Жохан жазған Ізгі хабар


1

1 Әуел баста Сөз болатын, Сөз Құдайда болатын, Сөз Құдай еді. 2 Сөз әуелден-ақ Құдайда болатын. 3 Құдай бәрін Сөз арқылы жаратқан, жаратылған ештеңе де Онсыз пайда болмаған. 4 Сөз өмірдің бастауы болған. Сол өмір адамзат үшін Нұр еді. 5 Нұр түнекте жарқырайды, ал түнек Нұрды жеңе алған емес. 6 Құдай жіберген Жақия есімді адам болды. 7 Жақия Нұрдың куәсі болып, барлық адамдарды өзінің куәлігі арқылы Нұрға сендіру үшін келді. 8 Жақияның өзі Нұр емес еді, ол Нұр туралы хабарлау үшін келген болатын. 9 Әр адамға сәулесін түсіретін шынайы Нұр бұл дүниеге келе жатты. 10 Ол бұл дүниеде бар еді, бірақ әлемді жаратқан Сол болса да, адамдар Оны таныған жоқ. 11 Өзі таңдап алған халқына келгенімен, олар Оны қабылдамады. 12 Бірақ Оны қабылдап, Оған сенім артқандардың бәрін Ол Құдайдың рухани балалары болуға құқықты етті. 13 Бұлар табиғи жолмен, пенденің қалауы бойынша бұл дүниеге келгендіктен емес, Құдай оларға шынайы өмір бергендіктен ғана Оның рухани балалары болды. 14 Сөз адамға айналып, арамызда өмір сүрді. Сонда біз Әкенің жалғыз рухани Ұлының асқан ұлылығын көрдік: Ол рақымдылық пен шындыққа толы еді. 15 Жақия пайғамбар Ол туралы дауыстап куәлік етіп: — Менен кейін Келе Жатқанның жолы менен үлкен, өйткені Ол мен тумастан бұрын бар болатын деген Кісім Осы, — деді. 16 Оның шексіз рақымынан бәріміз молынан жарылқанып келеміз. 17 Құдай ата-бабаларымызға Таурат заңын Мұса пайғамбар арқылы берді, ал рақым мен шындық бізге Иса Мәсіх арқылы жетті. 18 Құдайды ешкім ешқашан көзімен көрген емес. Әкесімен тығыз байланыстағы жалғыз рухани Ұлы бізге Оны жақыннан танытты. 19 Жақия былай деп куәлік берген еді: яһудилердің басшылары діни қызметкерлер мен леуілік көмекшілерді Иерусалим қаласынан Жақияға жіберіп, «Сен кімсің?» — деп сұратты. Сонда ол жауап беруден бас тартпай: 20 — Мен (Құдай жіберемін деп уәде берген Құтқарушы) Мәсіх емеспін, — деп ашық айтты. 21 Олар: — Онда сен кімсің? (Мәсіхтен бұрын қайтып келуге тиісті) Ілияс пайғамбарсың ба? — деп сұрады. Жақия: — Жоқ, ол емеспін, — деді. — Мүмкін, сен (Мұса Құдай жібереді деген) пайғамбар шығарсың? — Жақия: — Жоқ, — деп жауап қатты. 22 Олар: — Бізді жібергендерге жауап беруіміз үшін кім екеніңді айтшы! Өзің туралы не дейсің? — деп сұрады. 23 Жақия: — Ишая пайғамбар «Жар салған дауыс шығады айдалада: Жаратқан Иеге түзу қылып даңғыл жолды салыңдар!» деп алдын ала айтып кеткен болатын. Жар салған сол хабаршы менмін, — деп жауап қайырды. 24 Сонда парызшылдар тобынан жіберілген кісілер де болды. 25 Олар Жақияға сұрақ қойып: — Егер сен не Мәсіх, не Ілияс, не келуге тиісті пайғамбар болмасаң, неліктен адамдарды (Құдай жолына түсіріп) суға шомылдыру рәсімінен өткізесің? — деді. 26 Жақия оларға: — Мен тек суға шомылдыру рәсімін ғана орындаймын. Ал араларыңда сендер танымайтын Біреу тұр. 27 Ол менен кейін келе жатыр, бірақ мен Оның құлы болып кебісін әперуге де тұрмаймын, — деп жауап берді. 28 Бұл оқиға Жақия шомылдыру рәсімін орындап жүрген Иордан өзенінің шығысындағы Бетанияда болды. 29 Келесі күні Жақия өзіне қарай келе жатқан Исаны көріп: — Қараңдар, Мынау — Құдайдың құрбандыққа жіберген «Тоқтысы»! Ол адамзаттың күнәсін өз мойнына артып, сол үшін жанын қияды. 30 «Менен кейін Біреу келе жатыр, Оның жолы менен үлкен, өйткені Ол мен тумастан бұрын бар болатын» дегенімде, Сол туралы айтқан едім. 31 Бұрын мен де Оның шынымен кім екенін білмейтін едім. Бірақ Оны Исраил халқына таныстырып, адамдарды шомылдыру рәсімінен өткізу үшін осы жерге келдім, — деді. 32 Содан кейін Жақия куәлік етіп: — Мен Киелі Рухтың көгершін бейнесінде көктен түсіп, Исаға қонғанын көрдім. 33 Исаны бұрын шынымен танымайтын едім. Бірақ мені шомылдыру рәсімін орындауға жіберген Құдай маған: «Сен Киелі Рухтың Біреуге қонғанын көргенде, Киелі Рухқа Шомылдырушының Соның Өзі екенін білесің» деген болатын. 34 Мен Киелі Рухтың Исаға қонғанын көріп, Оның Құдайдың рухани Ұлы екеніне куәгер болдым, — деді. 35 Келесі күні Жақия мен оның екі шәкірті тағы сол жерде тұрды. 36 Ол қастарынан өтіп бара жатқан Исаны көріп: «Қараңдар, Мынау — Құдайдың құрбандыққа жіберген Тоқтысы!» — деді. 37 Екі шәкірті Жақияның айтқанын естіп, Исаның соңынан ере бастады. 38 Иса бұрылып, олардың Өзіне ергенін көріп: — Сендер не іздеп жүрсіңдер? — деді. Олар Исадан: — Раббы! — арамей тіліндегі мағынасы «Ұстаз!» — Сіз қайда тұрып жатырсыз? — деп сұрады. 39 Иса: — Келіңдер де көріңдер! — деді. Олар келіп, Исаның тұрған жерін көрді де, сол күні Онымен бірге болды. Уақыт түстен кейінгі сағат төрттің шамасы еді. 40 Жақиядан Иса туралы естіп, Оған ерген екеудің бірі Шимон Петірдің інісі Әндір еді. 41 Ол ең алдымен ағасы Шимонды тауып алып: — Біз Мәсіхтің Өзін таптық! — деді. Ал «Мәсіх» Құдай тағайындаған Құтқарушы Патша дегенді білдіреді. 42 Содан кейін Әндір Шимонды Исаға ертіп келді. Иса Шимонға қарап: — Сен Жоханның ұлы Шимонсың. Бұдан былай Кефа деп аталасың, — деді. Кефа грекше — Петір, яғни «Тас». 43 Келесі күні Иса Ғалилея аймағына бармақшы болды. Иса Філіпті тауып, оған: «Менің шәкіртім болып соңымнан ер», — деді. 44 Філіп те Әндір мен Петір тұратын Бетсайда қаласынан еді. 45 Філіп Натанайылды тауып алып, оған: — Біз Мұса Тауратта жазған, басқа пайғамбарлар да өз жазбаларында айтып кеткен Мәсіхті таптық! Ол — назареттік Жүсіптің ұлы Иса! — деді. 46 Бірақ Натанайыл: — Сол Назареттен не жақсылық шығар дейсің? — деп жауап қатты. Філіп оған: — Келіп, өзің көр! — деді. 47 Иса өзіне қарай келе жатқан Натанайылды көргенде: — Мынау — қулық-сұмдығы жоқ, нағыз исраилдік, — деді. 48 Натанайыл: — Сіз мені қайдан білесіз? — деп сұрады. Иса: — Сені Філіп шақырмай тұрып, інжір ағашының астынан көріп едім, — деді. 49 Натанайыл (өзін Исаның інжір ағашының қалың жапырағының астынан көре алғанына қайран қалды да): — Ұстаз, Сіз Құдайдың рухани Ұлысыз, Исраилдің Патшасысыз! Соған көзім жетті, — деп жауап берді. 50 Иса оған: — Мен «сені інжір ағашының астынан көрдім» дегенді ғана айтқанда, Маған сендің. Әлі бұдан да зорды көресің! — деді. 51 — Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: бұдан былай көктің ашылғанын көресіңдер! Сонда Құдайдың періштелері көкке көтеріліп кетіп әрі Құдай тағайындаған Билеуші — Маған түсіп келіп тұратын болады.



2

1 Екі күннен кейін Ғалилея аймағының Қана қаласында бір үйлену тойы болды. Исаның шешесі сонда еді, 2 Иса да шәкірттерімен бірге шақырылды. 3 Шарап таусылып қалып, Исаның шешесі Оған: — Олардың шарабы қалмады, — деді. 4 Иса: — Апа, Маған оны не үшін айтасыз? (Керемет жасау үшін көктегі Әкем белгілеген) уақытым әлі келген жоқ, — деп жауап берді. 5 Дегенмен шешесі қызметшілерге: «Ол не айтса, соны істеңдер!» — деп тапсырды. 6 Сол жерде яһудилердің дәстүрі бойынша діни тазару салтына арналған, ішіне он шелектей су сыятын алты тас күбі тұр еді. 7 Иса қызметшілерге: «Күбілерді суға толтырыңдар!» — деген тапсырма берді. Олар күбілерді суға ернеулете толтырды. 8 «Аздап алып, асабаға апарыңдар!» — деді Иса. Олар апарып беріп, 9 асаба шарапқа айналған әлгі суды татып көрді. Бірақ асаба оның қайдан екенін білген жоқ, мұны тек суды шөміштеп алған қызметшілер ғана білетін. Асаба таңғалды да, күйеу жігітті шақыртып алып: 10 «Әркім алдымен жақсы шарабын құяды, қонақтар қызып алған кезде оның төмендеу түрін береді. Ал сен ең жақсысын осы уақытқа дейін сақтап қойыпсың!» — деді. 11 Осылай Иса кереметтерінің алғашқысын Ғалилеядағы Қана қаласында жасап, Өзінің ұлылығын көрсетті. Содан шәкірттері Оған сенді. 12 Мұнан кейін Иса шешесі, інілері және шәкірттерімен бірге Қапарнаумға барып, сол қалада бірнеше күн тұрды. 13 Яһуди халқының Құтқарылу мейрамы жақындағанда, Иса Иерусалим қаласына өрлеп барды. 14 Ғибадатхана алаңында Ол (құрбандыққа шалынатын) бұқа, қой, көгершін сатушыларға және шетелдік ақшаны (зекет беру үшін жергілікті ақшаға) айырбастаушыларға назар салды. 15 Сосын Иса арқаннан қамшы өріп алып, сатушылардың бәрін қой, бұқаларымен бірге ғибадатхана ауласынан қуып шықты. Айырбастаушылардың ақшаларын шашып, үстелдерін аударып тастады. 16 Иса көгершін сатушыларға бұрылып: — Мыналарыңды бұл арадан алып кетіңдер! Көктегі Әкемнің киелі үйін базарға айналдырмаңдар! — деп бұйырды. 17 Сонда «Киелі үйіңнің қамын жеп, азапқа түсем» деп (Забурда алдын ала) жазылған сөздер шәкірттерінің естеріне түсті. 18 Ал яһуди басшылары Оған: — Осыны істеуге қақыңның барын қандай кереметпен дәлелдемексің? — деген сұрақ қойды. 19 Иса оларға: — Мына киелі үйді бұзыңдар, Мен оны үш күнде қайта тұрғызамын, — деп жауап қатты. 20 Яһудилер: — Бұл киелі үй қырық алты жыл бойы салынды. Ал Сен оны үш күннің ішінде қайта тұрғызбақшымысың? — деді. 21 Бірақ Иса «киелі үй» дегенде Өзінің денесі туралы айтқан еді. 22 Сондықтан Иса өлімнен қайта тірілген кезде шәкірттері Оның осылай дегенін естеріне түсіріп, Киелі кітапта жазылған және Исаның Өзі айтқан пайғамбарлық сөздерге сенді. 23 Құтқарылу мейрамы кезінде Иса Иерусалимде болғанда, Оның жасаған кереметтерін көрген көптеген адамдар Оған сенді. 24 Алайда бәрінің ойы мен ниеті құбылмалы екенін біліп, Иса оларға сене қоймады. 25 Ол адам баласының көңіліндегісін толық білгендіктен, біреудің Өзіне ол туралы мәлімет беруін қажет етпеді.



3

1 Парызшылдар арасында яһуди халқының Нікөдем есімді басшысы бар еді. 2 Ол Исаға түнде келіп: — Ұстаз, Сіздің Құдайдан келген мұғалім екендігіңізді білеміз. Себебі Сіз жасаған керемет істерді Құдайдың қолдауынсыз ешкім де орындай алмайды, — деді. 3 Иса: — Саған өте маңызды шындықты айтып тұрмын: кімде-кім қайтадан туылмаса, Құдайдың Патшалығын көре алмайды, — деді. 4 Нікөдем: — Есейген адам қалайша қайта туылады? Шешесінің құрсағына еніп, екінші рет дүниеге келуі мүмкін бе? — деп сұрады. 5 Иса: — Саған өте маңызды шындықты айтайын: кімде-кім судан және Киелі Рухтан туылмаса Құдайдың Патшалығын көре алмайды. 6 Тәннен — тән, Рухтан — рух туады. 7 Менің «қайтадан туылуға тиіссіңдер» дегеніме таңданба! 8 Жел қалаған жерінде соғады: оның гуілін естисің, бірақ қайдан келіп, қайда кеткенін білмейсің. Киелі Рухтан туылған әр адамның басынан өткені де осыған ұқсас, — деді. 9 Нікөдем: — Бұл қалай болады? — деп сұрағанда, 10 Исаның жауабы мынау болды: — Исраилдің дін мұғалімі бола тұра, осыны білмейсің бе? 11 Саған өте маңызды шындықты айтайын: біз білгеніміз туралы сөйлеп, көргеніміз туралы куәлік етеміз, ал сендер айтқандарымызды қабыл алмайсыңдар. 12 Мен сендерге жерде болып жатқандарды айтқанда сенбейсіңдер, ал егер көктегі рухани нәрселер туралы сөйлесем, қалай сенбексіңдер? 13 Көктен келген Билеушіден басқа ешкім көкке шыққан жоқ, (Ол — көкте тұрушы). 14 Мұса пайғамбар айдалада мыс жыланды жоғары көтеріп қойған. Дәл солай көктен келген Билеуші де көтеріліп қойылуға тиіс. 15 Сонда Оған сенуші әркім мәңгілік өмірге ие болады. 16 Өйткені Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады. 17 Құдай Өзінің рухани Ұлын адамзатты соттауға емес, құтқаруға жіберді. 18 Оған сенушілер қияметте сотталмайды. Ал Құдайдың жалғыз рухани Ұлына сенбейтіндер әлдеқашан сотталған. 19 Соттың мәні мынадай: «Құдайдың Нұры» жерге келді, бірақ адамдар Одан гөрі түнекті жақсы көрді, себебі олардың істері жаман еді. 20 Жамандық істеген әркім Нұрды жек көреді және жасаған істері әшкереленбес үшін Нұрға жоламайды. 21 Ал шындыққа сай өмір сүретін әркім өз істерінің Құдайдың көмегімен жасалғандығы көрініп тұрсын деп Нұрға шығады. 22 Бұдан кейін Иса шәкірттерімен Яһудея аймағына барды. Сонда біраз уақыт олармен бірге болып, теріс жолдан қайтқан кісілерді шомылдыру рәсімінен өткізді. 23 Жақия пайғамбар да Сәлім қаласына жақын Енонда осы рәсімді орындап жүрді, өйткені ол жерде су мол еді. Көп адамдар оған келіп, рәсімнен өтті. 24 Сол кезде Жақия әлі де түрмеге жабылмаған болатын. 25 Осы уақытта Жақияның шәкірттері мен өзге бір яһудидің арасында діни тазару салттары туралы айтыс туды. 26 Олар Жақияға келіп: — Ұстаз, өткенде Иорданның арғы жағында сізбен бірге болған Адамға өзіңіз жақсы куәлік берген едіңіз. Ал енді Ол да шомылдыру рәсімін орындауда. Жұрттың бәрі Соған барып жатыр! — деді. 27 Жақияның жауабы мынау болды: — Құдай бермесе, ешкім еш нәрсе ала алмайды. 28 «Мен Мәсіхтің Өзі емеспін, тек Оның алдынан жіберілген хабаршысы ғанамын» деп айтқаныма сендер өздерің куәсіңдер. 29 Қалыңдығы бар кісі — күйеу жігіт қой. Оны күтіп тұрған досы даусын естіп, қуанады. Қазір менің қуанышым қойныма сыймай тұр. 30 Мәсіхтің беделі артуға, ал менікі төмендеуге тиіс. 31 Көктен келген Ол бәрінен де ұлы. Жерден пайда болған мен жердікімін, сондықтан жердің тұрғысынан сөйлеймін. Көктен келген Мәсіх бәрінен де үстем! 32 Ол Өзінің көкте көріп, естігендеріне куәлік етеді. Алайда Оның шынайы хабарын көпшілік қабылдамайды. 33 Бірақ соны қабылдағандар Құдайдың Өзін шындық деп мойындайды. 34 Құдай жіберген Мәсіх Оның хабарын жариялайды, өйткені Құдай Оған Киелі Рухын шексіз береді. 35 Әкесі Ұлын сүйіп, Оның қолына бар билікті тапсырған. 36 Құдайдың рухани Ұлына сенушілер мәңгілік өмірге ие. Ал Оны тыңдамағандар шынайы өмірді көрмей, Құдайдың төніп тұрған қаһарына ұшырайды.



4

1 Иса Жақиядан гөрі көбірек шәкірттер тауып, шомылдыру рәсімінен өткізіп жатыр деген хабар парызшылдарға жетті. 2 Шынында оны істеп жүрген Исаның Өзі емес, шәкірттері еді. 3 Сондай хабардың парызшылдарға жеткенін білген Иеміз Иса Яһудея аймағынан Ғалилеяға қайта оралды. 4 Құдайдың еркімен Иса Самария аймағы арқылы жол жүруге тиісті болды. 5 Осылай Ол Самариядағы Сихар қаласына келді. Бұл қала (ежелде Исраил халқының түп атасы) Жақыптың өз ұлы Жүсіпке мұра етіп қалдырған жеріне жақын орналасқан. 6 Сол жерде «Жақыптың құдығы» бар еді. Жол жүріп шаршаған Иса құдықтың қасына отыра кетті. Түс мезгілі болатын, 7 ал шәкірттері қалаға тамақ алуға кеткен еді. Сол кезде құдықтан су алу үшін самариялық бір әйел келді. Иса одан: — Маған ішетін су берші, — деп сұрады. 9 Самариялық әйел таңғалды. Себебі яһудилер (діни сенім бойынша арамданбау үшін) самариялықтармен араласпайды. Сондықтан әйел: — Өзің яһуди бола тұра, қалайша менен, самариялық әйелден, су сұрайсың? — деген сауал қойды. 10 Иса: — Егер Құдайдың өзіңе не сыйлағысы келгенін және су сұраған Адамның кім екенін білсең, сен Оның Өзінен су сұрар едің. Сонда Ол саған «өмір суын» берер еді, — деп жауап қатты. 11 — Мырза, құдықтан су алатын Сіздің ыдысыңыз жоқ, ал құдық терең ғой. Онда сол өмір суын қайдан аласыз? 12 Мына құдықты қалдырған арғы атамыз Жақыптан да ұлысыз ба? Өзі де, балалары да, малы да одан су ішкен, — деді әйел. 13 Иса оған былай деді: — Мына судан ішкен адам тағы шөлдейді. 14 Ал кімде-кім Мен беретін «судан» ішсе, ол мәңгі бақи шөлдемейтін болады. Мен беретін «су» оның ішінде мәңгілік өмір сыйлайтын, бұрқылдап жатқан «қайнарға» айналады. — 15 Сонда әйел: — Мырза, бұдан былай шөлдеп, су алуға мұнда келе бермеуім үшін маған осы судан беріңізші! — деп өтінді. 16 Иса оған: — Барып, күйеуіңді шақыр, өзің де кел! — деді. 17 — Менің күйеуім жоқ, — деді әйел. Ал Иса оған: — Күйеуім жоқ деп шыныңды айттың. 18 Бес рет күйеуге шыққансың, ал қазіргің күйеуің емес. Мұны дұрыс айттың, — деп жауап берді. 19 Сонда әйел: — Мырза, Сіздің пайғамбар екеніңізге көзім жетіп тұр! 20 Ал енді, біздің ата-бабаларымыз Тәңір Иеге мына таудың басында сиынып мінажат еткен, ал сіздер сиынатын орын Иерусалимде болуға тиіс дейсіздер, қайсысы дұрыс? — деп сұрады. 21 Иса оған былай деді: — Айтқаныма илан: көктегі Әкеге не осы таудың басында, не Иерусалимде сиынбайтын замандарың келе жатыр. 22 Сендер өздерің білмейтін Біреуге табынып келесіңдер, ал біз Кімге ғибадат етіп жүргенімізді білеміз, өйткені Құдай яһудилер арқылы адамзатты құтқармақ. 23 Нағыз сиынушылардың Құдайдың Рухына кенеліп, Әкеге шындап мойынсұнып сиынатын уақыты болады, ол тіпті жетіп те қалды: Әке Өзіне осылай мойынсұнып сиынушыларды қалайды. 24 Құдайдың Өзі — Рух. Сондықтан Оған сиынатындар Оның Рухына кенеліп, шындықпен сиынуға тиіс. — 25 Сонда әйел: — Мәсіх деген Құтқарушы Патшамыздың келетінін білемін. Ол келгенде бізге бәрін ашық айтып береді, — деді. 26 Иса: — Сенімен сөйлесіп тұрған Мен Соның Өзімін, — деп әйелге жауап берді. 27 Сол арада шәкірттері қайтып келіп, Исаның бір әйелмен сөйлесіп отырғанына таңғалды. Бірақ ешқайсысы «Одан нені сұрайсыз?» немесе «Онымен неге сөйлесесіз?» деп сұраған жоқ. 28 Әйел су алатын ыдысын қоя салып, қалаға қайта оралды да, жұртқа: 29 «Жүріңдер, менің құпия іс-әрекеттерімнің бәрін дәл айтып берген Кісіні көріңдер! Ол Құдай жіберген Мәсіх емес пе екен?» — деді. 30 Сонда жұрт қаладан шығып, Исаға қарай бет алды. 31 Осы екі арада шәкірттері: — Ұстаз, тамақ ішіп алыңыз, — деп өтінді. 32 Ал Иса: — Менің сендер білмейтін «тамағым» бар, — деді. 33 Шәкірттері: — Оған біреу тамақ әкеп берген бе? — десті. 34 Иса оларға астарлап былай деді: — Өзімді Жібергеннің еркін іске асырып, Оның тапсырғанын толық орындау Маған «нәр» болады. 35 Сендер «төрт айдан кейін егін орамыз» дейсіңдер. Ал Мен сендерге былай деймін: көздеріңді ашып, егіндіктерге қараңдар, олар жинауға дайын пісіп тұр. 36 Қазір-ақ орушылар жалақыларын алып, мәңгілік өмірге арналған өнімді жинап жатыр. Осылай егінді еккен де, жинаған да бірге қуанады. 37 «Біреу еккенді біреу орады» деген мақал осы жағдайда рас болып тұр. 38 Мен сендерді Маған адам әкелу үшін өздерің еңбек етпеген жерге жұмсадым. Басқалар жұмыс істеді, ал олардың еңбегінің жемісін сендер көріп жатырсыңдар. 39 Сол қаладағы самариялықтардың көпшілігі әлгі әйелдің «Ол менің құпия іс-әрекеттерімнің бәрін дәл айтып берді» деп куәлік еткен сөзі арқылы Исаға сене бастаған еді. 40 Сондықтан олар Исаның қасына келгенде, Оның өздерімен бірге қалуын өтінді. Содан Иса екі күн осы жерде болды. 41 Оның сөзін естігенде, тағы көбірек кісілер Исаға сенді. Олар әйелге: 42 — Біз енді тек сенің айтқаның бойынша сеніп қоймай, Оның сөзін өзіміз естіп, шынында дүниені Құтқарушы Осы екеніне көз жеткіздік, — деді. 43 Екі күннен кейін Иса сол жерден әрі қарай Ғалилеяға кетті. 44 Ал Оның Өзі: «Өз елінде пайғамбардың қадірі болмас», — деп ашық айтқан еді. 45 Бірақ Иса Ғалилеяға келгенде, ғалилеялықтар Оны жылы қабылдады. Өйткені олар да Иерусалимдегі Құтқарылу мейрамына барып, Исаның істеген барлық кереметтерін көрген еді. 46 Осылай Иса үйлену тойында суды шарапқа айналдырған Ғалилеядағы Қана қаласына тағы да келді. Сол кезде Қапарнаумда патшаның бір қызметкері болды, оның ұлы ауырып жатты. 47 Қызметкер Исаның Яһудея аймағынан Ғалилеяға келгенін естіп, Оған барды да: — Келіп, баламды сауықтырып берсеңіз екен! Ол өлім аузында жатыр, — деп өтінді. 48 Иса: — Құдіретімді дәлелдейтін кереметтерімді көрмесеңдер, сендер еш сенбейсіңдер, — деді. 49 Ал баланың әкесі Оған: — Мырза, ұлым өлмей тұрғанда келіңізші! — деп жалбарынды. 50 Сонда Иса: — Үйіңе бара бер, балаң аман-сау! — деді. Қызметкер Исаның айтқан сөзіне сеніп, кетіп қалды. 51 Келесі күні жолшыбай оның қызметшілері кездесіп: — Балаңыз аман-сау, — деді. 52 Сонда ол қызметшілерінен баласының жағдайы қай сәтте жақсарғанын сұрады. Олар: — Кеше түс кезінде сағат бірде ыстығы қайтты, — деді. 53 Сонда әкесі Исаның өзіне «балаң аман-сау» деген кезі дәл сол сәтте болғанын біліп, үй ішімен Исаға сенді. 54 Осылай Иса Яһудея аймағынан Ғалилеяға келгеннен кейін екінші рет керемет іс жасап, Өзінің құдіретін танытты.



5

1 Біраз уақыттан кейін яһудилердің тағы бір мейрамы болып, Иса соған қатысу үшін Иерусалимге өрлеп барды. 2 Иерусалимнің Қой қақпасының қасында еврейше Бетезда деп аталатын тоған бар. Соның төңірегіне бағаналы бес ғимарат салынған. 3 Оларда соқырлар, ақсақтар, сал болып ауырғандар, тағы басқа көптеген науқастар жататын. (Бұлар судың шайқалғанын күтетін. 4 Себебі Тәңір Ие жіберген бір періште анда-санда тоғанға түсіп, суды шайқайтын. Мұнан кейін алғаш шомылған адам қандай ауруы болса да, жазылып кетеді екен.) 5 Бұл жерде отыз сегіз жылдан бері науқас бір кісі бар еді. 6 Иса оның жатқанын көріп, көптен ауру екенін білді. Содан Ол сол адамға: — Сауыққың келе ме? — деп тіл қатты. 7 Науқас: — Мырза, мені су қозғалғанда тоғанға түсіретін адамым жоқ. Ал мен жеткенше, басқа біреу менен бұрын түсіп қояды, — деп жауап берді. Иса: 8 — Орныңнан тұрып, төсенішіңді жинап ал да, жүре бер, — деді. 9 Әлгі кісі сол сәтте-ақ ауруынан сауығып, төсенішін жинап алды да, жүріп кетті! Бұл оқиға (яһудилердің демалысы) сенбі күні болған еді. 10 Сондықтан яһуди басшылары сауыққан адамға: — Демалыс күні емес пе? Төсенішіңді көтеріп жүргенің не? Бүгін жұмыс істеуге болмайды ғой! — деп ескертті. Ол: 11 — Мені сауықтырған Адам: «Төсенішіңді жинап ал да, жүре бер» деген еді, — деп жауап қатты. 12 — «Төсенішіңді жинап ал да, жүре бер» деген Ол кім Өзі? — деді олар. 13 Ал сауыққан кісі Оның кім екенін білген жоқ. Өйткені сол жерде халық көп болғандықтан, Иса ешкімге білдірмей кетіп қалған еді. 14 Кейін Иса әлгі кісіні ғибадатханада жолықтырып: «Енді сен ауруыңнан сауықтың. Бұрынғыдан да жаман болғың келмесе, бұдан былай күнә жасаушы болма!» — деді. 15 Әлгі кісі яһуди басшыларына барып, өзін Исаның сауықтырғанын айтты. 16 Иса мұны діни демалыс күні жасағандықтан, бұлар Оған қысым көрсете бастады. 17 Бірақ Иса оларға: «Әкем еңбектен қол үзбейді, сондықтан Мен де үздіксіз еңбек етемін», — деді. 18 Бұдан кейін яһуди басшылары Исаға бұрынғыдан бетер қарсы шығып, Оны өлтірмекші болды. Себебі Ол солардың демалыс күні туралы ережелерін ғана бұзған жоқ, сонымен қатар «Құдай — рухани Әкем» деп, Өзін Құдаймен теңестірді. 19 Иса оларға былай деп жауап берді: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Әкесінің істегенін көрмесе, Оның рухани Ұлы өздігінен ештеңе істей алмайды. Өйткені Әкесінің жасап жатқанын Ол да дәл солай жасайды. 20 Әкесі Оны сүйеді, сондықтан Өзі істегенінің бәрін Оған көрсетеді; Әкесі сендер таңғалатындай бұдан да зор кереметтерді әлі де көрсететін болады. 21 Себебі Әкесінің өлгендерді тірілтіп жан беретініндей, Ұлы да Өзінің қалағандарын тірілтеді. 22 Әкенің Өзі ешкімді соттамай, барлық сотты Оған тапсырған. 23 Осылайша бәрі Әкені қалай қадірлесе, Ұлын да солай қадірлесін. Ал кімде-кім Ұлын құрметтемесе, Оны жіберген Әкесін де құрметтемейді. 24 Сендерге тағы бір маңызды шындықты айтайын: кімде-кім айтқан сөздеріме құлақ асып, Мені Жібергенге сенсе, сол мәңгілік өмірге ие. Ол қиямет сотына тартылмайды, керісінше, рухани өлімнен шынайы өмірге өтті. 25 Сендерге тағы бір өте маңызды шындықты айтып тұрмын: рухани өлілер Құдайдың рухани Ұлының даусын естіп, Оған сенетін уақыт болады, тіпті сол уақыт келді де. Сонда Оның даусына құлақ салғандар тіріледі. 26 Себебі Әкенің Өзі өмірдің бастауы екеніндей, Ұлына да өмірдің бастауы болуды сыйлады. 27 Ол көктен келген Билеуші болғандықтан, Әкесі Оған қиямет сотын жүргізу билігін де тапсырған. 28 Бұған таңданбаңдар, өйткені қабірдегілердің бәрі Құдайдың рухани Ұлының даусын еститін уақыт болады. 29 Сонда өлгендер қабірден шығады: жақсылық жасағандары мәңгі өмір сүру үшін, ал жамандық жасағандары сотталу үшін тіріледі. 30 Мен өздігімнен ештеңе істей алмаймын. Әкемнен естігенім бойынша соттаймын. Менің сотым әділ, өйткені өз еркімді емес, Мені жіберген Әкемнің еркін орындаймын. 31 Егер Мен Өзіме-Өзім куә болсам, онда куәлігім жеткіліксіз болар еді. 32 Маған куәгер болатын басқа Біреу бар, Оның куәлігінің шындық екенін білемін. 33 Рас, сендер Жақияға өкілдеріңді жібердіңдер, ол Мен жөніндегі шындықтың куәсі болды. 34 Өзім туралы адамның куәлігін қажет етпесем де, мұны сендер құтқарылсын деп айтып тұрмын. 35 Жақия айналасын рухани нұрландырып, жанып тұрған шырақ іспетті еді. Ал сендер біраз уақыт оның нұрында шаттанғыларың ғана келді. 36 Алайда Менің Жақия берген куәліктен де үлкенірек куәлігім бар: Әкем Маған орындауға тапсырған, Мен істеп жүрген игі істерім Мені Соның жібергендігіне айғақ. 37 Мені жіберген Әкемнің Өзі де Мен туралы куәлік етті. Бірақ сендер ешқашан Әкемнің даусын естіп, бейнесін көрген емессіңдер. 38 Оның сөзі де жүректеріңнен орын алған емес, себебі Әкем жіберген Маған сенбейсіңдер. 39 Рас, сендер Киелі жазбаларды зерттеп, солар арқылы мәңгілік өмірге ие боламыз деп ойлайсыңдар. Ал олар Мен туралы куәлік етеді ғой! 40 Алайда сендер шынайы өмірге ие болу үшін Маған келуден бас тартасыңдар. 41 Мен адамдардан құрмет күтпеймін; 42 бірақ жүректеріңде Құдайға деген сүйіспеншіліктің жоқ екенін білемін. 43 Әкемнің атынан келсем де, Мені қабылдамайсыңдар. Ал басқа біреу өз атынан келгенде, сендер оны қабылдайтын боласыңдар. 44 Бір-біріңнен құрмет күтіп, жалғыз Құдайдан болатын шынайы құрметті іздемей жүресіңдер. Сонда сендер Менің Құдайдан келгеніме қалайша сене аласыңдар? 45 Мен сендерді Әкемнің алдында айыптайды деп ойлап қалмаңдар. Айыптаушы бар: ол — сендер үміт артып жүрген Мұса пайғамбар. 46 Егер де шынымен Мұсаға сенсеңдер, онда Маған да сенер едіңдер, өйткені ол Мен туралы жазып кеткен. 47 Алайда Мұсаның жазбаларына шындап сенбейсіңдер, ендеше Менің сөздеріме қалай сене аласыңдар?



6

1 Біраз уақыт өткеннен кейін Иса Ғалилея көлінің шығыс бетіне жөнелді. Сол көл Тіберия көлі деп те аталады. 2 Исаның ауруларға жасаған кереметтерін көргендіктен көп халық Оған ерді. 3 Ол тауға шығып, сол жерде шәкірттерімен отырды. 4 Бұл яһуди халқының Құтқарылу мейрамының қарсаңы болатын. 5 Иса басын көтеріп қарағанда, қарақұрым халықтың Өзіне қарай ағылып келе жатқанын көрді. Содан Иса Філіпке: — Бұларды тамақтандыратын нанды қайдан сатып аламыз? — деді. 6 Иса осы сөзін оны сынау үшін айтты, себебі не істемекші болғанын Өзі біліп тұрды. 7 Філіп Оған: — Бізде тіптен екі жүз күндік жалақыға келетін нан болып, әркім бір жапырақтан ғана жегеннің өзінде бәріне бірдей жетпес еді, — деп жауап берді. 8 Сонда басқа бір шәкірті, Шимон Петірдің інісі Әндір, Исаға былай деді: 9 — Осында бір бала жүр, оның бес күлше арпа наны мен екі кепкен балығы бар. Бірақ олар осынша көп кісіге не болады? — 10 Ал Иса: — Адамдарды жайғастырып отырғыза беріңдер! — деп тапсырды. Сол жерде шөп қалың болып, бес мыңдай ер адам жайғаса алды. 11 Иса күлшелерді алып, шүкірлік етті де, жайғасқандарға үлестірді; кепкен балықтардан да жұртқа қалағандарынша берді. 12 Бәрі жеп тойған соң, Иса шәкірттеріне: «Босқа ысырап болмас үшін нанның қалдықтарын жинап алыңдар», — деді. 13 Олар жұрт жеген бес күлше арпа нанының қалдықтарын жинап, он екі себетті толтырды. 14 Адамдар Иса жасаған осы кереметті көргенде: — Дүниеге келуге тиіс Пайғамбар — шынымен Осы! — десті. 15 Иса олардың Өзін патша ету үшін келіп, кенеттен ұстап алмақшы болғанын білді. Содан Ол тағы да жалғыз Өзі қыратты жерге қарай кетіп қалды. 16 Кешке Исаның шәкірттері көл жағасына ылдилап барды. 17 Сол жерде бір қайыққа мініп, көлдің батыс жағындағы Қапарнаумға қарай бет алды. Қараңғы түскен кез еді, ал Иса оларға әлі келген жоқ болатын. 18 Сонда қатты жел соғып, көлдің астан-кестені шығып, толқи бастады. 19 Шәкірттер бес-алты шақырымдай қайықпен жүргеннен кейін, кенеттен көл бетімен жаяу жүріп қайыққа таяп қалған Исаны көрді. Олар қорқып кетті, 20 ал Иса: «Қорықпаңдар, келе жатқан Менмін ғой!» — деп көңілдерін орнықтырды. 21 Сонда шәкірттері Оны қайыққа мінгізіп алғылары келді. Сол сәтте-ақ қайық олар бет алған жағаға жетіп қалды. 22 Келесі күні көлдің шығыс бетінде қалған халық Исаның шәкірттері мінген жалғыз қайықтан басқа ешбір қайықтың болмағанын естеріне түсірді. Олар Исаның шәкірттерімен бірге қайыққа мінбей, тек шәкірттерінің өздерінің ғана кетіп қалғанын жақсы білетін. 23 Ал Иеміз шүкірлік еткеннен кейін халық нан жеп тойған кешегі жерге басқа да қайықтар Тіберия қаласынан жақындап келіп жатты. 24 Иса мен шәкірттерінің бұл жерде жоқ екеніне көздері жеткен жұрт сол себептен әлгі қайықтарға мініп, Исаны іздеп Қапарнаумға беттеді. 25 Олар Оны көлдің батыс бетінен тапқанда: — Ұстаз, бұл жерге қашан келдіңіз? — деп сұрады. 26 Иса былай деп жауап берді: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Құдайдың өздеріңе кереметтер арқылы не білдіргенін түсінгілерің келмейді. Тек нан жеп тойып алғандықтан ғана Мені іздеп жүрсіңдер. 27 Өткінші тамаққа емес, мәңгілік өмір беретін рухани нәрге ұмтылыңдар! Оны сендерге көктен келген Мен ғана бере аламын, өйткені Құдай Әке Маған билігін берді. — 28 Сонда олар: — Құдайдың еркін іске асыру үшін не істеуіміз керек? — деп сұрады. 29 Иса: — Ол Жібергенге сеніңдер, Құдайдың еркі сол, — деп жауап берді. 30 Олар: — Өзіңізді Құдай жібергеніне көзімізді жеткізіп, сенуіміз үшін қандай керемет көрсетесіз, не істейсіз? 31 «Оларға жейтін нанды аспаннан жіберді» деп (Забурда) жазылғандай, ата-бабаларымыз айдалада тәтті нан жеп жүрді, — деді. 32 Иса: — Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: сол заманда көктен нан берген — Мұса пайғамбар емес, Менің Әкем. Қазір де Әкем сендерге көктен шынайы «нанды» ұсынып тұр. 33 Себебі көктен түсіп, адамзатқа өмір Беруші — «Құдайдың наны», — деп жауап қайтарды. 34 Олар: — Мырза, бізге әрқашан осындай нан беріп тұрыңызшы! — деп өтінді. 35 Сонда Иса оларға былай деді: — Шынайы өмір сыйлайтын «нан» Менмін. Маған келгендер рухани нәрден тарықпайды, Маған сенгендер ешқашан шөлдемейді! 36 Бірақ Мен сендерге: «Мені көрдіңдер, алайда сенбейсіңдер» дегенмін. 37 Әкем қарамағыма берген адамдардың барлығы Маған келеді, ал Мен Өзіме келгендерді ешқашан қуып жібермеймін. 38 Себебі өз еркімді емес, Мені жіберген Әкемнің еркін орындау үшін көктен келдім. 39 Ал Әкемнің еркі — Оның қарамағыма берген адамдарының бірде-біреуін тозаққа түсірмей, бәрін де ақырғы күні қайта тірілтуім. 40 Себебі Әкемнің еркі мынау: Өзінің рухани Ұлына назар аударып, сенім артқан барлық адамдарға мәңгілік өмір сыйлау. Мен соларды ақырғы күні қайта тірілтіп аламын. 41 Сонда Исаның көктен түскен «нан» Менмін дегеніне діндар яһудилер күңкілдеп наразылық білдірді: 42 — Мынау біз әке-шешесін білетін Жүсіп ұлы Иса емес пе? Онда Ол қалайша «Мен көктен түстім» дейді? — 43 Иса оларға былай деп жауап берді: — Өзара күңкілдеспеңдер! 44 Мені жіберген Әкем Өзіме жақындатып тартса ғана, адамдар Маған келе алады; ал Мен оларды ақырғы күні қайта тірілтіп аламын. 45 Пайғамбарлар жазбаларында «Бәрі де Құдайдан тәлім алмақ» делінген. Әкемді тыңдап, Одан тәлім алған әркім Маған келеді. 46 Әрине, Құдайдан Келгеннен басқа ешкім Әкені көрген емес, Әкені көрген — тек Сол ғана. 47 Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: кім Маған сенім артса, сол мәңгілік өмірге ие. 48 Шынайы өмір сыйлайтын «нан» Менмін. 49 Ата-бабаларың айдалада тәтті нанды жесе де, ақырында өлді. 50 Бірақ қазір көктен түскен «нан» мынадай: одан «жеген» адам рухани өлімге душар болмайды. 51 Көктен түскен «тірі нан» Менмін. Одан «жеген» әркім мәңгілік өмірге ие болады. Бұл «нан» — Менің денем, оны адамзат шынайы өмірге ие болсын деп құрбан етемін. 52 Сонда яһудилер өзара: — Бұл Адам қалайша біздің «жеуіміз» үшін өз денесін қиып бере алады? — деп айтыса бастады. 53 Иса оларға былай деді: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: егер көктен келген Билеушінің денесінен «жеп», қанынан «ішпесеңдер», сендерде шынайы өмір болмайды. 54 Кімде-кім Менің денемнен «жеп», қанымнан «ішсе», ол мәңгілік өмірге ие болады, Мен оны ақырғы күні қайта тірілтіп аламын. 55 Себебі денем — шынайы рухани «нәр», ал қаным — шынайы рухани «сусын». 56 Денемнен «жеп», қанымнан «ішкен» әркім Менімен тығыз байланыста тұрады, Мен де онымен сондай байланыста тұрамын. 57 Мәңгі тірі Әкем Мені жіберді және Мен Ол арқылы өмір сүремін; сол сияқты денемнен «нәр алған» кісі де Мен арқылы шынайы өмір сүреді. 58 Ендеше, көктен түскен «нан», міне, осындай; ол ата-бабаларымыз жеген тәтті нан сияқты емес: олар ақырында өлген; бірақ осы «рухани наннан нәр алған» әркім мәңгі өмір сүреді. — 59 Иса мұны Қапарнаумдағы мәжілісханада тәлім бергенде айтты. 60 Осыны естіген шәкірттерінің көбі: — Мынау жанға батар сөз екен, оны кім тыңдай алады? — десті. 61 Бұл туралы наразылықты байқап қалған Иса оларға былай деді: — Бұл сендердің шымбайларыңа батып тұр ма? 62 Ал Билеуші ретінде көктен келген Менің бұрын болған сол жеріме көтерілгенімді көрген кездеріңде не айтпақсыңдар? 63 Шынайы өмір Беруші — Киелі Рух, ал тән бұған еш жарамайды. Сендерге айтқан сөздерім арқылы рухани өмірге ие бола аласыңдар. 64 Бірақ іштеріңдегі кейбіреулерің сенбейсіңдер. — Себебі Иса сенбейтіндердің кім екенін және Өзіне кімнің опасыздық жасайтынын әуел бастан-ақ білген еді. 65 Сол себепті Ол былай деді: — «Әкем қабілет бермесе, ешкім Маған келе алмайды» деп Мен сендерге сондықтан да айттым. 66 Сол күннен бастап, шәкірттерінің көбі Исадан бас тартып, бұдан былай Оған ермейтін болды. 67 Сонда Иса он екі елшісінен: — Сендердің де кеткілерің келе ме? — деп сұрады. 68 Бұған Шимон Петір: — Жоқ, Ием, Сізден кетсек, кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер Сізде. 69 Біз Сіздің Құдайдың Киелісі екеніңізге сеніп, соған көзіміз жетті. — 70 Иса оларға: — Осы он екіңді Мен таңдап алған едім. Сонда да іштеріңдегі біреуің әзәзіл шайтанның жетегінде, — деді. 71 Иса Шимон Исқариоттың ұлы Яһуда туралы айтқан еді. Ол сол он екінің біреуі болғанмен, кейін Исаны ұстап берді.



7

1 Содан кейін Иса Ғалилея аймағын аралап жүрді. Яһуди басшылары Оны өлтірмекші болған соң, Иса Яһудея аймағын аралағысы келмеді. 2 Бұл — яһуди халқының Күркелер мейрамының қарсаңы еді. 3 Сонда Исаның туған інілері Оған: — Яһудеяға бара бер, сол жердегі шәкірттерің де Сенің кереметтеріңді көрсін. 4 Халықтың көзіне түскісі келген кісі істерін жасырмайды. Сен осындай кереметтер істедің, енді Өзіңді әлемге таныт, — деді. 5 Себебі өз інілері Оған сенбейтін. 6 Сонда Иса оларға былай деді: — Өзімді халыққа танытатын уақытым әлі келген жоқ; ал сендер үшін қай мезгіл болса да дер кез. 7 Осы күнәкар дүние сендерді жек көре алмайды. Ал ол Мені жек көреді, өйткені Мен оның істерінің жаман екенін әшкерелеп жүрмін. 8 Сендер мейрамға бара беріңдер! Мен қазір бұл мейрамға бармаймын. Өзімді танытатын уақытым әлі келген жоқ. — 9 Иса осылай деп, Ғалилеяда қалып қойды. 10 Інілері мейрамға кеткен соң, халық көзінен тасаланып Иса да жолға шықты. 11 Яһуди басшылары: «Ол қайда?» — деп, Оны мерекеде іздеп жүрді. 12 Келген жұрт Ол туралы көп күңкіл сөз айтып жатты. Біреулері: «Ол жақсы», — десе, басқалары: «Жоқ, халықты азғырып жүр», — деді. 13 Бірақ яһуди басшыларынан қорыққандықтан, ешкім Ол туралы ашық айтпады. 14 Мейрамның жартысы өткен кезде Иса ғибадатхананың ауласына барып, жұртқа тәлім берді. 15 Яһуди діндарлары таңғалып: — Арнайы дайындықсыз Мынау Киелі жазбаларды қалай түсіне алады? — деді. 16 Иса оларға былай деп жауап берді: — Ілімім Менікі емес, Мені Жібергендікі. 17 Соның еркін орындағысы келген әркім осы ілім Құдайдан ба, әлде Мен өз бетіммен сөйлеп тұрмын ба, соны білетін болады. 18 Өз бетімен сөйлеген әркім өзінің ғана беделін ойлайды. Ал Өзін Жібергеннің беделін ойлаған Кісіге сенуге болады, Оның ойында әділетсіздік жоқ. 19 Сендерге Мұса пайғамбар Таурат заңын бермеп пе еді? Шындығында бірде-біреуің сол заңға бағынбайсыңдар. Әйтпесе неге Мені өлтірмексіңдер? — 20 Жұрт Оған: — Жын соқты ма? Кім Сені өлтірмек? — деп қарсылық білдірді. 21 Иса оларға былай деп жауап берді: — Мен (демалыс күні) бір керемет іс жасадым, ал бәрің соған абыржулысыңдар. 22 Мұса сүндеттеуді бұйырды. Расында бұл рәсім Мұсадан емес, одан бұрынғы ата-бабаларымыздан қалған. Сендер бұйрыққа сай балаларыңды туғаннан кейінгі сегізінші күні, демалыс күні болса да, сүндеттей бересіңдер. 23 Сонымен Мұсаның заңы бұзылмасын деп, балалар демалыс күні де сүндеттеліп келеді. Ендеше біреуді демалыс күні ауруынан құлантаза сауықтырғаным үшін қалайша Маған ашуланасыңдар? 24 Сырт көрінісіне ғана қарамай, әділ шешіңдер! 25 Сонда бірнеше иерусалимдік тұрғындар былай деді: — Басшылар өлтіреміз деп жүрген кісі Осы емес пе? 26 Қараңдар, Ол емін-еркін де ашық сөйлейді, ал Оған ештеңе демейді. Сонда Оның Мәсіх екеніне басшылардың көздері шынымен жеткені ме? 27 Мәсіх келгенде, Оның қай жақтан шығатынын ешкім білмейді. Ал Мынаның қай жерлік екенін білеміз ғой. 28 Сол кезде ғибадатханада тәлім беріп отырған Иса қатты дауыспен: — Менің кім екенімді, қайдан шыққанымды білесіңдер ме? Мен өз бетіммен келген жоқпын. Бірақ Мені жіберген — сендер білмейтін Ақиқаттың Өзі. 29 Ал Мен Оны білемін, себебі Содан келдім, Мені Сол жіберді, — деді. 30 Содан біреулер Оны тұтқындамақ болды, бірақ Оған қарсы ешқайсысы қол көтермеді. Өйткені Исаның өз жанын қиятын уақыты әлі жетпеген еді. 31 Ал халықтың көбі: «Құтқарушы Мәсіх келгенде, Ол Бұдан артық кереметтер көрсетер деймісің?» — деп, Исаға сене бастады. 32 Халық арасында осындай күңкіл болғаны парызшылдардың құлағына жетті. Сонда басты діни қызметкерлер мен парызшылдар Исаны тұтқындауға сақшыларын жіберді. 33 Ал Иса оларға: — Тағы біразырақ уақыт араларыңда боламын, содан кейін Өзімді Жібергенге қайта ораламын. 34 Мені іздесеңдер де, таба алмайтын боласыңдар. Себебі Мен болатын жерге сендер бара алмайсыңдар, — деді. 35 Сонда яһуди діндарлары өзара былай десті: — Біз Оны таба алмайтындай Бұл қайда бармақшы? Шетелге тарап кеткен яһудилерге барып, басқа ұлттарға да тәлім бермекші ме? 36 Оның «Мені іздесеңдер де, таба алмайтын боласыңдар» және «Мен болатын жерге сендер бара алмайсыңдар» дегені не сөз? 37 Мейрам соңындағы ең ұлы күні Иса ел алдында тұрып: — Кімнің жаны шөлдесе, сол Маған келіп, «ішсін»! 38 Кім Маған сенсе, (келіп, шөлін қандырып су ішсін!) Киелі жазбаларда бұл туралы мына тәрізді сөздер айтылған: оның жүрегінен өмір беретін «су» тасқындап ағады, — деді. 39 Иса бұларды Киелі Рух туралы айтты; Оны Исаға сенгендер кейінірек қабылдады. Құдай Исаның ұлылығын адамдарға әлі білдірмегендіктен, Өзінің Киелі Рухын сенушілерге әлі де қондырмаған еді. 40 Исаның сөзін естіген кейбіреулер: — Шынында да Бұл — келуге тиісті Пайғамбар! — деді. 41 Басқалары: — Ол — Құтқарушы Патшамыз Мәсіх! — дегенді айтты. Енді біреулері: — Ал Мәсіх Ғалилея аймағынан келуші ме еді? 42 Киелі жазбаларда Мәсіх Дәуіт патшаның әулетінен, оның атамекені Бетлехемнен шығады делінген емес пе? — деп күмән келтірді. 43 Осылай ел арасында Иса туралы араздық туды. 44 Бірнешеуі Оны тұтқындамақ болды, бірақ ешқайсысы Оған қарсы қол көтермеді. 45 Исаны тұтқындауға жіберілген сақшылар қайта оралғанда басты діни қызметкерлер және парызшылдар олардан: — Неге Оны алып келмедіңдер? — деп сұрады. 46 Сақшылар: — Бірде-бір адам Ол сияқты сөйлеген емес! — деді. 47 Сонда парызшылдар: — Ол сендерді де алдап кеткен бе?! 48 Басшылар мен парызшылдардың арасында Оған сенетін біреудің болғаны ма?! 49 Оған Таурат заңын білмейтін, қарғыс атқан қара халық қана сенеді! — деп зекіді. 50 Парызшылдардың біреуі — бірде түн ішінде Исаға келіп кеткен Нікөдем де сол жерде болды. Ол басқаларға қарсы шығып: 51 — Таурат заңымыз бойынша біреуден жауап алып тексермей, оған үкім шығаруға бола ма? — деді. 52 Олар Нікөдемге: — Сен де ғалилеялық шығарсың? Киелі жазбаларды зерттеп шық: Ғалилеядан пайғамбар шықпайды, соны біліп қой! — деді. 53 Мұнан кейін жиналыс аяқталып, бәрі өз үйлеріне кетті.



8

1 Ал Иса Зәйтүн тауына қарай беттеген еді. 2 Ертеңгісін Ол қалаға қайта оралып, ғибадатханаға барды. Сонда бүкіл жұрт Оның қасына жиналды. Иса отырған соң, оларға тәлім берді. 3 Бірнеше дін мұғалімі мен парызшыл да осы жерге келді. Олар неке адалдығын бұзып жатқан жерінде ұсталған бір әйелді айдап әкеліп, ортаға тұрғызып қойды. 4 Олар Исаға қарап: — Ұстаз, мына әйел неке адалдығын бұзған қылмысы үстінде ұсталды! 5 Таурат заңында Мұса бізге мұндайларды тас лақтырып өлтіруді бұйырған. Сіз бұған не айтасыз? — деді. 6 Сол діндарлар Исаны сынап, айыптайтын сылтау табу үшін осыны айтқан еді. Бірақ Ол еңкейіп, саусағымен жерге жазып, оларға көңіл бөлмеді. 7 Әлгілер сұрай берген соң, Иса басын көтеріп: — Араларыңда кімде-кім күнәсіз болса, сол әйелге бірінші болып тас лақтырсын, — деп, 8 тағы да еңкейіп, саусағымен жерге жазып отыра берді. 9 Олар Оның сөзін естігеннен кейін ұялып, алдымен үлкендері, содан кейін басқалары бірінен соң бірі шығып кетті. Ал Иса ортада тұрған әйелмен оңаша қалды. 10 Басын көтеріп, әйелден: — Әлгі айыптаушыларың қайда кетті? Саған ешкім үкім шығарған жоқ па? — деп сұрады. Ол: 11 — Ешқайсысы да, Мырза, — деп жауап берді. Ал Иса: — Мен де саған үкім шығармаймын. Бара бер, бұдан былай күнә жасаушы болма! — деді. 12 Иса тағы бір жолы халыққа сөйлеп отырғанда былай деді: — Мен дүние үшін Нұрмын. Маған ерген кісі енді түнекте жүрмей, шынайы өмірдің Нұрына ие болады, — деді. 13 Сонда парызшылдар Оған: — Сен Өзіңе-Өзің куәсің, сондықтан куәлігің жарамайды, — деді. 14 Иса былай деп жауап берді: — Мен Өзіме-Өзім куә болсам да, куәлігім жарап тұр. Себебі Мен қайдан келгенімді, қайда баратынымды білемін. Ал сендер Менің қайдан келгенімді, қайда баратынымды білмейсіңдер. 15 Сендер пенделік тұрғыдан үкім айтып тұрсыңдар, ал Мен ешкімге үкім айтып тұрған жоқпын. 16 Егерде үкім айтсам, үкімім жарар еді, себебі Мен жалғыз емеспін, Өзімді жіберген Әкеммен біргемін. 17 Сендер ұстанған Таурат заңында екі адамның куәлігінің жарамдылығы туралы жазылған ғой. 18 Мен Өзіме куәмін, ал Мені жіберген Әкем де Маған куә. — 19 Әлгі парызшылдар: — Әкең қайда? — деп сұрады. Иса оларға: — Сендер Мені де, Әкемді де білмейсіңдер. Егер Мені білсеңдер, онда Әкемді де білер едіңдер, — деп жауап қайырды. 20 Осы сөзді Иса ғибадатхананың қазынасы сақталатын қойманың жанында тәлім беріп отырғанда айтты. Алайда Оны ешкім тұтқындаған жоқ, өйткені Исаның өз жанын қиятын уақыты әлі жетпеген еді. 21 Иса жиналғандарға тағы бір жолы тіл қатып былай деді: — Мен бұл жерден кетемін, сонда Мені іздейсіңдер. Ал сендер күнәларыңды арқалап өлесіңдер және Мен баратын жерге жете алмайсыңдар. — 22 Сонда яһуди діндарлары бір-біріне: — «Мен баратын жерге сендер жете алмайсыңдар» дегені Оның Өзін өлтірмек болғаны ма? — десті. 23 Иса оларға былай деді: — Сендер жерденсіңдер, Мен көктенмін. Сендер осы күнәкар дүниенің адамысыңдар, ал Мен осы дүниелік емеспін. 24 Сондықтан да сендерге «күнәларыңды арқалап өлесіңдер» дедім. Өйткені егер Менің Сол екеніме сенбесеңдер, күнәларыңды арқалап өлетін боласыңдар. — 25 Олар Исадан: — Осы Сен кімсің? — деп сұрады. Иса: — Сендерге әуел бастан-ақ не айтсам, Мен дәл Солмын. 26 Сендер туралы айтып, үкім шығаратын жайттарым көп. Бірақ Мені Жіберген — Хақ, Одан естігендерімді дүниеге білдіремін, — деп жауап берді. 27 Олар Исаның көктегі рухани Әкесі туралы айтып тұрғанын түсінген жоқ. 28 Сондықтан Иса былай деді: — Сендер көктен келген Билеушіні (айқышқа шегелеп) жоғары көтеріп қойған кезде Менің Сол екенімді, әрі еш нәрсені өз еркіммен істемей, тек Әкем қалай үйретсе, солай сөйлейтінімді ұғатын боласыңдар. 29 Мені жіберген Әкем Өзіммен бірге. Мен әрқашан Оған ұнайтынын істейтіндіктен, Әкем Мені жалғыз қалдырмайды. 30 Иса осыны айтып тұрғанда, көптеген адамдар Оған сенді. 31 Сонда Иса Өзіне сенген яһудилерге былай деді: — Егер сендер айтқандарымды естеріңе сақтап, жүзеге асырсаңдар, шынымен Менің шәкірттерім боласыңдар. 32 Сонда ақиқатты біле түсесіңдер, ал ақиқат сендерді азаттыққа жеткізеді. — 33 Олар: — Біз Ыбырайымның ұрпағымыз, ешқашан да біреудің құлы болған емеспіз! Қалайша бізге «азаттыққа жетесіңдер» деп айта аласыз? — деді. 34 Иса оларға былай деп жауап берді: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: кім күнә жасаса, сол — күнәнің құлы. 35 Ал құлы емес, ұлы ғана қожайынның үйінде мәңгі қалады, себебі ұлы ретінде оның еркі бар. 36 Сонымен егер Құдайдың рухани Ұлы сендерді азаттыққа жеткізсе, шынымен азат боласыңдар. 37 Сендердің Ыбырайымның ұрпақтары екендеріңді білемін. Алайда Мені өлтірмексіңдер, себебі айтқандарыма жүректеріңнен орын бермедіңдер. 38 Мен Әкемнің көрсеткендері туралы айтып тұрмын, ал сендер өз түп аталарыңнан көргендеріңді істейсіңдер. — 39 Сол яһудилер: — Біздің түп атамыз — Ыбырайым ғой, — деп жауап берді. Иса оларға былай деді: — Сендер шынымен Ыбырайымның ұрпақтары болсаңдар, Ыбырайым секілді әрекет етер едіңдер. 40 Алайда Құдайдан естіген ақиқатты сендерге жеткізген Мені өлтіргілерің келеді. Ондай нәрсені Ыбырайым істеген жоқ. 41 Сөйтіп сендер өз аталарың не істесе, соны істеп жүрсіңдер. — Біз некесіз туғандар емеспіз! Біздің бір ғана рухани атамыз бар, Ол — Құдай! — 42 Иса оларға былай деді: — Рухани аталарың Құдай болса, сендер Мені жақсы көрер едіңдер. Өйткені Мен осында Құдайдан келдім. Өз бетіммен келген жоқпын, Мені Құдай жіберді. 43 Менің айтып тұрғанымды неге түсінбейсіңдер? Себебі Менің сөзімді естіп тұра алмайсыңдар. 44 Сендердің рухани аталарың — әзәзіл шайтан. Соның құмарлықтарын орындағыларың келеді. Ол әуел бастан-ақ кісі өлтіруші болып келеді, ақиқат жағында тұрған да емес, өйткені онда ақиқат жоқ. Әзәзіл өтірікті өз болмысына сай айта береді, себебі ол — өтірікші, өтіріктің бастауы. 45 Мен ақиқатты айтқандықтан Маған сенбейсіңдер. 46 Араларыңдағы қайсың Мені күнә жасадың деп әшкерелей аласың? Ал егер ақиқатты айтсам, неге Маған сенбейсіңдер? 47 Кімде Құдайдың рухани өмірі болса, сол Оның айтқандарына құлақ асады. Сендерде Құдайдың рухани өмірі болмағандықтан, Оның айтқандарына құлақ аспайсыңдар. 48 — Самариялық екенсің, Сені жын соққан деп тұрғанымыз дұрыс емес пе? — деп әлгі яһудилер Исаға тіл тигізді. 49 — Мені жын соққан жоқ! Тек Әкемді құрметтеймін, ал сендер Мені қорлайсыңдар. 50 Мен құрметке бөленуге тырыспаймын, ол жағын ойластыратын Әкем бар. Сендер мен Өзімнің арамыздағы төрелікті айтатын да Сол. 51 Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Менің сөзімді берік ұстанатын кісі мәңгі өлмейді, — деп жауап берді Иса. 52 Ал яһуди діндарлары Оның айтқанын түсінбей: — Ішіңде жынның бар екеніне көзіміз жетті. Ыбырайым да, пайғамбарлар да өлген, ал Сен «Менің сөзімді берік ұстанатын кісі мәңгі өлмейді» дейсің! 53 Әлде Сен өліп қалған түп атамыз Ыбырайымнан да құдіреттісің бе? Пайғамбарлар да өліп қалған. Өзіңді кіммін деп тұрсың? — деді. 54 Иса бұған жауап ретінде былай деді: — Менің Өзімді құрметтеуім түк болмас еді; Мені құрметтеуші — өз Әкем. Сендер Оны «біздің Құдайымыз» десеңдер де, 55 Оны білмейсіңдер; ал Мен Оны білемін. Егер Оны білмеймін десем, сендер сияқты өтірікші болар едім. Бірақ Мен Оны білемін және Оның айтқандарын ұстанамын. 56 Түп аталарың Ыбырайым Менің дүниеге келетін күнімді көретініне шаттанды; ол сол күнді көріп, қуанды да. — Әлгі діншіл яһудилер: 57 — Сен әлі елуге де келген жоқсың, Ыбырайымды көрдім дейсің бе? — деді. 58 Иса оларға былай жауап берді: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Ыбырайым тумастан бұрын да (Мәңгі) Бар Болушы Менмін! 59 Сонда олар ашуланып, Оны тас лақтырып өлтіру үшін жерден тас алды. Бірақ Иса білдіртпей ғибадатханадан шығып кетті.



9

1 Иса өтіп бара жатып, туғаннан соқыр бір адамды көрді. 2 Сонда шәкірттері Исадан: — Ұстаз, мынаның соқыр болып туғанына өз күнәсі себеп болды ма, әлде ата-анасынікі ме? — деп сұрады. 3 Иса: — Оған өзінің де, ата-анасының да күнәсі себеп болған жоқ. Қайта, оның өмірінен Құдайдың құдіретті ісі көрінбек! — деп жауап берді. 4 Сөзін астарлап жалғастырып: — Жарық барда, Мені Жібергеннің тапсырған игі істерін істеуіміз керек. Қараңғы түскен соң, ешкім еш нәрсе істей алмайды. 5 Осы дүниеде тұрған шағымда Мен адамзат үшін Құдайдың Нұрымын, — деді. 6 Осылай дегеннен кейін Ол жерге бір түкіріп, содан балшық жасап, зағиптың көзіне жақты да: 7 — Силоғам тоғанына бар да, жуып таста! — деп тапсырды. Силоғам аударғанда «Жіберілген кісі» деген сөз. Соқыр кісі барып, бетін жуды. Сонда оның көзі ашылып көретін болды. Содан адам үйіне қайта оралды. 8 Көршілері мен оның бұрын соқыр қайыршы болып жүргенін көргендер бір-біріне: «Мынау осы жерде қайыр сұрап отыратын адам емес пе?» — деп, қайран қалысты. 9 Кейбіреулері: «Сол», — десе, басқалары: «Жоқ, бұл соған ұқсас қана», — деді. Әлгі адам: «Мен соның дәл өзімін!» — деп тұрып алды. 10 Сонда кісілер одан: — Көзің қалай көріп кетті? — деп сұрады. Ол: 11 — Иса есімді Адам балшық жасап, көзіме жағып: «Силоғам тоғанына бар да, жуып таста!» — деді. Мен барып, бетімді жудым, сонда көретін боп шыға келдім! — деп жауап берді. 12 — Ол Адам қайда? — деп сұрады олар. Анау: — Мен білмеймін, — деді. 13 Содан жұрт бұрын соқыр болған адамды парызшылдарға алып барды. 14 Ал Иса балшық жасап, оның көзін ашқан күн діни демалыс күні болатын. 15 Парызшылдар да әлгі кісіден көзінің қалай көретін болғанын сұрады. — Ол көзіме балшық жақты. Мен бетімді жудым да, көретін боп шыға келдім! — деді ол. 16 Сонда парызшылдардың кейбіреулері: «Бұл Кісі Құдайдан келген емес, себебі Ол соқырды емдеуімен демалыс күнінің тәртібін бұзды», — десе, басқалары: «Күнәкар кісі осындай кереметтерді қалай істей алады?» — деді. Осылайша олар екі жақ болып бөлініп кетті. 17 — Сол Кісі көзіңді ашыпты дейді. Ол туралы не айтасың? — деп, олар зағип болған кісіге тағы бір сұрақ қойды. Анау былай деп жауап берді: — Ол — пайғамбар! 18 Алайда яһуди діндарлары көзі ашылған кісінің соқыр болып, енді көретіндігіне әлі де сенбегендіктен оның әке-шешесін шақыртып алдыртты. 19 Оларға: — Соқыр боп туды деген балаларың осы ма? Енді ол қалайша көретін болды? — деген сұрақ қойды. 20 Әке-шешесі оларға: — Бұның баламыз екенін және соқыр боп туғанын білеміз. 21 Ал енді ол қалай көретін болды, соны білмейміз. Көзін кім ашқанын да білмейміз. Өзінен сұраңыздар, бала емес қой, өзі айтып берсін, — деді. 22 Әке-шешесі яһуди басшыларынан қорыққандықтан осылай деді, өйткені солар: «Кім Исаны Құтқарушы Мәсіх деп таныса, сол мәжілісхана қауымынан шығарылсын!» — деп келісіп қойған болатын. 23 Осы себептен әке-шешесі «өзінен сұраңыздар, бала емес қой» деді. 24 Сонда парызшылдар бұрын соқыр болған жігітті екінші рет шақырып алып: — Құдай алдында шыныңды айт! Ана Кісінің күнәкар екенін білеміз, — деп тергеді. 25 — Ол күнәкар ма, жоқ па, соны білмеймін. Білетінім бір-ақ нәрсе: мен соқыр едім, енді көретін болдым! — деп жауап берді ол. 26 Парызшылдар тағы да: — Ол саған не істеді? Көзіңді қалай ашты? — деп сұрады. 27 — Мен сіздерге жаңа айттым ғой, бірақ тыңдаған жоқсыздар. Неменеге тағы да естігілеріңіз келеді? Мүмкін, сіздер де Соның жолын қуушы шәкірттері болғыларыңыз келетін шығар? — деп жауап қайырды ол. 28 Сонда парызшылдар оны балағаттап: — Соның шәкірті сенсің, ал біз Мұса пайғамбардың шәкірттеріміз! 29 Құдайдың Мұсамен сөйлескенін білеміз, ал ана Кісінің қайдан келгенін білмейміз, — деді. 30 — Оның қайдан келгенін білмейтіндеріңіз қызық екен. Ол менің көзімді ашты ғой. 31 Құдай күнәкарларға құлақ салмайды; бірақ кім Оны қастерлеп, еркін орындаса, Құдайдың соған құлақ салатынын білеміз. 32 Дүние жаратылғаннан бері іштен соқыр боп туған кісінің көзін біреу ашты дегенді бұған дейін ешкім естіген емес. 33 Құдайдан келмесе, осы Кісі ештеңе де істей алмас еді! — деп нық жауап берді бұрынғы зағип. 34 Әлгілер бұған қарсы шығып: — Сен тұла бойың түгел күнәкар боп тудың, енді бізге ақыл үйретпексің бе?! — деп, оны мәжілісханадан қуып шықты. 35 Иса діндарлардың әлгі кісіні қуып жібергені туралы естіді. Содан Ол оны тауып алған соң, оған: — Көктен келген Билеушіге сенесің бе? — деген сұрақ қойды. 36 — Мырза, Соның кім екенін айтыңызшы, мен Оған сенейін. 37 — Сен Оны көрдің, сенімен сөйлесіп тұрған — Соның Өзі. 38 — Ием, Сізге сенем! — деп, әлгі адам Оның аяғына жығылды. 39 Иса: — Мен бұл дүниеге «соқырлардың» көзі ашылсын, ал «көретіндер» «соқыр» болсын деп, айыру үшін келдім, — деді. 40 Бұл сөзді қасында тұрған бірнеше парызшылдар да естіп: — Сонда біз де «соқырмыз» ба? — деп сұрады. 41 Иса оларға былай деп жауап берді: — Егерде соқыр болсаңдар, кінәларың болмас еді. Ал қазір сендер «көзіміз көреді» деп мақтанғандықтан, кінәларың мойындарыңда қалады.



10

1 Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: кім қой қораға есіктен емес, өзге жерден өрмелеп кірсе, сол — ұры әрі қарақшы. 2 Ал кім есіктен кірсе, қойлардың бағушысы — сол. 3 Қарауыл оған есік ашып, қойлар оның даусын естіп таниды. Бағушы өз қойларын атымен шақырып, далаға шығарады. 4 Шығарған соң олардың алдында жүріп отырады, ал қойлары соңынан ереді, өйткені олар оның даусын таниды. 5 Олар бөтен кісінің соңынан ермей, одан қашады, себебі оның даусын танымайды. 6 Осы астарлы сөзді Иса яһуди діндарларына айтып берді, бірақ олар Оның не айтқанын түсінген жоқ. 7 Сондықтан Иса сөзін жалғастырып былай деді: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: қойлар кіретін «есік» Менмін. 8 Менен бұрын келгендердің бәрі ұрылар әрі қарақшылар болатын. Бірақ қойлар оларға бағынған жоқ. 9 Мен «есікпін», Менен кіргендер құтқарылады. Олар емін-еркін кіріп-шығып, жайылым табады. 10 Ұры ұрлап, сойып, құрту үшін келеді. Ал Мен адамдар шынайы өмірге ие болсын және өмірі рухани игілікке толы ағыл-тегіл мол болсын деп келдім. 11 Мен «ізгі Бағушымын»: ізгі Бағушы қойлары үшін жанын қияды. 12 Ал бағушы емес жалданған адам қойлар өзінікі болмағандықтан, қасқырды көрсе, отарын тастай қашады. Қасқыр қойға шауып, оларды жан-жаққа бытыратып жібереді. 13 Жалшы отарын тастай қашады, өйткені ол — жай жалданушы, қойлардың қамын ойламайды. 14 Мен «ізгі Бағушымын». Әкемнің Мені, Менің Әкемді жақсы білетініміз сияқты, Мен қарамағымдағыларды жақсы білемін, олар да Мені жақсы біледі. Солар үшін жанымды қиямын. 16 Бұл отардан басқа да қойларым бар, соларды да алып келуім керек. Олар даусымды естіп таниды, сонда барлығы бір-ақ Бағушысы бар біртұтас отар болады. 17 Әкем Мені жақсы көреді, себебі Мен жанымды қиямын, содан кейін оны қайтадан аламын. 18 Жанымды ешкім Менен тартып алмайды, оны өз еркіммен қиямын. Қиятын да, қайтып алатын да билігім бар. Бұл — Маған Әкем тапсырған міндет. 19 Осы сөзге бола яһудилер тағы да екі жақ болып айтысып кетті. 20 Көпшілігі: «Оны жын соғыпты, сандырақтап тұр! Неменеге тыңдап тұрсыңдар?» — десе, 21 басқалар: «Бұл жындының сөзі емес! Жын соқырдың көзін аша ала ма?!» — деп қарсылық білдірді. 22 Бұдан кейін Иерусалимде Киелі үй мейрамы болды. Мезгіл қыстың кезі еді. 23 Сонда Иса ғибадатхананың Сүлеймен патша атындағы бағаналы ғимаратында әрі-бері жүрді. 24 Яһуди діндарлары Оны қоршап алып: — Қашанға дейін бізді еліктіріп, алаңдатып қоясыз? Құтқарушы Мәсіх болсаңыз, ашығын айтыңыз! — деп талап етті. 25 Иса оларға былай деп жауап берді: — Мен оны айттым ғой, ал сендер сенбедіңдер. Әкемнің атынан істеп жүрген істерім Менің Сол екеніме айғақ. 26 Бірақ сендер сенбейсіңдер, себебі Менің «отарымнан» емессіңдер. 27 Өз «қойларым» даусымды естіп, бағынады. Мен оларды жақсы білемін, олар Маған еріп жүреді. 28 Соларға мәңгілік өмір беремін. Олар ешқашан жойылмайды, ешкім оларды Менің қолымнан тартып та алмайды. 29 Оларды Маған берген Әкем бәрінен де ұлы. Ешкім соларды Әкемнің қолынан да тартып ала алмайды. 30 Әкем Екеуіміз біртұтаспыз. 31 Сонда діндар яһудилер Оны тас лақтырып өлтіру үшін тағы да жерден тас алды. 32 Иса оларға: — Көз алдарыңда Әкем тапсырған көп игі істер істедім. Солардың қайсысына бола Мені тас лақтырып өлтірмексіңдер? — деген сұрақ қойды. 33 Діндар яһудилер: — Сені игі ісің үшін емес, Құдайды қорлағаның үшін тас лақтырып өлтірмекпіз. Сен адам бола тұра, Өзіңнен Құдай жасағың келеді! — деді. 34 Иса оларға былай деп жауап берді: — Өздерің құрметтейтін Киелі жазбада (Құдайдың билерге арнап мынаны айтқаны) жазылған: «Былай деген едім: сендер құдайсыңдар». 35 Ал Киелі жазбалардың күшін жоюға болмайды ғой. Сонымен Құдай Өзінің сөзі жеткен сол билерді «құдай» деп атаған. 36 Онда Мен «Құдайдың (рухани) Ұлымын» десем, қалайша «Құдайды қорладың» деп айта аласыңдар? Өйткені Әкемнің Өзі Мені ерекше тағайындап, осы дүниеге жіберген. 37 Егер Әкемнің Маған тапсырған істерін істеп жүрмесем, Маған сенбей-ақ қойыңдар. 38 Ал егер Мен оларды істеп жүрсем, тіпті Өзіме сенгілерің келмесе де, істеген істеріме сеніңдер! Осылай сендер Әкемнің Менімен, Менің Әкеммен тығыз байланыста екенімізді түсінесіңдер. 39 Содан олар Исаны тағы да тұтқындамақ болды, бірақ Ол араларынан сытылып шығып кетті. 40 Мұнан кейін Иса қайтадан Иордан өзенінің арғы бетіне, бұрынырақ Жақия пайғамбар шомылдыру рәсімін орындаған жерге барып, сонда қалып қойды. 41 Исаның қасына көптеген адамдар келіп былай десті: «Жақия ешқандай керемет істеген жоқ. Бірақ оның мына Кісі туралы айтқандарының бәрі де шындық!» — 42 Сол жерде жиналғандардың көбі Исаға сенді.



11

1 Сол кезде Елазар деген бетаниялық кісі қатты ауырып жатты. Бұл ауылда Мәриям мен оның әпкесі Марта да тұратын. 2 Кейінірек Иеміздің аяғына иісмай жағып, шашымен құрғатқан осы Мәриям еді. Қазір оның бауыры Елазар қатты науқастанып жатты. 3 Сонда апалы-сіңлілі екеуі: «Мырза, Сіз жақсы көретін кісі ауырып жатыр», — деп Исаға Елазар туралы хабар жіберді. 4 Иса мұны естігенде: «Бұл аурудың соңы өлімге соқтырмайды, қайта, Құдайды ұлылыққа бөлеуге септігін тигізеді: ол арқылы Құдайдың рухани Ұлының құдіретті ұлылығы көрінеді», — деді. 5 Иса Мартаны, оның сіңлісі мен Елазарды жақсы көруші еді. 6 Бірақ Ол Елазардың науқастанып жатқанын естісе де, сол кезде болған жерінде тағы да екі күнге қалып қойды. 7 Бұдан кейін Иса шәкірттеріне: — Яһудея аймағына қайта барайық! — деді. 8 Олар: — Ұстаз, яһуди діндарлары күні кеше ғана Сізді тас лақтырып өлтіргісі келмеп пе еді? Шынымен тағы сол жаққа бармақсыз ба? — деп сұрады. 9 Иса: — Күндізгі уақытта он екі сағат бар емес пе? Адам жолмен күндіз жүрсе, сүрінбейді, өйткені ол бұл дүниенің жарығын көреді. 10 Ал егер түнекте жүрсе, сүрінеді, себебі онда жарық жоқ, — деп астарлап жауап берді. 11 Мұнан кейін Иса сөзін жалғастырып: — Досымыз Елазар ұйықтап жатыр. Мен барып, оны оятайын, — деді. 12 Шәкірттері: — Мырза, ұйықтағаны жақсы, сонда сауығады! — деді. 13 Иса астарлап сөйлеп, Елазардың өлгенін айтқан еді, ал олар кәдімгі ұйқыны айтып тұр деп ойлап қалды. 14 Сонда Иса жасырмай: — Елазар өлді, — деді. 15 — Бірақ Өзімнің сол жерде болып, оны сауықтырмағаныма сендер үшін қуанамын; осылай берік сенімге жетесіңдер. Енді Елазарға барайық! 16 Сыңарлас деп аталатын Тома басқа шәкірттерге: «Біз де барып, Онымен бірге өлейік», — деді. 17 Иса Бетания ауылына жеткенде, Елазардың өліп, қабірге қойылғанына төрт күн болғанын естіді. 18 Бетанияның Иерусалимнен қашықтығы үш-ақ шақырымдай болғандықтан, 19 қаладан көптеген яһудилер Мәриям мен Мартаға көңіл айтуға келген екен. 20 Исаның келе жатқанын естіген Марта алдынан шықты; Мәриям үйде отыра берді. 21 Марта Исаға: — Ием, Сіз осында болсаңыз, бауырым өлмес еді! 22 Бірақ қазір де Құдайдан не сұрасаңыз да, оны Сізге беретінін білемін, — деді. 23 — Бауырың қайта тіріледі, — деп жауап берді Иса. 24 Сонда Марта: — Ақырғы күнгі қайта тірілуде оның да тірілетінін білемін, — деді. 25 Ал Иса оған: — Қайта тірілу мен шынайы өмір — Менмін. Маған сенетін адам өлсе де, шынайы өмір сүретін болады. 26 Осылай өмір сүріп, Маған сенген әрбір адам ешқашан да рухани өлмейді. Бұған сенесің бе? — деді. 27 Марта: — Иә, Ием, Сіздің пайғамбарлар дүниеге келеді деп алдын ала айтқан Мәсіх — Құдайдың рухани Ұлы екеніңізге сенемін, — деп жауап берді. 28 Осыны айтқан соң Марта барып, басқаларға білдірмей Мәриямға: «Ұстаз осында, сені шақырып жатыр», — деді. 29 Мәриям мұны естісімен асығыс тұрып, Оған қарсы жүрді. 30 Ал Иса әлі де ауылға кірмей, Мартаға кездескен жерінде болатын. 31 Мәриямның қасында көңіл айтып отырған яһудилер оның асығыс тұрып, сыртқа шығып кеткенін көргенде соңынан ере шығып: «Қабірдің басына барып жоқтау айтатын шығар», — деп ойлады. 32 Мәриям Иса тұрған жерге келіп, аяғына жығыла: — Ием, Сіз осында болсаңыз, бауырым өлмес еді! — деді. 33 Мәриямның және оған ерген яһудилердің қайғырып жылағандарын көргенде, Иса іштей қатты қобалжып, қайғырып, толқып кетті. 34 Олардан: — Оны қай қабірге қойдыңдар? — деп сұрады. — Иеміз, барып көріңіз, — деді олар. 35 Иса көзіне жас алды. 36 Яһудилер: — Қараңдар, Ол Елазарды қалай жақсы көрген! — деді. 37 Ал араларындағы кейбіреулері: — Соқырдың көзін ашқан Ол оны да ажалдан арашалап алып қала алмас па еді? — деді. 38 Иса тағы да қатты қобалжып, қабірдің басына барды. Қабір — аузы (дөңгелек дәу) қақпақ таспен жабылған үңгір екен. 39 Иса: — Тасты алып тастаңдар! — деп бұйырды. Бірақ марқұмның әпкесі Марта: — Ием, ол иістеніп барады, жатқанына төрт күн болды! — деп қарсылық білдірді. 40 — Егер Маған сенсең, Құдайдың құдіретті ұлылығын көресің деп саған айтпап па едім? — деді Иса. 41 Сонда олар қақпақ тасты үңгір аузынан домалатып алып тастады. Иса көзін көкке қадап: — Әке, тілегімді қабыл алғаның үшін Саған ризамын! 42 Тілегімді әрқашан қабыл алатыныңды білемін. Алайда айналамда тұрған жұрт Мені Өзіңнің жібергеніңе сенсін деп мұны айтып тұрмын, — деп мінажат етті. 43 Осылай дегеннен кейін: — Елазар, шық! — деп қатты дауыспен бұйырды. 44 Сонда марқұм адам қабірден шықты! Оның аяқ-қолы кебінге оралып, бет-аузы да орамалмен байланған еді. Иса қасындағыларға: — Кебінін шешіп жіберіңдер, жүре берсін! — деп тапсырды. 45 Мәриямға келген яһудилердің көбі Исаның керемет ісін көріп, Оған сенді. 46 Бірақ кейбіреулері парызшылдарға барып, Исаның не істегенін айтып берді. 47 Сонда басты діни қызметкерлер мен парызшылдар Жоғарғы кеңестің мәжілісін шақырып: — Біз не істесек екен? Мына Кісі көптеген кереметтер жасап жүр. 48 Оны осылай қалдырсақ, бәрі Соған сенетін болады. Сонда римдіктер келіп, киелі үйіміз бен ұлтымызды біздің қолымыздан тартып алып жүрер! — десті. 49 Олардың біреуі, сол жылы бас діни қызметкер болған Қаяфа, тіл қатып: — Сендер түк білмейсіңдер ме? 50 Бүкіл ұлтымыздың құрып кетуінен гөрі, бізге халық үшін бір Адамның өлгенінің жақсы екенін ойламайсыңдар ма? — деді. 51 Бұл сөзді ол өздігінен айтқан жоқ, қайта, сол жылы бас діни қызметкер болғандықтан: «Иса халқымыз үшін өлуге тиіс» деп алдағы оқиғаны білдірді. 52 Ал Иса Исраил халқы үшін ғана емес, сондай-ақ жер жүзіне таралған басқа халықтардың енді Құдайдың рухани балалары болулары үшін де өлуге тиісті болды. Ондағы мақсаты — екі жақты жинап, біріктіру еді. 53 Сол күннен бастап олар Исаны өлтіру туралы берік байламға келді. 54 Сондықтан Иса бұдан былай яһудилердің арасында ашық жүрмей, айдалаға жақын жердегі Ефраим атты қалашыққа кетіп, сонда шәкірттерімен бірге болды. 55 Яһуди халқының Құтқарылу мейрамы жақындап қалған еді. Бүкіл елден көптеген кісілер мейрам алдындағы діни тазару салтын орындау үшін Иерусалимге өрлеп бара жатты. 56 Олар Исаны іздестіріп жүрді. Қалаға жеткеннен кейін: «Ол мейрамға осында келмейтін шығар, қалай ойлайсыңдар?» — деп ғибадатханада әңгімелесіп тұрды. 57 Себебі басты діни қызметкерлер және парызшылдар: «Оның қайда жүргенін көрген біреу болса, тұтқындау үшін бізге хабар берсін!» — деп жарлық шығарып қойған еді.



12

1 Құтқарылу мейрамынан алты күн бұрын Иса Бетанияға барды. Сол ауылда Өзі өлімнен қайта тірілтіп алған Елазар тұратын. 2 Осы жерде Исаға арнап қонақасы берілді. Марта қызмет етті. Дастарқандас болғандардың ішінде Елазар да Исамен бірге отырды. 3 Ал Мәриям бір қадақтай таза, өте құнды иісмайға толы құтыны қолына алды. Осы иісмай нард деген өсімдіктен жасалған болатын. Мәриям оны Исаның аяқтарына құйып, оларды шашымен құрғатты. Үй ішінде майдың жұпар иісі аңқып кетті. 4 Исаның шәкірттерінің бірі, кейінірек Оған опасыздық жасаған Яһуда Исқариот: 5 — Неліктен осы иісмайды сатып, түскен ақшаны мүсәпірлерге үлестіріп бермеген? Оның бағасы бір жылдық жалақыға тең емес пе?! — деп наразылық білдірді. 6 Бұл сөзді Яһуда мүсәпірлердің қамын ойлағандықтан емес, ұры болғандықтан айтты. Ортақ қаржы салатын әмиян өзінің қолында болып, Яһуда түскен ақшаға қол сұғып жүрді. 7 Иса оған қарсы шығып былай деді: — Мәриямға тиме! Ол осыны істеуі арқылы Менің денемді қабірге қоятын күнгі май жағу салтын алдын ала орындады. 8 Мүсәпірлер әрдайым қастарыңда ғой, ал Мен ұдайы қастарыңда бола бермеймін. 9 Исаның Бетанияда екенін көптеген яһудилер біліп қойды. Олар Иса үшін ғана емес, Ол тірілтіп алған Елазарды көру үшін де бұл жерге келді. 10 Сондықтан басты діни қызметкерлер оны да өлтіру туралы ақылдасты. 11 Өйткені Елазардың басынан өткен кереметке бола яһудилердің көбі олардан бас тартып, Исаға сенім артты. 12 Келесі күні мейрамға жиналған халықтың үлкен тобы Исаның Иерусалимге келетінін естіп, 13 қолдарына пальма бұтақтарын ұстап, қала сыртына шықты. Оны: «Жаратқан Ие мадақталсын! Жаратқанның атынан келе жатқан Исраилдің Патшасы жарылқанған!» — деп айқай салып қарсы алды. 14 Иса бір тайқар есекті тауып алдыртып, соған мінген еді. (Зәкәрия) пайғамбардың жазбасында бұл туралы мына тәрізді сөздер айтылған: 15 Уа, Сион халқы, қорықпа! Қара, сенің Патшаң саған келе жатыр! Ол тайқар есектің үстінде отыр. 16 Шәкірттері бұны сол кезде түсінген жоқ. Дегенмен Иса қайта тіріліп, көкке көтеріліп, Өзінің ұлылығына ие болғанда, олар бұл сөздердің Иса туралы алдын ала жазылғанын және халықтың Оны осылай қарсы алғанын естеріне алды. 17 Халық арасындағы көптеген адамдар Исаның Елазарды қабірден шақырып, өлімнен қайта тірілтіп алған кезінде Онымен бірге болған еді. Енді олар сол туралы куәлік етіп айтып жатты. 18 Осындай керемет жасағанын естіген жұрт сондықтан да Исаның алдынан шықты. 19 Ал парызшылдар өзара: «Көріп тұрсыңдар ғой, бұлай алға баспайсыңдар: жұрттың бәрі Оның соңынан еріп кетті!» — десті. 20 Мейрам кезінде Құдайға ғибадат ету үшін Иерусалимге келгендердің ішінде бірнеше гректер де бар еді. 21 Олар Ғалилея аймағындағы бетсайдалық Філіпке жақындап келіп: «Мырза, Исамен кездескіміз келеді», — деген тілек білдірді. 22 Філіп мұны Әндірге барып айтты, содан екеуі бұл хабарды Исаға жеткізді. 23 Иса оларға былай деп жауап берді: — Көктен келген Менің ұлылыққа жететін уақытым келді. 24 Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: егер бидайдың дәні жерге егіліп, жойылмаса, онда ол жалғыз дән болып қалады. Ал егер ол жерге егіліп, көктеп, өзі жойылса, сонда ғана одан көп өнім өсіп шығады. 25 Кім өз өмірін бәрінен артық көрсе, сол шынайы өмірден құр қалады. Ал осы күнәкар дүниеде өмірін Құдай үшін қиған әркім оны мәңгілік өмір үшін сақтайды. 26 Кім Маған қызмет еткісі келсе, сол Маған ерсін. Мен қайда болсам, қызметшім де сонда болады. Ал Маған қызмет етіп жүрген әркімді Әкем құрметтейді. 27 Қазір көңілім қатты толқу үстінде. Мен не айтайын: «Әке, Мені осы күннен құтқара гөр» дейін бе? Қайта, бұл күнге осыны бастан кешіру үшін жеттім ғой. 28 Әке, өз атыңды ұлылыққа жеткізе гөр! — Сонда көктен: «Мен оны ұлылыққа жеткіздім және бұдан былай да жеткізе беремін!» — деген үн естілді. 29 Сол жерде тыңдап тұрған халықтың ішінен кейбіреулері: — Күн күркіреді, — десе, басқалары: — Оған бір періште тіл қатқан шығар, — деді. 30 Иса оларға: — Көктегі үн Мен үшін емес, сендер үшін естілді, — деді. 31 — Енді осы күнәкар дүние сотталады! Енді осы дүниенің әміршісі қуылады! 32 Ал Мені жерден көтеріп қойғаннан кейін, адамдардың бәрін Өзім арқылы құтқарылуға шақырамын, — деді. 33 Бұл сөзді Иса Өзінің қандай жолмен өлуге тиіс екенін білдіру үшін айтты. 34 Жиналған жұрт Исадан: — Киелі кітаптан біз «Мәсіх мәңгі өмір сүреді» деп үйрендік. Қалайша көктен келген Билеушіні жерден көтеріп қою керек дейсіз? Сіз айтып тұрған «көктен келген Билеуші» кім? — деп сұрады. 35 Иса оларға былай деп жауап қайтарды: — «Нұр» тағы біраз уақыт сендермен бірге болады. Өздеріңді қара түнектің баспауы үшін «Нұр» барда жүре беріңдер! Түнекте жүргендер қайда бара жатқандарын білмейді. 36 Қастарыңда «Нұр» барда Соған сеніңдер, сонда «Нұрдың адамдары» боласыңдар. — Иса осылай деді де, жұрт көзінен тасаланып кетіп қалды. 37 Иса олардың көз алдарында көп кереметтер жасаса да, көпшілік Оның Мәсіх екендігіне сенген жоқ. 38 Сонымен Ишая пайғамбардың алдын ала айтқан мынадай сөздері дәл келді: Ием, біздің хабарымызға азғана кісілер сенді! Жаратқан Иенің құдіретті күші кімге ашық көрсетілді? 39 Ишая пайғамбар тағы бір жерде көпшіліктің неліктен сене алмағандығы туралы мына тәрізді сөздер айтқан: 40 Ол көздерін соқыр, жүректерін қасарысқан сезімсіз қылған. Сол себептен көздері көрмейді, жүректері түсінбейді, өздері теріс жолдарынан қайтпайды. Әйтпесе оларды рухани дертінен сауықтырар едім. 41 Ишая пайғамбар Иеміздің салтанатты ұлылығын көргендіктен, Ол туралы осылай деп алдын ала айтып кеткен еді. 42 Ал Исраилдің басшы адамдарының көбі Исаға сенді, бірақ парызшылдар мәжілісханадан шығарып жібермесін деп Оны ашық мойындаған жоқ. 43 Себебі олар Құдай беретін құрметті емес, адамнан көретін құрметті көбірек ұнататын. 44 Содан Иса дауыстап былай деді: «Маған сенген кісі Өзіме ғана емес, Мені Жібергенге де сенеді, 45 әрі Мені көрген кісі Мені Жібергенді де көреді. 46 Мен дүниеге келген «Құдайдың Нұрымын». Маған сенімін артқан ешкім қара түнекте қалмайды. 47 Кім хабарымды естіп, оны ұстанып сақтамаса, ондайды қазір соттап жатпаймын; Мен адамзатты соттау үшін емес, құтқару үшін дүниеге келдім. 48 Бірақ Мені елемей, хабарымды қабылдамағандардың соты дайын тұр: Мен білдірген хабар оларды қиямет күні айыптайтын болады. 49 Себебі Мен өздігімнен айтқан жоқпын. Нені және қалай айтуға тиісті екенімді Мені жіберген Әкем Маған тапсырды. 50 Оның өсиетінің мәңгілік өмір сыйлайтынын білемін. Сондықтан Әкем Маған не тапсырған болса, соны айтамын».



13

1 Құтқарылу мейрамының қарсаңы еді. Иса Өзінің бұ дүниеден кетіп, Әкесіне баратын күнінің жақындап қалғанын білді. Бұ дүниедегі өз адамдарын өте жақсы көргендіктен, Иса оларға деген сүйіспеншілігін ақырына дейін ісімен де толық көрсетті. 2 Иса шәкірттерімен бірге кешкі асқа отырды. Бұған дейін әзәзіл шайтан Шимон Исқариоттың ұлы Яһуданың жүрегіне Исаға опасыздық жасау ойын ұялатып қойған еді. 3 Бірақ Иса Әкесінің бүкіл билікті өз қолына беріп қойғанын, сондай-ақ, Өзінің Құдайдан келіп, Оған тағы қайтып баратынын да білді. 4 Содан Иса дастарқан басынан тұрып, сырт киімін шешті де, беліне алжапқыш байлады. 5 Бұдан кейін Ол шылапшынға су құйып, шәкірттерінің аяқтарын жуып, беліне байлаған алжапқышпен құрғатып сүрте бастады. 6 Иса Шимон Петірдің қасына келгенде, ол: — Ием, Сіз аяғымды жуайын деп жатырсыз ба? — деп сұрады. 7 Иса оған: — Не істеп тұрғанымды сен қазір емес, кейінірек түсінесің, — деді. 8 Петір: — Мен Сізге аяғымды еш уақытта жуғызбаймын, — деп қарсылық білдірді. Иса: — Егер сені жумасам, онда Менімен тығыз қатынаста бола алмайсың, — деп жауап берді. 9 Сонда Шимон Петір: — Ием, олай болса, аяғымды ғана емес, қолым мен басымды да жуыңыз! — деп өтінді. Иса астарлап: 10 — Шомылған кісі тап-таза, оның аяғын ғана жуу керек. Сендер де тазасыңдар, бірақ бәрің емес, — деді. 11 Ол Өзіне кімнің опасыздық жасайтынын білді, сондықтан «бірақ бәрің емес» деп қосты. 12 Шәкірттерінің аяғын жуып, сырт киімін киіп, орнына отырғаннан кейін Иса: — Сендерге не істегенімді түсінесіңдер ме? — деген сұрақ қойды. 13 — Маған «Ұстаз», «Ием» дейсіңдер. Осылай атағандарың дұрыс, себебі Мен Солмын. 14 Ал егер Мен Иелерің және Ұстаздарың бола тұра, аяқтарыңды жусам, сендер де бір-біріңе сондай қызмет көрсетуге тиіссіңдер! 15 Сендерге өте маңызды шындықты айтып тұрмын: қызметшінің жолы қожайынынан үлкен емес, елшінің жолы да өзін жібергендікінен үлкен емес. Мен сендерге қалай қызмет етсем, сендер де солай етсін деп үлгі көрсеттім. 17 Мұны біліп, осылай іс-әрекет етсеңдер, бақытты боласыңдар! 18 — «Сендер тазасыңдар» деген сөзді бәрің туралы айтып тұрған жоқпын. Қайсыларыңды таңдағанымды Өзім білемін, бірақ Киелі жазбадағы мына сөздің орындалуы тиіс: Дастарқандас боп нанымды жеген кісі Мені теуіп жіберу үшін Маған қарсы көтерді өз өкшесін. 19 Мен мұны осы сөз әлі орындалмас бұрын айтып тұрмын. Ол кейін орындалған соң, Менің мәңгі Бар Болушы екеніме сендер сенсін деймін. 20 Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: Кім Мен жіберген адамды қабылдаса, соның Мені қабылдағаны. Ал кім Мені қабылдаса, оның Мені Жібергенді де қабылдағаны, — деді Иса. 21 Осы сөзден кейін Иса іштей қатты толқып, салмақтап: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: араларыңдағы біреу Маған опасыздық жасайды, — деді. 22 Шәкірттері Исаның кімді айтып тұрғанын ұқпай, бір-біріне аң-таң болып қарасты. 23 Исаның жақсы көретін шәкірті дастарқан басында Оның қасында жантайып жатушы еді. 24 Шимон Петір Исаның кімді айтқанын сұрап білші деп жаңағы шәкіртке ымдап белгі берді. 25 Анау Исаға бұрылып: — Мырза, сол адам кім? — деп сұрады. 26 Иса: — Үзім нанды табақтағы тұздыққа батырып, кімге берсем, ол — сол кісі, — деді. Содан кейін Иса қолындағы бір үзім нанды тұздыққа батырып алып, Шимон Исқариоттың ұлы Яһудаға берді. 27 Яһуда нанды алысымен әзәзіл шайтан оның бойына еніп алды. Иса Яһудаға: «Не істегің келсе, соны тезірек істе!» — деді. 28 Отырғандардың ешқайсысы Исаның оған неге бұлай дегенін түсінген жоқ. 29 Яһуда ортақ қаржы салатын әмиянды ұстайтындықтан, кейбіреулері Иса: «Мейрамға не керектің бәрін сатып ал!» немесе «Мүсәпірлерге садақа бер!» деп оған тапсырма берген шығар деп ойлады. 30 Ал Яһуда нанды жеп алған соң тез шығып кетті. Сыртта қараңғы түн еді. 31 Яһуда шығып кеткеннен кейін, Иса былай деді: — Енді көктен келген Мен ұлылыққа кенелемін, Өзім арқылы Құдайдың ұлылығы да көрінеді. 32 Мен Құдайдың ұлылығын көрсеткенде, Құдай да Менің ұлылығымды паш етеді. Бұл көп кешікпей орындалады. 33 Балаларым, енді аз-ақ уақыт қастарыңда боламын, кейін Мені іздейсіңдер. Әлгі яһудилерге айтқан сөзімді қазір сендерге де айтамын: Мен баратын жерге сендер жете алмайсыңдар. 34 Сендерге бір жаңа өсиет айтамын: біріңді-бірің жақсы көріңдер! Мен өздеріңді сүйгендей, сендер де бір-біріңді сүйіңдер! 35 Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады. 36 Шимон Петір: — Мырзам, Сіз қайда бармақсыз? — деп сұрағанда, Иса: — Мен баратын жерге сен қазір еріп бара алмайсың, кейінірек соңымнан келесің, — деді. 37 Петір: — Мырза, Сізге қазір неліктен еріп бара алмаймын? — деп сұрады. — Сіз үшін жанымды қиюға дайынмын! — 38 Иса оған былай жауап берді: — Мен үшін жан қиямын дейсің бе? Саған шындығын айтайын: осы түні әтеш шақырғанша сен Менен үш рет танасың!



14

1 — Көңілдерің толқымасын! Құдайға сеніңдер және Маған да сеніңдер! 2 Көктегі Әкемнің үйінде тұратын орын көп. Егер солай болмаса, Мен сендерге айтқан болар едім ғой. Енді сол жерден сендер үшін орын дайындауға бара жатырмын. 3 Барып, дайындап болғаннан кейін қайтып келіп, Өзім болатын жерде сендерді де болсын деп қасыма алып кетемін. 4 Қайда бара жатқанымды да, сонда апаратын жолды да білесіңдер, — деді Иса. Ал Тома: 5 — Ием, қайда бара жатқаныңызды білмейміз. Онда біз жолды қалай білеміз? — деп сұрады. 6 Иса оған: — Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды. 7 Мені жақыннан танысаңдар, Әкемді де білер едіңдер. Оны қазірден бастап білесіңдер және көрдіңдер де, — деп түсіндірді. Філіп: 8 — Мырзам, бізге Әкені көрсетіңіз, бізге сол да жеткілікті, — деп өтінді. 9 Иса былай деп жауап берді: — Мен көптен бері қастарыңдамын, сонда да Мені шынымен білген жоқсың ба, Філіп? Кім Мені көрсе, соның Әкені де көргені. Бізге Әкені көрсетіңіз деп неге айтасың? 10 Менің Әкеммен, Әкемнің Менімен тығыз байланыста екенімізге сенбейсің бе? Сендерге айтып жүрген сөздерім Өзімдікі емес, Әкемдікі. Сол сияқты Менімен тығыз байланыстағы Әкем Өзінің істерін де Мен арқылы істеп жатыр. 11 Менің Әкеммен, Әкемнің Менімен тығыз байланыста екенімізге сеніңдер! Әйтпесе істеген кереметтеріме сүйеніп Маған сеніңдер. 12 Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: Мен жасаған кереметтер сияқтыларды Маған сенуші де істейді, тіпті одан да зорларын істейді, себебі Мен Әкеме барамын. 13 Менің атымнан Әкемнен не сұрасаңдар да, орындаймын, сонда Әкенің ұлылығы Өзінің рухани Ұлы арқылы көрінеді. 14 Менің еркіме мойынсұнып бір нәрсе сұрасаңдар, Мен соны орындаймын. 15 Сендер Мені сүйсеңдер, өсиеттерімді орындаңдар! 16 Мен көктегі Әкемнен сендермен мәңгі бірге болатын Қамқоршыны жіберуін өтінемін, 17 Ол — шындықты білдіретін Киелі Рух. Осы күнәкар дүние Киелі Рухты қабылдай алмайды, себебі Оны көрмейді әрі білмейді. Ал сендер Оны білесіңдер, өйткені Киелі Рух сендермен бірге тұрып, жан дүниелеріңнен орын алады. 18 Мен сендерді жетімсіретпей, өздеріңе қайтып келемін. 19 Енді аз уақыт қалды, содан кейін осы күнәкар дүние Мені көрмейді, ал сендер Мені көресіңдер. Мен қайта тірілемін, сондықтан сендер де мәңгілік өмірге ие боласыңдар. 20 Сол күні сендер Менің Әкеммен, сендердің Менімен, Менің де сендермен тығыз байланыста екенімізді түсінесіңдер. 21 Менің өсиеттерімді жүректеріне сақтап, орындап жүргендер — Мені сүйетіндер. Оларды Әкем де сүйеді. Мен де соларды сүйіп, Өзімді оларға жақынырақ таныстырамын. — 22 Исқариоттан өзге Яһуда Исадан: — Мырзам, Сіз қалайша осы дүниеге емес, тек бізге ғана Өзіңізді таныстырмақсыз? — деп сұрады. 23 Иса былай деп жауап берді: — Кім Мені сүйсе, сол айтқан сөздерімді берік ұстанады, әрі Әкем оны сүйеді. Біз сондай адамдарға келіп, өмірлерінен орын аламыз. 24 Мені сүймегендер сөздерімді берік ұстанбайды. Сендердің естіп жүргендерің — Өзімнің емес, Мені жіберген Әкемнің сөздері. 25 Мен бұл сөздерді әлі де қастарыңда жүрген кезімде айтып тұрмын. 26 Ал Әкем Менің атымнан Қамқоршыларың — Киелі Рухты жібереді. Ол Менің сендерге айтқан сөздерімнің бәрін естеріңе салып, рухани өмірлеріңе керектің бәрін үйретеді. 27 Мен сендерге амандық пен тыныштық сыйлаймын, Өзімнің тыныштығымды беремін. Менің беретінім осы дүниенің беретін өткінші тыныштығы сияқты емес, сондықтан көңілдерің қобалжып, қорықпаңдар. 28 Менің өздеріңе былай дегенімді естігенсіңдер: Мен кетемін, кейін сендерге қайтып келемін. Егер Мені шын көңілмен сүйсеңдер, Әкеме барып, құрметке бөленетініме қуанар едіңдер; себебі Әкем Менен ұлы. 29 Сендердің осылар іске асқан кезде Менің айтқандарыма шын сенулерің үшін бұларды қазір алдын ала айтып тұрмын. 30 Енді сендермен көп сөйлесе алмаймын, өйткені осы күнәкар дүниенің әміршісі (шайтан) жақындап келе жатыр. Оның билігі Маған жүрмейді. 31 Бірақ осы дүние Менің көктегі Әкемді сүйетінімді білсін деп Әкемнің тапсырмасын орындаймын. Ал енді тұрыңдар, бұл жерден кетейік! — деп Иса сөзін аяқтады.



15

1 — Мен «шынайы жүзім бұтасымын», ал көктегі Әкем «жүзім өсіруші». 2 Маған ілінген, бірақ рухани жеміс бермейтін әр «сабақты» Әкем кесіп тастайды, ал өнім беретіндерін молырақ берсін деп тазартады. 3 Сол сияқты сендер де Менің өздеріңе айтқан сөздеріме сеніп, рухани таза болдыңдар. 4 Менімен тығыз байланыста тұрыңдар, сонда Мен өздеріңмен тығыз байланыста тұрамын. Сабақ өздігінен емес, тек бұтасымен байланыста тұрса ғана жеміс бере алады. Сол секілді сендер де Менімен тығыз байланыста тұрмасаңдар, рухани өнім бере алмайсыңдар. 5 Мен «бұтамын», ал сендер «сабақтарымсыңдар». Менімен тығыз байланыстағылармен Өзім де тығыз байланыста тұрамын, сонда олар мол өнім бермек. Ал Менен бөлініп сендер ешбір игілік істей алмайсыңдар. 6 Кім Менімен байланыста тұрмаса, сол кесіліп тасталған сабақтар іспетті «сыртқа лақтырылып, кеуіп қалады». Кепкен сабақтар кейін жиналып, отқа жағылып, жанып кетеді. 7 Ал егер сендер Менімен тығыз байланыста тұрсаңдар, әрі Менің сөздерім өздеріңмен бірге болса, қалағандарыңның бәрін көктегі Әкемнен сұраңдар, сонда аласыңдар. 8 Егер мол жеміс берсеңдер, Менің шәкірттерім боласыңдар. Сол арқылы Әкемнің ұлылығы анық көрінеді. 9 Әкем Мені қалай сүйсе, Мен де сендерді солай сүйемін. Сүйіспеншілігімді қабылдай беріңдер! 10 Менің Әкемнің өсиеттерін орындап, сүйіспеншілігін қабылдап жүргенімдей, сендер де Менің өсиеттерімді орындасаңдар, сүйіспеншілігімді қабылдап жүресіңдер. 11 Бұларды Менің көретін қуанышым сендердікі де болсын, әрі қуаныштарың мейлінше толық болсын деп өздеріңе айттым. 12 Сендерге айтатын өсиетім мынау: бір-біріңді Менің өздеріңді сүйгенімдей сүйіңдер! 13 Адамның достарына көрсететін ең зор сүйіспеншілігі — олар үшін өмірін құрбан етуі. 14 Егер Менің тапсырғандарымды орындасаңдар, Маған доссыңдар. 15 Сендерді бұдан былай құл демеймін, құл иесінің не істеп жүргенін білмейді. Қайта, сендерді достарым деп атадым, өйткені Әкемнен естігендерімнің бәрін сендерге білдірдім. 16 Сендер Мені таңдап алған жоқсыңдар, қайта, Мен сендерді таңдап алдым: өздерің барып, рухани жеміс берсін, сол жемістерің тұрақты болсын деп тағайындадым. Сонда Менің атымнан не сұрасаңдар, Әкем соның бәрін де береді. 17 Сендерге айтатын өсиетім мынау: бір-біріңді сүйіңдер! 18 Күнәкар дүние сендерді жек көрсе, оның сендерден бұрын Мені жек көргенін біліңдер. 19 Егер де осы дүниелік болсаңдар, ол сендерді өз адамдары ретінде жақсы көрер еді. Бірақ осы дүниелік емессіңдер, керісінше, Мен сендерді күнәкар дүниенің ішінен таңдап, айырып алдым. Сондықтан да ол сендерді жек көреді. 20 Мына айтқан сөзім естеріңде болсын: «қызметшінің жолы қожайынынан үлкен емес». Күнәкарлар Мені қудаласа, сендерді де қудалайды. Олар Менің сөзімді ұстанды ма, жоқ, ендеше сендердің сөздеріңді де ұстанбайтын болады. 21 Осының бәрін Менің атымды мойындағандарың үшін сендерге істейді. Себебі олар Мені Жібергенді танымайды. 22 Мен дүниеге келіп, оларға сөйлемесем, онда олар айыпты болмас еді. Ал енді кінәларына еш сылтау жоқ. 23 Мені жек көргендер сол арқылы Әкемді де жек көреді. 24 Егер Мен басқа ешкім жасамаған кереметтерімді араларында жасамаған болсам, олар айыпты болмас еді. Бірақ олар кереметтерімді көргенмен, Өзімді де, Әкемді де жек көреді. 25 Алайда солар қадірлейміз дейтін Киелі жазбаларда мынадай сөздер жазылған: Олар Мені себепсіз жек көреді. Бұл сөз осылайша іске асады. 26 Мен сендерге Әкемнен бір Қамқоршыны жіберемін: сендерге шындықты білдіретін сол Киелі Рух Әкемнен келіп, Мен туралы куәлік береді. 27 Сендер де куәлік бересіңдер, себебі қызметімнің басынан бастап қасымда болып келесіңдер.



16

1 Сендерге осының бәрін Маған деген сенімдеріңнен таймауларың үшін айттым. 2 Діндар яһудилер сендерді қауымдарынан шығарып жіберетін болады. Тіпті көздеріңді құртқан әркім Құдайға қызмет көрсетіп жатырмын деп ойлайтын күн де туады. 3 Олар мұны не Әкені, не Мені танымағандықтан істейді. 4 Бұларды айтқандағы мақсатым — сендердің бастарыңа сондай күн туғанда Менің оны алдын ала айтып кеткенімді естеріңе алып, жігерленулерің. Мен сендерге қызметімнің басында бұларды айтқан жоқпын, себебі өздеріңмен бірге болдым ғой. 5 Енді Мен Өзімді Жібергенге қайтып кетемін. Ал бірде-біреуің Менен: «Қайда барасыз?» — деп сұрамайсыңдар. 6 Қайта, Менің айтқандарымнан көңілдерің жабырқап, мұңайып тұрсыңдар. 7 Сендерге шындығын айтайын: Менің кететінім сендер үшін жақсы! Себебі Мен кетпесем, сендерге Қамқоршыларың (Құдай Рухы) келмейді; ал Мен барған соң, Оны сендерге жіберемін. 8 Құдай Рухы келген соң, Ол осы дүниенің күнәсінің, Менің әділдігімнің және Құдайдың сотының қандай екендігіне адамдардың көздерін жеткізеді: 9 олардың күнәсі — Маған сенбейтіндіктері; 10 әділдігімнің дәлелі — Менің Әкеге баратыным және сендердің бұдан былай Мені көрмейтіндіктерің; 11 ал сот — осы күнәкар дүниенің әміршісінің (яғни әзәзіл шайтанның) сотталғандығы. 12 Сендерге айтарым әлі де көп, бірақ қазір оның бәрін тыңдауға төзімдерің жете қоймас. 13 Алайда шындықты білдіретін Құдай Рухы келгеннен кейін сендерді бар шындыққа жеткізеді. Себебі Ол Өзінен шыққан сөзді емес, көктегі Әкемнен естігенін айтады және болашақта не болатынын сендерге хабарлайды. 14 Құдай Рухы Менің ұлылығымды көрсетеді, себебі Ол Менен қабылдаған хабарларды сендерге жеткізбек. 15 Әкемдегінің бәрі Менікі де. Сондықтан да «Ол Менен қабылдаған хабарларды сендерге жеткізбек» дедім. 16 — Біраз уақыттан кейін Мені көрмейсіңдер, тағы біраздан кейін Мені қайта көресіңдер, — деді Иса. 17 Сонда кейбір шәкірттері өзара сөйлесіп: — Ол бізге «Біраз уақыттан кейін Мені көрмейсіңдер, тағы біраздан кейін Мені қайта көресіңдер» дегенде не айтқысы келеді? Әрі «Мен Әкеме барамын» дегені нені білдіреді? 18 Және «біраз уақыт» деп нені меңзейді? Біз Оның не туралы айтып тұрғанын түсінбейміз, — десті. 19 Иса олардың осы туралы Өзінен сұрағылары келгенін біліп, былай деді: — «Біраз уақыттан кейін Мені көрмейсіңдер, тағы біраздан кейін Мені қайта көресіңдер» деп айтқаным туралы бір-біріңнен сұрасып жатырсыңдар ма? 20 Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: сендер жылап, жоқтау айтатын боласыңдар, ал күнәкар дүние қуанатын болады. Сендер қайғырасыңдар, бірақ қайғыларың қуанышқа айналатын болады. 21 Әйел босанатын кезде қайғырады, себебі оның қиналатын уақыты жетті. Ал баласын туған соң, дүниеге адам келді деп қуанғанынан қиналғанын ұмытып кетеді. 22 Сендер де қазір солай қайғылысыңдар. Бірақ Мен сендерді қайта көремін, сонда қатты қуанасыңдар, қуаныштарыңды ешкім тартып ала алмайды. 23 Сол кезде Менен бір нәрсе сұрауларыңның қажеті болмайды. Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Әкеден Менің атымнан не сұрасаңдар, Ол соны береді. 24 Бұған дейін Менің атымнан еш нәрсе де сұраған жоқсыңдар. Енді сұраңдар да алыңдар! Сонда шексіз қуанышқа кенелесіңдер. 25 Осыларды Мен сендерге астарлап айттым. Бұдан былай астарлап емес, Әкем туралы ашық айтатын кезім де келеді. 26 Сол уақытта Менің атымнан сұрайсыңдар; Менің сендер үшін Әкеден өтінуімнің қажеті болмайды, 27 өйткені Әкенің Өзі сендерді сүйеді. Себебі сендер Мені сүйіп, Құдайдан келгеніме сенесіңдер. 28 Мен Әкеден жерге келдім; кейін жерді тастап, Әкеге қайта ораламын. — 29 Сонда шәкірттері: — Қазір астарлап емес, ашық сөйлеп тұрсыз. 30 Енді бәрін білетініңізге көзіміз жетті, өйткені Сізге адамдардың ойларында қандай сұрағы бар екенін сұраудың керегі жоқ. Сондықтан Құдайдан келгеніңізге сенеміз, — деді. 31 Иса оларға былай деп жауап берді: — Енді сенесіңдер ме? 32 Сендердің жан-жаққа бытырап, әрқайсыңның өз үйлеріңе кететін уақыттарың келеді, ол тіпті жетіп те қалды. Сонда Мені жалғыз қалдырасыңдар. Бірақ Мен жалғыз емеспін, себебі көктегі Әкем Өзіммен бірге. 33 Мен бұларды сендер Менімен тығыз байланыста тұрып, тыныштыққа кенелсін деп айттым. Күнәкар дүниеде қысымшылық көресіңдер; алайда батыл болыңдар: Мен осы дүниені жеңіп шықтым!



17

1 Иса осыны айтқаннан кейін, аспанға қарап былай деді: — Әке, уақыт жетті. Рухани Ұлыңды ұлылыққа бөлей гөр, сонда Мен Сенің ұлылығыңды көрсете аламын. 2 Себебі Сен Маған берген адамдарыңның бәріне мәңгілік өмір сыйлауым үшін күллі адамзаттың билігін Менің қолыма тапсырдың. 3 Мәңгілік өмір — Сені, жалғыз шынайы Құдайды, әрі Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тану. 4 Маған тапсырған ісіңді аяқтап, жерде Сенің ұлылығыңды көрсеттім. 5 Әке, әлем жаратылмай тұрып Өзіңмен бірге болғанымда ұлылыққа кенелген едім. Енді Мені өз қасыңда сол ұлылыққа қайтадан кенелте гөр. 6 Сені Маған күнәкар дүниенің ішінен айырып берген адамдарға Өзіңді таныттым. Олар Сенікі еді, Сен Маған оларды бердің. Олар Сенің сөзіңді берік ұстанып келеді. 7 Сенің Маған тапсырғандарыңның бәрінің де Өзіңнен шыққанына енді олардың көздері жетті. 8 Себебі Мен Өзің тапсырған хабарды оларға жеткіздім, олар оны қабыл алды. Сенен келгенімді шәкірттерім шынымен түсініп, Мені Өзіңнің жібергендігіңе сенді. 9 Олар үшін өтініп жатырмын. Саған бағынбайтын дүние үшін емес, Өзің Маған берген шәкірттерім үшін өтініп жатырмын, себебі олар Сенікі. 10 Менікінің бәрі Сенікі, Сенікінің бәрі де Менікі. Бұл адамдар арқылы Менің ұлылығым көрініп тұр. 11 Бұдан былай Мен осы дүниеде қалмай, Саған бара жатырмын. Бірақ олар осы дүниеде қалады. Киелі Әке, Маған берген есіміңнің құдіретімен шәкірттерімді қорғай гөр. Екеуіміздің біртұтас екендігіміздей, олар да біртұтас болсын. 12 Мен қастарында болған кезімде оларды Сенің Маған берген есіміңнің құдіретімен қорғап, аман сақтап жүрдім. Құрып кетуге тиісті адамнан басқа бірде-біреуін жоғалтқан жоқпын. Киелі жазбада сол адамның істейтіні туралы айтылғандар орындалу үшін осылай болды. 13 Ал енді Саған бара жатырмын. Бірақ Менің қуанышым толығымен шәкірттерімнің де қуанышы болсын деп осы сөздерді әлі де жерде жүрген кезімде айтып тұрмын. 14 Бұларға Сенің хабарыңды білдірдім. Күнәкар дүние оларды жек көріп келеді, себебі Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да сондай емес. 15 Сенен оларды осы дүниеден әкете гөр деп емес, әзәзіл шайтаннан қорғай гөр деп сұрап тұрмын. 16 Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да осы күнәкар дүниенің адамдары емес. 17 Оларды шындығың арқылы Өзіңе бағыштап, таза жүргізе гөр. Сенің сөзің — шындық. 18 Мені осы күнәкар дүниеге жібергеніңдей, Мен де бұларды осы дүниеге жіберемін. 19 Сенің шындығың арқылы олардың да Өзіңе бағышталулары үшін Мен Өзімді оларға бола Саған бағыштаймын. 20 Мен бұлар үшін ғана емес, олардың айтқандары арқылы Маған сенетін барлық адамдар үшін де өтініп тұрмын. 21 Әке, Мені Өзіңнің жібергендігіңе адамзаттың сенуі үшін, Сенің Менімен, Менің де Сенімен тығыз байланыста тұрғанымыздай, сенушілер де Екеуімізбен тығыз байланыста тұрып, бәрі біртұтас болсын деп өтінемін. 22 Солар да Біз сияқты біртұтас болсын деп, Өзің Маған сыйлаған ұлылықты Мен оларға да бердім. 23 Мен бұлармен тығыз байланыстамын, Сен де Менімен солайсың. Маған сенетіндер толық бірлікке жетсін! Осылайша Өзіңнің Мені жібергеніңе әрі Мені қалай сүйсең, оларды да солай сүйетініңе адамзаттың көзі жетсін. 24 Әке, Маған тапсырған адамдарыңның Өзім болатын жерде болуларын және Өзің Маған сыйлаған салтанатты ұлылығымды көрулерін қалаймын. Бұл ұлылығымды Сен Маған Мені сүйгендіктен әлем жаратылмастан бұрын-ақ сыйлаған едің. 25 Әділетті Әке, осы дүние Сені түсінген жоқ, ал Мен Сені түсінемін. Мені Өзіңнің жібергеніңе шәкірттерімнің көздері жетті. 26 Маған деген сүйіспеншілігің солардың ішінде де болсын және Өзім де олардың өмірлерінен орын алайын деп оларға Сенің қасиеттеріңді білдірдім және білдіре беремін де.



18

1 Осылай мінажат еткеннен кейін Иса шәкірттерімен бірге (қаланың сыртындағы) Қидрон сайының арғы жағасына өтті. Сол жерде бір бақ бар еді. Иса шәкірттерін ертіп соның ішіне кірді. 2 Оған опасыздық еткен Яһуда да бұл жерді білетін, себебі Иса осында шәкірттерімен жиі жиналушы еді. 3 Енді Яһуда римдік әскердің бір тобын және басты діни қызметкерлер мен парызшылдар жіберген бірнеше сақшыларды ертіп сонда келді. Олардың қолдарында шамдары, шырақтары және қарулары болды. 4 Өзіне не боларын түгел білетін Иса бақтың ішінен шығып, оларға: — Кімді іздеп жүрсіңдер? — деген сұрақ қойды. 5 Олар: — Назареттік Исаны! — деп жауап берді. Иса: — Ол Менмін! — деді. Опасыз Яһуда да солардың қасында тұрған еді. 6 Иса оларға «Ол Менмін!» дегенде, олар кейін шегініп, жерге жығыла кетті. 7 Иса оларға тағы да: — Кімді іздеп жүрсіңдер? — деген сұрақ қойды. Олар: — Назареттік Исаны, — деп жауап берді. Иса: 8 — «Ол Менмін» деп сендерге айттым ғой! Егер Мені іздеп жүрсеңдер, онда мыналарға тимеңдер, кете берсін! — деді. 9 Исаның «Сен Маған бергендердің бірде-біреуін жоғалтқан жоқпын» деп айтқаны осылайша орындалды. 10 Шимон Петір беліне семсер байлап алған болатын. Ол соны суырып алып, бас діни қызметкердің малайына қарай сілтеп қалып, оның оң құлағын шауып түсірді. Малайдың аты Мәлік еді. 11 Ал Иса Петірге: «Семсеріңді қынабына сал! Әкем Маған белгілеп қойған азапты тартуым керек, соны білмеуші ме едің?» — деп ескертті. 12 Әскер тобы мен мыңбасы және яһуди басшыларының сақшылары Исаны тұтқынға алып, бұғаулады. 13 Алдымен Оны Аннасқа апарды. Өйткені Аннас сол жылы бас діни қызметкер болып тұрған Қаяфаның қайын атасы еді. 14 Халық үшін бір адамның өлгені жақсы деп яһуди басшыларына кеңес берген сол Қаяфа болатын. 15 Шимон Петір және Исаның тағы бір шәкірті Исаның артынан ілесіп отырды. Бұл шәкірт бас діни қызметкермен таныс еді, сондықтан оның сарайының ауласына Исаға еріп кірді. 16 Петір сыртта қақпаның алдында қалды. Жаңағы шәкірт, бас діни қызметкердің танысы, сыртқа шығып, қақпашы қызбен сөйлесті де, Петірді ішке кіргізіп алды. 17 Қақпаны ашып-жауып тұрған әлгі қызметші қыз Петірден: «Сен де осы Кісінің бір шәкірті емессің бе?» — деп сұрады. Ол: «Жоқ», — деді. 18 Малайлар мен сақшылар жылыну үшін от жағып, соның айналасында тұрды, себебі күн суық еді. Петір де олардың қасына барып, жылынып тұрды. 19 Бас діни қызметкер Исадан Өзінің шәкірттері мен ілімі туралы жауап алды. 20 Иса оған: — Мен бүкіл жұрттың алдында ашық айтып келемін. Әрдайым барлық яһудилер жиналатын мәжілісханалар мен ғибадатханада тәлім беріп жүрдім. Мен еш нәрсені бүркемелеп айтқан емеспін. 21 Сұрақтарды неге Менің Өзіме қойып жатырсыз? Не айтқанымды Мені тыңдағандардан сұраңыз. Менің не дегендерімді солар біледі ғой, — деп жауап берді. 22 Иса осыны айтқаннан кейін сонда тұрған сақшылардың бірі Оның бетін шапалақпен тартып жіберіп: — Сен бас діни қызметкерге қалай-қалай сөйлейсің? — деп зекіді. 23 Иса оған: — Айтқаным дұрыс болмаса, дәлелде; дұрыс болса, Мені неге ұрасың? — деп жауап берді. 24 Осыдан кейін Аннас Исаны бұғауланған күйі бас діни қызметкер Қаяфаға жіберді. 25 Ал Шимон Петір отқа жылынып тұра берді. Қасындағылар одан: — Сен де Соның бір шәкірті емессің бе?! — деп сұрады. Ол: — Жоқ, олай емеспін! — деп мойындамады. 26 Сонда бас діни қызметкердің малайларының бірі, Петір құлағын семсермен шауып түсірген кісінің бір туысы тіл қатып: — Сені бақта Соның қасынан көрдім емес пе? — деді. 27 Петір тағы мойындаған жоқ. Сол сәтте-ақ әтеш шақырды. 28 Таң сәріде яһуди дінбасылары Исаны Қаяфаның сарайынан римдік әміршінің сарайына алып барды. Діни салтқа сай арамданбау үшін, яһуди дінбасылары әміршінің сарайына кірген жоқ. Әйтпесе олар Құтқарылу мейрамындағы асқа қатыса алмайтын еді. 29 Сондықтан Пилат оларға өзі шығып: — Мына Кісіге қандай айып тағып тұрсыңдар? — деген сұрақ қойды. 30 Олар: — Бұл қылмыскер болмаса, Оны сізге ұстап әкелмес едік, — деп жауап қайтарды. 31 Пилат оларға: — Сендер Оны алып кетіп, өз заңдарың бойынша соттаңдар! — деді. Яһудилер: — Біреуге өлім жазасын тартқызу бізге рұқсат етілмеген, — деп жауап берді. 32 Өзінің қалай өлуге тиісті екенін меңзеп көрсеткен Исаның сөзі осылай орындалды. 33 Сонда Пилат сарайға қайта кіріп, Исаны шақыртып алып: — Сен «Яһудилердің Патшасысың» ба? — деп сұрады. 34 Иса: — Бұл сөзді өзіңіз айтып тұрсыз ба, әлде басқалар сізге Мен туралы айтты ма? — деп қарсы сұрақ қойды. 35 Пилат: — Мен не, яһудимін бе? Сені маған ұстап әкелген өз халқың және басты діни қызметкерлер ғой. Қандай істер істеп едің? — деді. 36 Иса: — Менің Патшалығым осы дүниелік емес. Егер де Патшалығым осы дүниелік болса, онда Менің қасымда сақшыларым жүріп, олар Мені яһуди басшыларының қолына түсірмеу үшін күрескен болар еді. Бірақ Менің Патшалығым осы дүниелік емес, — деп жауап берді. 37 Пилат: — Сонымен Сен бәрібір Патшасың ғой? — деп сұрады. Иса оған: — Дұрыс айтасыз, Мен Патшамын. Шындықты ашық жариялау үшін осы дүниеге келдім. Шындықты жақтаушы әркім Менің үніме құлақ салады, — деді. 38 Пилат Исадан: — Шындық деген не? — деп сұрады. Осыны айтты да, тағы да сарайынан шығып, яһуди басшыларына барды. Оларға тіл қатып былай деді: — Мен Одан ешқандай кінә таппай тұрмын! 39 Ал Құтқарылу мейрамында өз салттарың бойынша сендерге бір тұтқынды босатып жіберемін. Енді «Яһудилердің Патшасын» босатып беруімді қалайсыңдар ма? — 40 Сонда олар: — Бұны емес, Бараббаны! — деп қатты айқайлап жауап қайтарды. Ал Барабба ұлтшыл қарақшы болатын.



19

1 Осыдан кейін Пилат Исаны қамшымен соқтырды. 2 Бір топ жасақшы тікенді бұтақшалардан «тәж» өріп, оны Исаның басына кигізді. Оның үстіне бір қызыл шапанды жапты. 3 Олар Исаның қарсы алдына тұра қалып: «Яһудилердің Патшасы жасасын!» — деп, шапалақпен бетінен ұра берді. 4 Пилат қайтадан сыртқа шығып, яһуди басшыларына: — Қараңдар, мен Оны сендерге әкеле жатырмын: Одан ешқандай кінә таппай тұрмын, соны біліңдер! — деді. 5 Иса басындағы тікен тәжімен, үстіндегі қызыл шапанымен сыртқа шықты. Пилат яһудилерге: — Қараңдар, сол Адам — Мынау! — деді. 6 Басты діни қызметкерлер мен олардың сақшылары Исаны көргенде: — Айқышқа шегеленсін! Айқышқа! — деп айқай салды. Пилат оларға: — Оны өздерің алып, айқышқа шегелеңдер! Себебі мен Одан ешқандай кінә таппай тұрмын, — деді. 7 Яһуди басшылары оған: — Біздің Таурат заңымыз бар, сол бойынша Ол өлуге тиіс, себебі Ол Өзін «Құдайдың (рухани) Ұлымын» деп жүр, — деді. 8 Пилат осыны естігенде бұрынғыдан бетер қорқып кетті. 9 Сарайға қайта кіріп, Исадан: — Сен қайдан шыққансың? — деп сұрады. Бірақ Иса оған жауап берген жоқ. 10 Сонда Пилат: — Менімен сөйлескің келмей ме? Сені босатып жіберу де, айқышқа шегелетіп өлтіру де менің билігімде екенін білмейсің бе? — деді. 11 Иса оған: — Көктен берілмесе, Маған билігіңіз жүрмес еді. Сондықтан Мені ұстап бергеннің күнәсі сіздікінен де үлкен, — деп жауап қайтарды. 12 Содан Пилат Исаны босатып жіберуге тырысты. Бірақ яһуди басшылары: — Егер Оны босатып жіберсеңіз, Рим патшасының досы емессіз! Өзін-өзі патшамын деген әркім Рим патшасына қарсы! — деп айқай салды. 13 Осы сөздерді естіген соң Пилат Исаны сыртқа шығартып, өзі Тастөселген деп аталатын алаңдағы төрелік тағына отырды. Сол алаңның жергілікті аты — Ғаббата. 14 Бұл Құтқарылу мейрамынан бір күн бұрын түскі сағат он екілерде болған еді. Пилат яһудилерге: — Міне, Патшаларың! — деді. 15 Бірақ олар: — Алып кетіңіз Оны, айқышқа шегеленсін! — деп айқай салды. Пилат оларға: — Мен айқышқа сендердің Патшаларыңды шегелетейін бе?! — деген сұрақ қойды. Басты діни қызметкерлер: — Рим патшасынан басқа ешқандай патшамыз жоқ! — деп жауап берді. 16 Сонда Пилат олардың дегеніне көніп, Исаны айқышқа шегелеп өлтіруге бұйырды. Сонымен жасақшылар Исаны ұстап алып кетті. 17 Иса айқыш ағашын Өзі арқалап, қаладан шықты да, Маңдайтөбе деп аталатын жерге қарай бет алды. Мұның жергілікті аты — Ғолғота. 18 Жасақшылар Исаны басқа екі адаммен бірге, біреуін оң, екіншісін сол жағына, ал орталарына Исаны қойып, үш айқыш ағашқа керіп шегелеп тастап, тік көтеріп қойды. 19 Пилат тақтайша жасатып, айқыштың жоғарғы жағына бекіттірді. Оның бетінде «Назареттік Иса — Яһудилердің Патшасы» деп жазылған еді. 20 Мұны көптеген яһудилер оқыды, себебі Иса айқышқа шегеленген жер қалаға жақын еді, әрі жазу еврейше, латынша және грекше жазылған болатын. 21 Ал яһудилердің басты діни қызметкерлері Пилатқа былай деді: — «Яһудилердің Патшасы» емес, «Мынау Яһудилердің Патшасымын деді» деп жазыңыз! 22 Пилат оларға: — Мен жазарымды жазып қойдым, — деп жауап қатты. 23 Жасақшылар Исаны айқышқа шегелеп, көтергеннен кейін Оның сырт киімдерін төртеуі тең бөлісіп, көйлегін де алды. Көйлегі басынан аяғына дейін тігіссіз тұтас тоқылған еді. 24 Сол себепті олар бір-біріне: «Бұны жыртпайық, жеребе салып, кімге түсетінін шешейік», — деді. «Жау жамылғымды бөлісіп алады, киімім үшін жеребе салады» деп Забурда жазылған сөздер осылай орындалды. Мұны жасақшылар жүзеге асырды. 25 Иса шегеленген айқыштың қасында Оның шешесі, нағашы әпкесі, Клеопаның әйелі Мәриям және мағдалалық Мәриям тұр еді. 26 Иса шешесін және оның қасында тұрған, Өзін жақсы көретін шәкіртін көргенде, шешесіне: «Апа, енді мынау — сіздің ұлыңыз!» — деді. 27 Содан кейін шәкіртіне: «Енді осы кісі — сенің анаң!» — деді. Сол сәттен бастап шәкірті Исаның шешесін қамқорлығына алды. 28 Тиісті нәрселердің бәрінің түгел орындалғанын білген Иса бұдан кейін: «Мен шөлдеп тұрмын», — деді. Забурда алдын ала жазып қалдырылған бұл тәрізді сөз де осылай іске асты. 29 Сол жерде сірке суына толы құмыра тұрған еді. Жасақшылар бір сорғышты сірке суына батырып алып, сайсағыз бұтасының сабағына бекітіп, Исаның аузына тосты. 30 Иса сірке суын сорғаннан кейін: «Енді түгел орындалды!» — деді де, басын иіп, жан тапсырды. 31 Бұл жұма күні, ал ертеңіндегі сенбі үлкен мейрам болатын. Шегеленгендердің денелерін мейрам күні айқыш ағашта қалдыру яһудилердің діни ережелерін бұзу болып табылар еді. Сондықтан яһуди басшылары Пилатқа барып, шегеленгендерді аяқтарын сындырып өлтіріп, сүйектерін айқыштан алып тастауын өтінді. 32 Сонымен жасақшылар келіп, Исамен бірге шегеленген екі кісінің аяқтарын сындырды. 33 Алайда Исаның қасына келіп, Оның өліп қалғанын көрген соң, олар Оның аяқтарын сындырған жоқ. 34 Бірақ жасақшылардың біреуі Исаның бүйіріне найзасын сұғып алды. Сол заматта қан мен су шыға келді. 35 Мұны көрген кісі сендер де сенсін деп бұған куәлік береді. Оның куәлігіне сенуге болады, ол шындықты айтып тұрғанын біледі. 36 Киелі жазбалардағы мына тәрізді сөздердің осылай орындалуы тиіс еді: Оның ешбір сүйегі де сындырылмасын! Бұл солай болды да. 37 Пайғамбарлар жазбаларының тағы бір жерінде: «Олар өздері түйреген Кісіні көретін болады» делінген. 38 Бұдан кейін ариматеялық Жүсіп деген кісі Пилатқа барды. Жүсіп Исадан тәлім алған шәкірті болғанмен, мұнысын яһуди басшыларынан қорыққанынан жасырып келген еді. Осы кісі Пилаттан Исаның мәйітін айқыш ағаштан түсіріп алуға рұқсат сұрады. Пилат бұған келісті. Жүсіп барып, сүйекті айқыштан түсіріп алды. 39 Нікөдем де сол жерге келді. Ол мәйітке жағатын мүр мен алоэ шайырының жүз қадақтай қоспасын әкелді. Нікөдем бұрын бір кезде түн ішінде Исаға келіп кеткен болатын. 40 Екеуі яһуди халқының дәстүрлі салты бойынша мәйітке осы хош иісті қоспадан сала отырып, оны бәтес орауышқа орады. 41 Исаны айқышқа шегелеп өлтірген жердің маңында бір бақ болатын. Бақтың ішінде әлі ешкім қойылмаған бос қабір бар еді. 42 Яһуди мейрамының қарсаңы болғандықтан және қабір жақын тұрған соң, олар Исаның сүйегін соның ішіне апарып қойды.



20

1 Жексенбі күні әлі қараңғы болған кезде мағдалалық Мәриям (жартастан үңгіп жасалған) қабірге келді. Сонда ол қабірдің аузын бекіткен дәу қақпақ тастың орнынан алынып тасталғанын көрді. 2 Содан Мәриям Шимон Петірге және Исаның жақсы көрген шәкіртіне жүгіріп барып, оларға: «Біреулер Мырзамызды қабірден алып кетіпті! Оны қай жерге қойғанын білмейміз!» — деді. 3 Петір мен әлгі шәкірт дереу қаладан шығып, қабірге қарай беттеді. 4 Екеуі бірге жүгіре жөнелді, бірақ сол шәкірт Петірден жылдамырақ жүгіріп, үңгірдегі қабірге алдымен жетті. 5 Ол еңкейіп қарап, бәтес орауыштың жатқанын көрді, бірақ қабірдің ішіне кірмеді. 6 Сол сәтте оның соңын ала Шимон Петір де келіп, қабірге кірді. 7 Ол да бәтес орауыш пен Исаның беті бүркелген сүлгінің жатқанын көрді. Сүлгі бәтес орауышпен бірге емес, бүктелген күйі бөлек жатыр екен. 8 Сонда бірінші болып келген әлгі шәкірт те қабірге кірді. Ол да соны көріп, Исаның тірілгеніне сенді. 9 Сол кезде олар Исаның Киелі жазбаларға сай өлімнен қайта тірілуге тиіс екендігін әлі де түсінбейтін. 10 Содан кейін екі шәкірт өздері тұрып жатқан үйге қайта оралды. 11 Ал Мәриям үңгірдің алдында жылап тұрды. Жылап тұрған ол қабірдің ішіне еңкейіп қарағанда, 12 ақ киімді екі періштенің отырғанын көрді. Біреуі Исаның мәйіті қойылған жердің бас жағында, екіншісі аяқ жағында отыр екен. 13 Періштелер Мәриямға: — Қарындас, неге жылап тұрсың? — деп тіл қатты. Ол: — Біреулер Мырзамды алып кетіпті! Оны қай жерге қойғанын білмеймін, — деді. 14 Мәриям осыны айтқаннан кейін артына бұрылып, Исаның тұрғанын көрді, бірақ Оны танымады. 15 Иса: — Қарындас, неге жылап тұрсың? Кімді іздеп жүрсің? — деп сұрады. Мәриям Оны бағбан екен деп ойлап: — Мырза, Оны әкеткен Сіз болсаңыз, қайда қойғаныңызды айтыңызшы. Мен Оны сол жерден алып кетейін, — деді. 16 Сонда Иса оған: — Мәриям! — деп үн қатты. Мәриям Исаға бұрылып: — Раббуни! — деді. Бұл сөз «Ұстаз!» деп аударылады. 17 Иса оған: — Маған жармаспа, себебі Мен әлі де Әкеме көтерілген жоқпын. Одан да бауырластарыма барып, оларға Менің Әкеме, яғни сендердің де Әкелеріңе, өз Құдайыма, яғни сендердің де Құдайларыңа, көтеріліп кететінімді айт! — деп тапсырды. 18 Мағдалалық Мәриям шәкірттерге барып, өзінің Иемізді көргенін және Оның осы айтқандарын жеткізді. 19 Сол жексенбі күнінің кешінде Исаның шәкірттері жиналып, яһуди басшыларынан қорыққаннан есіктерді бекітіп алған еді. Кенеттен кіріп келген Иса орталарына тұра қалып: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын!» — деп батасын берді. 20 Осыны айтқаннан кейін Иса оларға екі қолы мен бүйірін көрсетті. Шәкірттері Иелері Мәсіхті көріп қатты қуанды. 21 Иса оларға тағы да: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын! — деді. — Әкемнің Өзімді осы дүниеге жібергені сияқты, Мен де сендерді адамдарға жіберемін». — 22 Осылай дегеннен кейін Иса шәкірттерінің бетіне демін үрлеп: «Киелі Рухты қабыл алыңдар! 23 Кімнің күнәларын кешсеңдер, солар кешіріледі, ал кімнің күнәларын кешпесеңдер, солар кешірілмейді», — деді. 24 Исаның он екі шәкіртінің бірі, Сыңарлас деп те аталған Тома, Иса оларға келген кезде араларында жоқ еді. 25 Басқа шәкірттер оған: — Біз Иемізді көрдік, — дегенде, Тома: — Мен Оның қолдарынан шегелердің орнын көрмесем, саусағыммен шегелердің орнын сипап, бүйіріндегі тыртығын қолыммен ұстамасам, Оның тірілгеніне еш сенбеймін, — деп жауап берді. 26 Бір аптадан кейін Исаның шәкірттері тағы сол үйге жиналды, олармен бірге Тома да болды. Есік бекітілген еді, бірақ Иса кіріп келіп, орталарына тұра қалды да: — Сендерге амандық пен тыныштық болсын! — деді. 27 Содан кейін Томаға: — Менің қолыма саусақтарыңды тигізіп қара, алақаныңды бүйіріме қой және сенімсіз болмай, сенетін бол! — деді. 28 Тома Оған: — Ием менің, Құдайым менің! — деп мойынсұнды. 29 Иса: — Тома, сен Мені көргендіктен Маған сеніп тұрсың. Ал Мені көрмесе де сенетіндер бақытты! — деп жауап берді. 30 Иса шәкірттерінің көз алдында осы кітапта жазылмаған басқа да көптеген кереметтер істеді. 31 Ал жазылғандары Исаның Құтқарушы Мәсіх, Құдайдың рухани Ұлы екендігіне сендер сенсін, әрі сенімдерің арқылы Онымен тығыз байланыста тұрып, шынайы өмірге ие болсын деген мақсатпен жазылған.



21

1 Бұдан кейін Иса Тіберия көлінің жағасында тағы бір рет шәкірттеріне көрінді. Бұл былай болған еді: 2 Шимон Петір, Сыңарлас Тома, Ғалилеядағы Қана қаласынан шыққан Натанайыл, Зебедейдің ұлдары және Исаның тағы басқа екі шәкірті бәрі бірге болды. 3 Сонда Петір серіктеріне: — Мен балық аулауға бара жатырмын, — деді. — Біз де барайық, — деді олар. Содан барлығы сыртқа шығып, қайыққа мінді. Алайда сол түні олар түк те ұстай алған жоқ. 4 Таң сәріде Иса жағада тұрды, бірақ шәкірттері Оның Сол екенін білмеді. 5 Иса оларға: — Жігіттер, балықтарың бар ма? — деп үн қатты. Олар: — Жоқ, — деп жауап берді. 6 — Ауды қайықтың оң жағынан салыңдар, сонда біразын ұстайсыңдар, — деді Иса. Олар ауын тастаған соң, түскен балықтың көптігінен оны тартып шығара алмады. 7 Сол кезде Исаның жақсы көретін шәкірті Петірге: «Бұл — Иеміз ғой!» — деді. «Бұл — Иеміз ғой!» дегенді естігенде, сырт киімсіз жүрген Шимон Петір көйлегін буып алып, суға секірді. 8 Басқа шәкірттер де қайықпен жағаға беттеді, олар жағалаудан алыс емес, жүз метрдей жерде жүрген еді. Бұлар балыққа толы ауды сүйретіп келді. 9 Жағалауға шыққан олар күйген ағашпен жағылған отты, оның үстіндегі балық пен нанды көрді. 10 Иса оларға: «Қазір ұстаған балықтарыңнан әкеліңдер!» — деді. 11 Петір суға түсіп, үлкен-үлкен балыққа толы ауды жағалауға сүйреп шығарды, бір жүз елу үш балық бар екен. Балық сонша көп болса да, ау жыртылмапты. 12 Иса оларды: «Енді келіп, тамақтаныңдар!» — деп шақырды. Шәкірттердің ешқайсысының: «Кімсіз?» — деп сұрауға батылы бармады. Себебі олар Оның Иеміз екенін білді. 13 Иса келіп, нан алып, бұларға үлестіріп, балықтан да берді. 14 Бұл Исаның өлімнен қайта тірілгеннен кейінгі үшінші рет шәкірттеріне көрінуі еді. 15 Олар тамақтанып алғаннан кейін, Иса Шимон Петірден: — Жохан ұлы Шимон, сен Мені мыналарға қарағанда көбірек сүйесің бе? — деп сұрады. — Иә, Ием, Сізді жақсы көретінімді білесіз ғой. — Тоқты-қозыларымды бақ! 16 Иса екінші рет: — Жохан ұлы Шимон, сен Мені сүйесің бе? — деп сұрады. — Иә, Ием, Сізді жақсы көретінімді білесіз ғой. — Иса оған: — Қойларымды бағып жүр! — деп тапсырды. 17 Иса үшінші рет: — Жохан ұлы Шимон, сен Мені жақсы көресің бе? — деп сұрады. Иса: «Сен Мені жақсы көресің бе?» деп үшінші рет сұрағандықтан Петір мұңайып: — Ием, Сіз бәрін де білесіз, Сізді жақсы көретінімді де білесіз, — деді. Иса оған: — Қойларыма қарап жүр! 18 Саған өте маңызды шындықты айтамын: жас кезіңде сен беліңді өзің байлап, қалаған жағыңа бардың. Ал қартайғанда қолыңды созып тұрасың, сонда басқа біреу беліңді байлап, барғың келмеген жаққа еріксіз ертіп кететін болады, — деді. 19 Иса мұны Петірдің кейінірек қандай ажалмен өлетінін алдын ала білдіру үшін айтты. Сол өлімі арқылы ол Құдайдың ұлылығын паш ететін болды. Иса осыдан кейін оған: «Мен жүріп өткен жолмен жүр!» — деп тапсырды. 20 Петір артына бұрылып, Исаның жақсы көретін шәкіртінің ілесіп келе жатқанын көрді. Ол кешкі ас кезінде Исаның қасында жантайып жатып: «Мырза, Сізге опасыздық жасайтын сол адам кім?» — деп сұраған шәкірт еді. 21 Петір сол шәкіртті көргенде Исаға: — Ием, ал мынау ше? — деді. 22 Иса: — Қаласам, Мен қайтып келгенше ол осында болады, онда сенің не шаруаң бар? Өзің Мен жүріп өткен жолмен жүр! — деп жауап берді. 23 Бұдан кейін бауырластар арасында «сол шәкірт өлмейді» деген сөз тарады. Бірақ Иса Петірге «өлмейді» деп айтқан жоқ. «Қаласам, Мен қайтып келгенше ол осында болады, онда сенің не шаруаң бар?» деген еді. 24 Осының бәріне куә болып, барлығын жазып қалдырған — әлгі шәкірт. Біз оның куәлігінің шынайы екенін білеміз. 25 Исаның істеп кеткен көптеген басқа да істері бар. Олар туралы толықтай жазса, жазылуға тиісті кітаптар, менің ойымша, бұл дүниеге сыймас еді. (Аумин)



AMAZING GRACE BIBLE INSTITUTE