, онда ол басын жапсын. 7 Сонымен ер адам басын жаппау керек: ол Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылып, Оның ұлылығын бейнелейді. Әйел болса, күйеуінің ұлылығын бейнелейді. 8 Себебі еркек әйелден емес, қайта, алғашқы әйел еркектің сүйегінен жасалды. 9 Сондай-ақ еркек әйелге бола емес, әйел еркекке бола жаратылды. 10 Сондықтан әйел өкілеттігінің белгісі ретінде басын жауып, періштелер назар аударатын тәртіпті сақтауы керек. 11 Дегенмен Иемізбен байланысымызда әйел еркектен, еркек әйелден тәуелсіз емес. 12 Алғашқы әйел еркектің сүйегінен жаратылса да, еркек әйелден туады, ал екеуін де жаратқан — Құдай. 13 Өздерің пайымдап, ақылға салыңдаршы: әйелдің басын жаппай Құдайға сиынуы әдепке жата ма? 14 Табиғи түйсіктеріңнің өзі сендерді ұзын шаш еркек үшін ұят екенін үйретпей ме? 15 Ал әйел үшін шашын өсіру оның мақтанышы емес пе? Ұзын шашы әйелге басын жабатын жамылғы ретінде берілген. 16 Егер де біреу бұл туралы айтысқысы келсе, бізде де, Құдайдың өзге қауымдарында да мұндай салт жоқ. 17 Төмендегі нұсқауларымда сендерді мақтай алмаймын, себебі жиындарыңның пайдасынан гөрі зияны көп. 18 Біріншіден, араларыңда жікке бөлінудің бар екені туралы хабар алдым, бұның ішінара болса да рас екеніне сенемін! 19 Ал сендердің қайсыларыңның сенімді екендіктеріңді анықтау үшін пікір алалығы да қажет. 20 Алайда сендер жиналған кезде шын мәнінде Иеміздің асын жемейді екенсіңдер. 21 Әркім өзінің тамағын басқалардан бұрын ішуге асығып, қайсыбіреу аш қалып, басқасы мас болады екен. 22 Ішіп-жеуге өз үйлерің бар емес пе? Немесе Құдайдың қауымын менсінбей, түгі жоқтарды ұятқа қалдырғыларың келе ме? Енді сендерге не десем екен? Осы үшін мақтайын ба? Әрине, мақтамаймын! 23 Мынаны мен Иеміздің Өзінен қабылдап, сендерге де айтып тапсырдым: Иеміз Иса ұсталып берілер түні нанды алып, 24 шүкірлік етті де, үзіп беріп, былай деді: «Бұл — сендер үшін құрбан болмақ денем. Мені естеріңе түсіру үшін осылай істеңдер!» 25 Сондай-ақ, кешкі астан кейін тостағанды да алып: «Мына тостаған — төгілмек қаныммен бекітілетін Жаңа келісім. Одан ішкен сайын Мені естеріңе түсіру үшін осылай істеңдер!» — деді. 26 Сендер осылай нан жеп, тостағаннан ішкен сайын, Иеміз қайтып келгенше, Оның құрбандық өлімін жариялай бересіңдер. 27 Сондықтан, кімде-кім лайықсыз түрде Иеміздің нанын жеп, тостағанынан ішсе, сол Иеміздің денесі мен қанына қарсы күнә жасайды. 28 Әркім нанды жеп, тостағаннан ішпес бұрын өзін сынасын; 29 егер лайықсыз түрде нан жеп, тостағаннан ішіп, Иеміздің денесіне тиісті құрмет көрсетпесе, онда ол өзіне Құдайдың үкімін шығартады. 30 Сондықтан да сендердің көбің әлсіз де аурусыңдар, біразың қайтыс болдыңдар. 31 Егер алдымен өзімізді-өзіміз сынасақ, Құдайдың жазасына ілікпес едік. 32 Ал бізге күнәкар дүниемен бірге қияметте үкім шығармас үшін Тәңір Иеміз бізді қазірдің өзінде тексеріп, жазалауда. 33 Сонымен, бауырластар, Иеміздің асына бас қосқанда бәрі жиналғанша күтіңдер! 34 Кімнің қарны ашса, сол үйінен тамақтанып келсін, әйтпесе жиналғанда Құдайдың жазасына ілігіп қаласыңдар. Ал басқа нәрселер туралы өздеріңе барған кезімде нұсқау бермекпін.



12

1 Енді рухани дарындарға тоқталайын, қымбатты бауырластар, сендердің бұларды дұрыс түсінбегендеріңді қаламаймын. 2 Өздерің білесіңдер: әлі де Құдайға мойынсұнбаған кездеріңде сендерді біреу жетелегендей, үндемейтін «тәңір» бейнелеріне құлшылық етудің әр түрлі жолдарымен азғырылдыңдар. 3 Сондықтан сендерге айтамын: Құдайдың Рухына кенелген ешбір адам «Исаны қарғыс атсын» дей алмайды, әрі Киелі Рухтың жетелеуінсіз ешкім де «Иса — Жаратқан Ие» деп шын жүректен мойындай алмайды. 4 Алуан түрлі дарындар бар, бірақ оларды сыйлайтын Киелі Рух Біреу-ақ. 5 Түрлі қызметтер де бар, ал біздің қызмет ететін Тәңір Иеміз Біреу. 6 Әрекеттер де алуан түрлі, бірақ олар арқылы сендердің барлығыңда әрекет ететін Құдай Біреу. 7 Ол өз Рухының өмірлеріңде бар екенін әрқайсыңа бәрінің игілігі үшін көрсетеді. 8 Кейбіреуге Киелі Рухтан даналық сөз, ал басқасына дәл сол Рухтан білімге толы сөз беріледі. 9 Киелі Рух кейбіреуге ерекше сенім дарытса, сол Рух тағы біреуге сауықтыру дарынын береді. 10 Ол біреуге кереметтер жасауды, өзгесіне Құдайдың хабарын жеткізуді, ал басқа біреуіне рухтардың түрлерін ажырата білуді, келесіге түрлі бөтен тілдерде сөйлеуді, ал тағы біреуге соларды түсіндіруді сыйлайды. 11 Бұлардың бәрін де дәл сол Киелі Рух істейді. Ол дарындарды Өзінің қалауынша әркімге жекелеп үлестіріп береді. 12 Көптеген мүшелері болса да адамның денесі біреу, әрі мүшелері қаншама көп болғанмен тұтас бір денені құрайды: Мәсіхтің рухани денесімен де дәл солай. 13 Себебі яһуди не басқа ұлттың адамы, құл немесе ерікті болайық, бәріміз бір Киелі Рух арқылы біртұтас рухани денеге енгізілдік. Барлығымыз да сол бір Киелі Рухқа кенелдік. 14 Дене бір ғана емес, көп мүшелерден тұрады. 15 Егер аяқ: «мен қол еместіктен денеге жатпаймын» десе, ол бәрібір оған жатпай ма? 16 Әлде құлақ: «мен көз еместіктен дененің мүшесі емеспін» десе, ол бәрібір сондай емес пе? 17 Егер бүкіл дене көз болса, онда ол қалай ести алар еді? Яки бүкіл дене есту сезімінен тұрса, қалай иіс сезе алар еді? 18 Іс жүзінде Құдай дене мүшелерінің әрқайсысын Өзінің қалауы бойынша орналастырған. 19 Барлығы бір-ақ мүше болса, дене болмас еді. 20 Шынында көп мүшелері бар, бірақ дене біреу. 21 Сондықтан көз қолға: «Маған керегің жоқ» дей алмайды; бастың да аяққа: «Маған қажетсізсің» деуі мүмкін емес. 22 Керісінше, дененің әлсіздеу болып көрінетін мүшелері өте қажет. 23 Азырақ құрметті деп санаған мүшелерімізді көбірек қамқорлап, 24 көріксіз мүшелерімізді ерекше назармен жауып қоямыз. Ал көріктілеріне соның қажеті де жоқ. Осылай Құдай денені құрметі аздау мүшелерін көбірек қамқорлайтындай етіп құрастырды. 25 Ондағы мақсаты: денеде жікке бөліну болмай, бүкіл мүшелері өзара бірдей қамқорлық көрсетсін дегені. 26 Сондықтан бір мүше ауырса, бәрі бірге ауырады, бір мүше дәріптелсе, соған барлығы да қуанады. 27 Сонымен сендер бірігіп Мәсіхтің рухани денесі, ал жеке дара оның бір мүшесісіңдер. 28 Құдай қауымда кейбіреулерді, біріншіден, елшілер, екіншіден, Өзінің хабарын жеткізушілер, үшіншіден, тәлім берушілер етіп қойды; Ол, сондай-ақ, кейбіреулерге кереметтер жасайтын құдірет, әрі ауруларды сауықтыратын, көмек көрсететін, ұйымдастырып басқаратын және түрлі бөтен тілдерде сөйлейтін дарындар да сыйлады. 29 Бәрі бірдей елші, Құдайдың хабарын жеткізуші, тәлім беруші немесе керемет істер жасаушы ма? 30 Барлығының ауруларды сауықтыратын дарыны бар ма? Бәрі де бөтен тілдерде сөйлеп, немесе айтылғандарды түсіндіріп жүр ме? Жоқ. 31 Ал сендер бәрің де ең пайдалы дарындарға ие болуға ұмтылыңдар! Енді мен барлығынан да асып түсетін жолды көрсетемін:



13

1 Егер мен адам тілдері мен періште тілдерінде сөйлей білсем, бірақ сүйіспеншілігім болмаса, онда сыңғырлаған қоңырау мен шылдырлаған асатаяқ сияқты боламын. 2 Егерде Құдайдың хабарын жеткізіп, күллі құпияларды біліп, барлық білімді иемденіп, тау қозғайтындай зор сенімге кенелсем, алайда сүйіспеншілігім болмаса, түкке де тұрмаймын. 3 Егер тіпті барлық мал-мүлкімді бейшараларға үлестіріп беріп, жанымды құрбан етіп, тәнімді отқа жағуға қисам, бірақ сүйіспеншілігім болмаса, бұдан да маған келер пайда жоқ. 4 Сүйіспеншілік шыдамды да мейірімді, Ол еш қызғанбайды, мақтанбайды, паңданбайды. 5 Сүйіспеншілік не жүгенсіз, Не өзімшіл, не ашушаң емес, Ол кек те сақтамайды. 6 Сүйіспеншілік әділетсіздікті құптамайды, Қайта, ақиқатқа қуанады. 7 Ол әрдайым қорған болып, ұдайы сенеді, Үмітін еш үзбей, бәріне де шыдайды. 8 Сүйіспеншілік ешқашан да сарқылмайды. Құдайдың хабарын жеткізу тоқталар, Бөтен тілдер сарқылар, Білім дарыны да тоқталар. 9 Себебі біліміміз тапшылау, Құдайдың хабарын жеткізуіміз де шектеулі. 10 Ал жетілгендік келген кезде Шектеулінің барлығы тоқталады. 11 Бала кезімде балаша сөйлеп, Балаша ойлап, балаша пайымдадым. Ер жеткеннен кейін Балалық қасиеттерден қол үздім. 12 Сол сияқты, қазір көргеніміз Айнадағы көмескі бейне іспетті, Ал болашақта бетпе-бет көретін боламыз. Қазіргі білетінім тек қана шектеулі. Алайда Құдайдың өзімді толық білетіні секілді, Мен де сол кезде бәрін толық білетін боламын. 13 Сонымен сенім, үміт, сүйіспеншілік — Осы үшеуі мәңгі қалады. Ал солардың ең бастысы сүйіспеншілік болады.



14

1 Сүйіспеншіліктің жолын қуыңдар! Рухани дарындарға, әсіресе Құдайдың хабарын жеткізу дарынына, ие болуға ұмтылыңдар! 2 Бөтен тілде сөйлейтін кісі адамдарға емес, Құдайға арнап сөйлеп, ешкім оны түсінбейді. Ол өз рухымен құпияларды айтады. 3 Ал Құдайдың хабарын жеткізуші адамдарға арнап сөйлеп, оларды нығайтып, жігерлендіріп, жұбатады. 4 Кім бөтен тілде сөйлесе, сол өз сенімін нығайтады, ал кім Құдайдың хабарын уағыздаса, сол қауымды нығайтады. 5 Мен сендердің бәріңнің де бөтен тілдерде сөйлегендеріңді, бірақ одан гөрі Құдайдың хабарын уағыздағандарыңды қалар едім. Сол жерде бөтен тілде айтылғандарды түсіндіріп, осылай қауымның нығаюына көмегін тигізетін біреу болмаса, онда бөтен тілде сөйлейтіннен гөрі Құдайдың хабарын жеткізушінің пайдасы әлдеқайда зор. 6 Бауырластарым, мен сендерге келіп, алдарыңда бөтен тілде сөйлей берсем, бірақ не Құдай ашқан құпия, не білім, не Құдайдың хабары, не тәлім арқылы түсінік бермесем, онда сендерге менен қандай пайда? 7 Мысалы, жансыз күй аспаптары — сыбызғы не жетіген анық дыбыс шығармаса, қандай күйдің ойналғанын қайдан білеміз? 8 Егер керней белгілі әуенді тартпаса, кім шайқасқа дайындалмақ? 9 Дәл сол сияқты, сендер өз тілдеріңде Құдайдың хабарын түсінікті қылып айтпасаңдар, тыңдаушылар не туралы айтқандарыңды қайдан білмек? Сөздеріңнің желмен ұшып кеткені ғой. 10 Дүниеде қаншама көп тілдер бар, ал олардың ешқайсысы да мәнсіз емес. 11 Бірақ егер бөтен тілдің мағынасын білмесем, онда мен оны сөйлеген адам үшін, ал ол мен үшін жат жерліктей болып сөйлесе алмаймыз. 12 Сендермен де сол сияқты болып тұр: Киелі Рухтың дарындарына ие болуға ұмтылудасыңдар. Ендеше қауымды рухани жетілдіретін дарындарды бәрінен көбірек пайдаланыңдар! 13 Сол себепті бөтен тілде сөйлейтін адам соны түсіндіретін дарынды да Құдайдан сұрасын! 14 Егер Оған бөтен тілде сиынсам, онда рухым сиынғанмен, ақыл-санам бұған қатыса алмайды. 15 Сонда не істеуіміз керек? Мен рухыммен де, санаммен де Құдайға сиынамын, рухыммен де, санаммен де мадақтау жырларын айтамын. 16 Ал егер рухыңмен ғана шүкірлік етсең, онда соны ұғынбайтындардың орнында отырған кез келген кісі ризашылық білдіргеніңді «аумин» деп қуаттай алмайды. Себебі ол не айтып тұрғаныңды ұқпайды. 17 Сен қаншама жақсы ризашылық білдірсең де, әлгі адамның рухани жетілуіне көмектеспейсің. 18 Мен өзім бөтен тілде сендердің әрқайсыңнан да көбірек сөйлеймін, бұл үшін Құдайыма шүкірлік етемін. 19 Алайда мен қауымның алдында бөтен тілде он мың сөз айтқанша, санаммен тәлім беретін бес сөз айтуды қалаймын. 20 Бауырластарым, ақыл тоқтатпаған баладай болмаңдар! Жамандық істеуге келгенде, сәбидей кінәратсыз, бірақ ұғынуға келгенде ересектей кемелді болыңдар! 21 Киелі жазбада Жаратқан Иенің мынадай сөздері бар: Осы халыққа арнап бөтен тілдерде сөйлетіп, жат жерліктердің тілдерімен үн қатамын. Бірақ бұлай да олар Мені тыңдамайтын болады! 22 Сонымен, бөтен тілде сөйлеу сенушілерге емес, сенбейтіндерге Құдайдың құдіретін көрсетеді. Ал Оның хабарын жеткізу сенбейтіндерге емес, сенушілерге көмектесу үшін берілді. 23 Мысалы, егер бүкіл қауым бас қосып, бәрі бөтен тілдерде сөйлегенде, мұны ұғынбайтындар немесе сенбейтіндер сол жерге келсе, олар сендерді естері ауысыпты демей ме? 24 Бірақ жиналғандардың барлығы Құдайдың хабарларын жеткізген кезде сенбейтін не ұғынбайтын біреу кірсе, бәрінен естіп тұрғаны оның күнәсін әшкерелеп, тергейді, 25 әрі жүрек түкпіріндегі құпиялары ашылады. Сонда ол Құдай алдында бас ұра ғибадат етіп: «Шынымен араларыңда Құдай бар!» деп мойындайтын болады. 26 Бауырластарым, сонда не? Сендер жиналғанда әрқайсың бір рухани жыр, тәлім немесе Құдай ашып білдірген құпияны айтып бересіңдер, біреуің бөтен тілде сөйлеп, біреуің соның мәнін түсіндіресіңдер: бәрі де қауымның жетілуі үшін пайдалы болсын. 27 Бөтен тілде сөйлейтіндер болса, екеуі, көп дегенде үшеуі ғана және бірінен соң бірі сөйлеп, айтқандарын біреу түсіндірсін; 28 егер түсіндіретін ешкім болмаса, онда олар қауымда үндемей, іштей ғана Құдайға арнап сөйлесін! 29 Екі не үш кісің Құдайдың хабарын жеткізіп, басқаларың айтылғандарды ақылға салып, пайымдаңдар. 30 Егер осы жерде отырған тағы біреуге Құдай бір құпияны ашып білдірсе, онда алғаш сөйлеуші үндемей қалуы керек. 31 Бәрің біріңнен соң бірің Құдайдың хабарларын жеткізулеріңе болады. Осылай барлығың да тәлім, жұбаныш және жігер аласыңдар. 32 Құдайдың хабарларын жеткізетіндердің рухтары оларға бағынады. 33 Себебі Құдай тәртіпсіздікті емес, тыныштық пен татулықты қалайды. Құдайға бағышталған халықтың барлық қауымдарындағы әдет осындай. 34 Қауым жиналыстарында әйелдерің үндемесін, оларға сөйлеуге рұқсат етілмеген. Заңда да айтылғандай, олар басшылық етпесін. 35 Бір нәрсе туралы сұрағылары келсе, үйде күйеулеріне сауал қойсын. Өйткені әйелдердің қауымда сөйлеулері ұят. 36 Егер келіспесеңдер, Құдай сөзі өздеріңнен шықты деп ойлайсыңдар ма? Ол тек сендерге ғана келіп пе еді? 37 Біреу Құдайдың хабарын жеткізушімін немесе Киелі Рухқа кенелдім деп ойласа, менің жазып отырғанымды Иеміздің өсиеті деп ұғынсын. 38 Кім мұны мойындамаса, оның өзі де мойындалмасын. 39 Сонымен, бауырластар, Құдайдың хабарын жеткізуге талпыныңдар, әрі бөтен тілдерде сөйлеуге тыйым салмаңдар. 40 Тек бәрінде әдеп пен тәртіп сақталсын!



15

1 Ал енді, бауырластар, мен сендерге уағыздаған Ізгі хабарды тағы да естеріңе салғым келеді. Сендер оны қабылдап, сенімдерің нығайып келді. 2 Егер оны дәл мен уағыздағандай берік ұстансаңдар, осы Ізгі хабар арқылы құтқарыласыңдар; әйтпесе оған бекерге сенгендерің. 3 Менің қабылдап алып, сендерге жеткізген ең басты хабарым мынау болды: Киелі жазбаларда алдын ала айтылғандай, Мәсіх біздің күнәларымыздың құнын өтеу үшін жанын құрбан етті. 4 Осы жазбалардың тағы алдын ала айтып кеткеніндей, Мәсіх қабірге қойылып, үшінші күні қайта тірілді. 5 Ол Кефаға (яғни Петірге), содан кейін он екі елшінің бәріне көрінді. 6 Мұнан соң Оны бес жүзден аса бауырластарымыз да бір мезгілде өз көздерімен көрді: олардың көпшілігі әлі тірі, біразы ғана қайтыс болды. 7 Содан кейін Мәсіх Жақыпқа, сондай-ақ барлық елшілеріне көрінді. 8 Бәрінен кейін, дер кезінде жаңа өмірге дайын болмаған мен де Мәсіхті өз көзіммен көрдім. 9 Елшілердің ішіндегі ең лайықсызымын, елші деп аталуға да тұрмаймын, себебі мен Құдайдың қауымын қуғындадым. 10 Бірақ та Құдайдың рақымымен қазір қандай болсам, сондай болдым. Оның рақымы бойымда бекер болған да емес. Қайта, басқалардың барлығынан көп еңбек еттім, ал шын мәнісінде мен өзім емес, маған жар болған Құдайдың рақымы еңбектенді. 11 Мен бе, әлде өзгелер ме, бәрібір, біз жариялаған, сендер сенген Ізгі хабар — осы. 12 Осылай Мәсіхтің өліп, қайта тірілгені жарияланып жатқанда, қайсыбіреулерің қалайша «өлгендердің қайта тірілуі жоқ» дей аласыңдар? 13 Егер өлгендердің қайта тірілуі жоқ болса, онда Мәсіх те қайта тіріле алмас еді. 14 Ал егер Мәсіх қайта тірілмеген болса, онда біздің жариялауымыз да, сендердің сенімдерің де бекер болғаны. 15 Бұған қоса біздер Құдай туралы «Ол Мәсіхті тірілтіп алды» деп жалған куәлік келтіргендер ретінде әшкереленген болар едік! Себебі өлгендер шынымен тірілмейтін болса, Құдайдың Мәсіхті де қайта тірілтпегені: 16 ешқандай қайта тірілу болмағанда Мәсіх те қайта тірілмес еді ғой. 17 Ал егер Мәсіх тірілмеген болса, сенімдеріңнен еш пайда болмай, күнәларың әлі де мойындарыңда қала берер еді. 18 Сондай-ақ, Мәсіхке сеніп қайтыс болғандар тозаққа түсер еді. 19 Егерде Мәсіхке тек бұ дүниедегі өмір үшін ғана үміт артсақ, онда біз барлық адамдардың ішіндегі ең байғұс-бейшаралары болар едік. 20 Алайда өлгендердің алғашқысы ретінде Мәсіх өлімнен біржола қайта тірілді! 21 Бір адам арқылы өлім дүниеге келді, сол сияқты бір Адам арқылы өлгендер қайта тіріледі: 22 яғни Адам атамен байланыстағылардың бәрі өлуге тиіс болғанындай, Мәсіхпен байланыстағылардың бәрі де тіріледі. 23 Барлығы өз кезегімен: алғашқысы ретінде Мәсіх тірілді. Ал кейін, Ол қайтып келгенде, Оның қарамағындағы адамдар да тіріледі. 24 Мұнан соң бәрінің ақыры болады: Мәсіх қарсы тұратын күллі билік пен күш атаулыны жойып жіберіп, өз Патшалығын Құдай Әкесіне тапсырады. 25 Құдай «барлық жауларын Оның табанының астына салып бергенше», Мәсіх билік жүргізуге тиіс. 26 Жойылатын соңғы жау — өлім. 27 Себебі Тәңір Иеміз «бәрін де Оған бағындырып берді». Ал осы «бәрі» дегеніміз Құдай Әкені қамтымайды, бұл анық. Бәрін Мәсіхке бағындырып берген Оның Өзі ғой. 28 Сол кезде Құдайдың рухани Ұлы да әлемді Өзіне бағындырып берген Әкесіне мойынсұнады. Осылай Құдай бүкіл әлемге толықтай билік жүргізетін болады. 29 Әйтпесе, егерде өлімнен қайта тірілу болмаса, өлгендердің орнын басып шомылдыру рәсімінен өткендер не істемек? Егер өлгендер мүлдем тірілмесе, кісілер неге орындарын басып сол рәсімнен өтеді? 30 Біз де неге сағат сайын басымызды қауіп-қатерге тігеміз? 31 Мен күн сайын өліммен бетпе-бет келемін. Бұл — нағыз шындық, бауырластарым, Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы өмірлеріңді мақтан тұтатын мен осыны айтамын. 32 Егерде Ефес қаласында жабайы аңдармен тек пенделік ниетпен ғана күрескен болсам, одан маған қандай пайда түсер еді? Егер шынымен өлімнен қайта тірілу жоқ болса, онда «ішіп-жеп тойып алайық, ертең бәрібір өліп қалармыз». 33 Мұндайды айтқандарға алданып қалмаңдар! «Араммен араласып жүрген жан Айырылар адал салтынан» делінген. 34 Дұрыстап ақылға келіңдер: күнә жасауды доғарыңдар! Кейбіреулерің Құдайды әлі де танымайсыңдар. Мұны сендер ұялсын деп айтып отырмын. 35 Әлдебіреуің: «Өлгендер қалайша қайта тіріледі, тірілген денелері қандай болмақ?» — дерсіңдер. 36 Не деген түйсіксіздік! Жерге еккен дәнің көктеп, жаңа өмір шығарғанда өзі жойылады. 37 Сенің еккенің — кейін өсіп шығатын тұтас өсімдік емес, жай ғана тұқым, мысалы, бидайдың не басқа дақылдың дәні. 38 Ал Құдай өз қалауынша әрбір тұқымды түріне қарай өзіндік денемен қамтамасыз етеді. 39 Денелердің бәрі бірдей емес: адамның, малдың, құстың, балықтың денелері бір-бірінен өзгеше. 40 Жердегіден басқа аспандағылардың да денелері бар, бұлардың сұлулығы мен салтанаты жердегілердікінен өзгеше. 41 Күннің, айдың, жұлдыздардың өзіндік сұлулығы мен салтанаты бар, тіпті жұлдыздар сәуле мен салтанат жағынан бір-бірінен өзгеше. 42 Өлгендердің қайта тірілуі де осындай болады: топыраққа көмілген дене шіріп кетеді, ал қайта тірілгені мәңгі шірімейді. 43 Жерленіп, дене қор болады, ал кейін салтанатпен тіріледі. Әлсіз тән жерленеді, күшті болып қайта тіріледі. 44 Жерленгені — табиғи, тәндік дене болса, тірілгені — табиғаттан тыс, «рухани» дене. Тәндік дененің бар екендігі сияқты, «рухани» дене де болуға тиіс. 45 Тауратта осылай деп жазылған: Алғашқы адам — Адам ата «осылай тірі жан болып шыға келді», ал «Соңғы Адам» (Мәсіх) — мәңгілік өмір беретін Рух. 46 Алдымен рухани емес, тәндік дене болды, «рухани» дене кейінірек пайда болады. 47 Топырақтан жаратылған алғашқы адам бұ дүниеден, ал «Екінші Адам» (Мәсіх) көктен келді. 48 Бұ дүниелік адамдар топырақтан жаратылған Адам атаға ұқсас, ал көктен жаңа өмір алғандар көктен келген Мәсіхке ұқсас. 49 Демек, қазір біз топырақтан жаратылғанның кейпінде болғанымыздай, сол кезде көктен келген Мәсіхтің кейпіне ие боламыз. 50 Менің айтпағым мынау, бауырластар: ет пен қаннан тұратын тәндік дене Құдайдың мәңгілік Патшалығына кіре алмайды: шіріп кететін тәндеріміз мәңгі өмір сүре алмайды. 51 Сендерге мына құпияны айтайын: бәріміз бірдей өлмейміз, бірақ бәріміз түгелдей өзгереміз. 52 Бұл кенеттен, қас қағым сәтте, соңғы керней тартылған шақта іске асады. Сонда кернейдің үні естіліп, өлгендеріміз қайта тіріліп, біз де түгелдей өзгереміз. 53 Өйткені қазіргі құрып шіритін тәндеріміз ешқашан жойылмайтын денелермен алмасуға тиіс. 54 Бұл жүзеге асып, құритын нәрселер мәңгілік нәрселермен алмасқан шақта Пайғамбарлар жазбаларындағы мынадай уәделер орындалады: Өлім жеңіліп, біржола жоқ болады. 55 Өлім, қайда сенің жеңісің? О дүние, қайда улы тісің? 56 Өлім тудыратын «улы тіс» — күнә, ал күнә өз күшін заңнан алады. 57 Құдайға шүкірлік етейік! Ол бізге Иеміз Иса Мәсіх арқылы жеңісті сыйлайды. 58 Сонымен, сүйікті бауырластарым, табанды болып, сенімдеріңнен айнымай, Иеміздің ісін әрдайым молынан істей беріңдер! Өйткені Иемізбен жүріп атқарған еңбектеріңнің бекер еместігін біліп алдыңдар.



16

1 Енді Құдайдың мұқтаждық көріп жүрген (Яһудеядағы) халқына көмек жинау туралы: Ғалатия өлкесіндегі қауымдарға берген нұсқауларыма сай әрекет жасаңдар. 2 Жексенбі сайын әрқайсыларың жағдайларыңа қарай қолдағы қаражаттарыңнан бөлектеп, сақтап қойыңдар. Осылайша мен сендерге барған уақытта оларды жинаудың қажеті болмайды. 3 Сол кезде өздерің сәлемдемелеріңді апару үшін таңдап алған адамдарыңа сенімхаттарымды беріп, оларды Иерусалимге шығарып саламын. 4 Егер өзімнің де баруым жөн болса, онда бірге барармыз. 5 Мен сендерге Македония арқылы сапар шегіп келмекпін. Себебі сол өлкемен өтетін ойым бар. 6 Ал сендерде біраз тоқтап, тіпті қыстап та қалуым мүмкін. Осылай қай жаққа сапарымды жалғастырсам, мені жолға шығарып сала аласыңдар. 7 Себебі қазір жолай соққым келмейді; Иеміз қаласа, біраз уақыт өздеріңмен бірге болсам деп үміттенемін. 8 Алғашқы өнім мейрамына дейін Ефес қаласында болмақпын. 9 Өйткені осында өнімді еңбек етуіме есік айқара ашық, ал қарсыластарым да аз емес. 10 Тімоте сендерге келіп жатса, оның араларыңда алаңсыз жүруіне көңіл бөліңдер. Тімоте де мен сияқты Иеміздің ісімен айналысуда. 11 Ешқайсың оны елемей жүрмеңдер, аман-есен жолға шығарып салып, маған қайтып келуіне жағдай жасасаңдар екен. Тімотенің өзге бауырластарымызбен бірге қайта оралуын күтудемін. 12 Ал бауырласымыз Аполлос болса, оны сендерге баратын бауырластарға ілессін деп әлденеше рет жігерлендірдім, бірақ бұл жолы оның барғысы келген жоқ; сәті түскенде барар. 13 Сақ болыңдар, сенімдеріңде берік, ер жүрек әрі күшті тұрыңдар! 14 Бәрін де сүйіспеншілікпен істеңдер! 15 Степан мен оның үй ішін білесіңдер, олар Ахаядағы алғашқы сенушілер арасында болып, өздерін Құдайдың халқына қызмет етуге бағыштап келеді. Бауырластар, сендерден өтінемін: 16 осындай адамдардың және олармен істес болып, қажырлы еңбек етіп жүргендердің жетегіне сендер де еріңдер. 17 Степан, Фортунат және Ахайықтың келгендеріне қатты қуанып қалдым. Олар сендердің жоқ екендіктеріңнің орнын толтырып, 18 мені де, өздеріңді де рухтандырды. Мұндай адамдар шынында да қадірленуге лайық. 19 Азия өлкесіндегі қауымдар сендерге сәлем жолдайды. Ақила мен Прискила және олардың үйінде жиналатын қауымнан Иемізбен жүрген сендерге дұғай сәлем. 20 Мұндағы барлық бауырластар да сәлем айтуда. Шын жүректен бір-біріңе сүйіспеншіліктеріңді білдіріп, сәлемімізді жеткізіңдер. 21 Енді мен, Пауыл, сәлемімді өз қолыммен жазып отырмын. 22 Иемізді сүймейтін әркімді Құдайдың қарғысы атпақ. Иеміз, келе гөр! 23 Сендерге Иеміз Иса Мәсіх жар болып, рақымын жаудыра көрсін! 24 Менің сүйіспеншілігім Мәсіх Исамен байланысқан бәріңмен бірге. (Аумин.)



AMAZING GRACE BIBLE INSTITUTE