Матай жазған Ізгі хабар


1

1 Ыбырайым атаның ұрпағы Дәуіт патшаның әулетінен шыққан Иса Мәсіхтің ата-тегінің шежіресі былай құралған: 2 Ыбырайымнан Ысқақ, Ысқақтан Жақып, Жақыптан Яһуда мен оның аға-інілері, 3 ал Яһудадан Парес пен Зарах туды, олардың анасы Тамар болатын. Парестен Хесрон, Хесроннан Рам, 4 Рамнан Әминадап, Әминадаптан Нағасон, Нағасоннан Салмон, 5 Салмоннан Боғоз тарады, оның анасы Рахаб болатын. Боғоздан Ғабит туды, оның анасы Рут еді. Ғабиттен Есей, 6 Есейден Дәуіт патша туды. Дәуіттен Сүлеймен туды, оның анасы Ұрияның бұрынғы әйелі болатын. 7 Сүлейменнен Рохабоғам, Рохабоғамнан Абиях, Абияхтан Аса, 8 Асадан Жосапат, Жосапаттан Жорам, Жорамнан Ұзиях, 9 Ұзияхтан Жотам, Жотамнан Ахаз, Ахаздан Езекия, 10 Езекиядан Манаса, Манасадан Амон, Амоннан Жосия, 11 Жосиядан Ехониях пен оның аға-інілері тарады. Бұл, яһуди халқының көпшілігі Бабыл еліне жер аударылмас бұрын болған еді. 12 Бабылға жер аударылғаннан кейін Ехонияхтан Салатиел, Салатиелден Зоробабел, 13 Зоробабелден Әбиуд, Әбиудтен Елиәкім, Елиәкімнен Азор, 14 Азордан Садық, Садықтан Әкім, Әкімнен Елиуд, 15 Елиудтен Елазар, Елазардан Маттан, Маттаннан Жақып, 16 Жақыптан Мәриямның күйеуі Жүсіп тарады. Ал Мәриямнан Иса дүниеге келді, Ол Мәсіх («Құдай тағайындаған Құтқарушы Патша») деп те аталады. 17 Осылай Ыбырайымнан Дәуітке дейін он төрт ата, Дәуіттен халықтың Бабыл еліне жер аударылғанына дейін де он төрт ата, жер аударылғаннан Мәсіхке дейін де он төрт ата болды. 18 Иса Мәсіхтің дүниеге келуі былай болды: Оның анасы Мәриям Жүсіпке айттырылған еді. Ал екеуі әлі де қосылмай тұрғанда-ақ, Киелі Рухтың құдіретімен Мәриямның аяғы ауыр екендігі белгілі болды. 19 Болашақ күйеуі Жүсіп әділ кісі болғандықтан, қалыңдығын ел алдында ұятқа қалдырмау үшін ешкімге білдірмей келісімдерінен бас тартпақ болды. 20 Бірақ ол осыны ойлап жүргенде Жаратқан Иенің періштесі түсінде аян беріп: «Дәуіттің ұрпағы Жүсіп, қалыңдығың Мәриямға үйленуден шошынба! Себебі құрсағындағы Баласы Киелі Рухтан. 21 Мәриям Ұл таппақ, Оның атын Иса деп қой! Себебі Ол халқын күнәларынан құтқаратын болады», — деді. 22 Мұның бәрі Жаратқан Иенің (Ишая) пайғамбар арқылы алдын ала айтқанының жүзеге асуы үшін солай болды. 23 Ол былай деген: «Біліп алыңдар, пәк қыз құрсақ көтеріп, Ұл туады. Оған Имануил, яғни «Құдай бізбен бірге», деген ат қояды». 24 Жүсіп оянып, орнынан тұрғаннан кейін Жаратқан Иенің періштесінің бұйрығын орындап Мәриямға үйленді. 25 Ал Мәриям босанып, Ұлын тапқанша, Жүсіп онымен жақындасқан жоқ. Нәресте дүниеге келгеннен кейін Оның атын Иса деп қойды.



2

1 Иса Иродтың патшалық құрған заманында Яһудея аймағындағы Бетлехем қалашығында дүниеге келді. Біраздан кейін Иерусалимге шығыс өлкесінен жұлдыз санаушы ғұламалар сапарлап келіп: 2 «Яһудилердің жаңа туған Патшасы қайда екен? Біз Оның жұлдызының шығыс жақтан туып, жарқырағанын көрдік. Жаңа туған Патшаға ізет білдіру үшін келіп тұрмыз», — деп сұрастыра бастады. 3 Ирод патша мұны естігенде қатты абыржып, онымен бірге Иерусалимнің бүкіл халқы да мазасызданды. 4 Патша елдің барлық басты діни қызметкерлері мен дін мұғалімдерін жинап алып, оларға: — Мәсіх қай жерде дүниеге келуге тиіс? — деген сұрақ қойды. 5 Олар былай деп жауап берді: — Яһудея аймағындағы Бетлехемде дүниеге келуге тиіс. Себебі (Миха) пайғамбар Құдайдың мына сөздерін жазып қалдырды: 6 «Ал сен, Яһуда жеріндегі Бетлехем, Яһуданың басты қалаларының арасындағы ең маңызсызы емессің: сенен Менің халқым Исраилге басшылық ететін Көсем шығады». 7 Сонда Ирод жат жерлік ғұламаларды астыртын шақыртып алып, жұлдыздың аспанда қашан көрінгені туралы сұрап, біліп алды. 8 «Барып, осы Бала туралы мұқият сұрастырып біліңдер, Оны тапқан соң маған хабарлаңдар! Мен де барып, Оған ізет білдірейін», — деп, оларды Бетлехемге жіберді. 9 Ғұламалар патшаны тыңдап алып, жолға шығып кетті. Міне, қызық! Өздері бұрын шығыс жақтан көрген жұлдыз алдарында жылжып отырып, ең соңында Нәресте жатқан жердің үстінен тоқтады. 10 Жұлдызды байқаған олардың қуаныштары қойындарына сыймады. 11 Үйге кіргенде анасы Мәриямның қасындағы Нәрестені көрген ғұламалар жерге жүгіне кетіп, Оған иіліп ізет білдірді. Содан олар алып келген сандықшаларын ашып, Сәбиге сый-тартуларын: алтын әрі жұпар шайыр мен мүр атты хош иісті заттарды ұсынды. 12 Мұнан кейін ғұламалар көрген түстерінде Құдайдан «Иродқа қайта оралмаңдар!» деген бұйрық алғандықтан, өз елдеріне басқа жолмен қайтып кетті. 13 Ғұламалар кетіп қалғаннан кейін, Жаратқан Иенің періштесі Жүсіпке түсінде аян беріп: «Тұр, Нәресте мен анасын алып, Мысырға қашып құтылыңдар! Өзім айтқанға дейін сол жерде қала беріңдер. Себебі Ирод Нәрестені өлтіру үшін іздемекші», — деді. 14 Сонда Жүсіп орнынан тұрып, түн ішінде Сәбиді анасымен бірге алып, Мысыр еліне жөнелді. 15 Олар Ирод өлгенге дейін Мысырда тұрақтап қалды. Осылайша Жаратқан Иенің (Ошия) пайғамбар арқылы: «Мен рухани Ұлымды Мысырдан шақырып алдым» дегені жүзеге асты. 16 Жатжерлік ғұламалардың өзінен амалын асырып кеткенін түсінгенде Ирод долдана ашуланып, жасақшыларын жіберіп, Бетлехемдегі және соның маңайындағы екі жасқа дейінгі ер балалардың бәрін де өлтіртті. Бұл жасты ол ғұламалардан біліп алған мезгілге сәйкес белгілеген еді. 17 Сонда Құдайдың Еремия пайғамбар арқылы жіберген мына хабары іске асты: 18 «Рамақ жерінде зор қайғы-қасіреттен Дауыс естіледі зар еңіреген. Рахила өлген балаларын жоқтап, Жұбанудан бас тартады зар жылап: Келмеске кетті олар көздері құрып!» 19 Ирод патша өлгеннен кейін, Жаратқан Иенің періштесі Мысырда Жүсіпке түсінде аян беріп: 20 «Тұр, Нәресте мен анасын алып, Исраилге қайтыңдар! Себебі Нәрестенің өмірін құртқысы келгендер өлді», — деді. 21 Жүсіп орнынан тұрып, Нәресте мен анасын алып, Исраил еліне қайта оралды. 22 Алайда ол Яһудеяға әкесі Иродтың орнын басып Архелайдың билік құрғанын естіді. Сондықтан Жүсіп сол аймаққа барудан қорықты. Көрген түсінде Құдайдан алған бұйрыққа сай Жүсіп Ғалилея аймағына жөнелді. 23 Сол жердегі Назарет қаласына барып, сонда орын тепті. Пайғамбарлар жазбаларында (Мәсіх туралы) мынадай сөздер алдын ала айтылған еді: Ол назареттік деп аталатын болады. Бұл осылайша жүзеге асты.



3

1 Сол заманда шомылдыру рәсімін орындаушы Жақия пайғамбар келіп, Яһудея аймағындағы айдалада былай деп уағыз айта бастады: 2 «Теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер! Құдай Патшалығының жер бетіне орнайтын кезі таяп қалды!» 3 Ишая пайғамбардың ежелде былай деп алдын ала айтқаны Жақия туралы болатын: «Жар салған дауыс шығады айдалада: Жаратқан Иеге жолды дайындаңдар, Түзу қылып даңғыл жолды салыңдар!» 4 Жақия түйе жүнінен шапан киіп, қайыс белбеумен белін буып жүретін. Жейтін азығы шегіртке және жабайы араның балы болды. 5 Сол уақытта Иерусалим қаласынан, бүкіл Яһудея аймағынан және Иордан жағасындағы барлық өңірден халық Жақияның қасына ағылып келіп жатты. 6 Олар күнәларын мойындаған соң, Жақия оларды Иордан өзенінде шомылдыру рәсімінен өткізді. 7 Сол рәсімнен өту үшін көптеген парызшылдар мен саддукейлер де келді. Бірақ Жақия оларды көргенде, қатаң ескертіп былай деді: — Ей, улы жыланның тұқымдары! Келешектегі қаһарлы жазадан құтылуды сендерге кім үйретті? 8 Егер шынымен теріс жолдарыңнан қайтып, Құдай жолына түссеңдер, соған лайықты іс істеңдер! 9 «Біздің түп атамыз — Ыбырайым» деп мақтанбаңдар! Сендерге шын айтамын: Құдай Ыбырайымға мына тастардан да ұрпақ жасап бере алады. 10 Қазірдің өзінде-ақ ағаш түбінде балта дайын тұр! Жақсы жеміс бермейтін әрбір ағаш шабылып, отқа тасталады! 11 Мен сендерді теріс жолдан қайтқандарыңның белгісі ретінде суға шомылдыру рәсімінен ғана өткіземін. Ал менен құдіретті Біреу менен кейін келе жатыр. Ол сендерді Киелі Рухына әрі отқа шомылдырады. Оның құлы болып кебісін әперуге де тұрмаймын. 12 Ол бидайды желпушіге ұқсайды: күрегі қолында, қырманын тазартып, «бидайын» жинап, қамбасына құяды, бірақ «қауызын» тозақтың сөнбес отына жағады! 13 Сол шамада Иса Жақияның шомылдыру рәсімінен өту үшін Ғалилеядан Иордан өзеніне келіп жетті. 14 Бірақ Жақия Оны тоқтатып: — Осы рәсімнен Сіздің мені өткізгеніңіз жөн бола тұра, қалайша маған келіп тұрсыз? — деді. 15 Иса оған: — Қазір осылай болсын. Солай Құдайдың әділ еркін толық орындауға тиіспіз, — деп жауап берді. Жақия Оның айтқанына көнді. 16 Иса шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін дереу судан шықты. Сол сәтте көк ашылып, Иса Өзіне көгершін сияқты төмендеп келіп, қонған Құдай Рухын көрді. 17 Сонда көктен: «Бұл — Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған толықтай ризамын!» — деген дауыс естілді.



4

1 Бұдан кейін Киелі Рух Исаны шайтанның сынағынан өтуі үшін айдалаға бастап алып барды. 2 Иса қырық күн, қырық түн ораза тұтып, соңында әбден ашықты. 3 Сонда азғырушы әзәзіл Оның қасына келіп: — Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, мына тастар нанға айналсын деп бұйыра гөр! — деді. 4 Иса оған былай деп жауап қатты: — «Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүреді» деп (Тауратта) жазылған ғой! 5 Бұдан кейін әзәзіл шайтан Оны қасиетті қалаға (Иерусалимге) апарып, ғибадатхананың төбесіне шығарып, былай деді: 6 — Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, төмен қарай секіре гөр! Өйткені «Періштелеріне Ол Сен жайлы бұйрық береді: Сен аяғыңды тасқа соғып алмауың үшін қолдарына көтеріп Сені алып жүреді» деп (Забурда) жазылған ғой. 7 Иса оған жауап қайтарып: — Алайда «Құдай Иеңді еркінсіп сынама!» деп те (Тауратта) жазылған ғой! — деді. 8 Содан кейін әзәзіл шайтан Оны тағы да ертіп алып бір биік таудың басына шығарды. Оған әлемнің барлық мемлекеттері мен олардың сән-салтанатын көрсетіп: 9 — Егер аяғыма жығылып маған ғибадат етсең, бұлардың бәрін де Саған беремін, — деді. 10 Сонда Иса оған былай деп жауап қайтарды: — Кет қасымнан, шайтан! «Құдай Иеңді терең қастерлеп, жалғыз Оған ғана қызмет ет!» деп (Тауратта) жазылған ғой! 11 Мұнан соң әзәзіл шайтан Оның қасынан кетіп қалды. Сол сәтте періштелер келіп, Исаға қызмет көрсетті. 12 Жақия пайғамбардың тұтқындалғаны туралы естігенде Иса Ғалилея аймағына жүріп кетті. 13 Ол Назарет қаласын тастап, Забулон мен Нафталим руларының жерінде көл жағасында орналасқан Қапарнаум қаласына көшіп барып, сонда тұрды. 14 Ишая пайғамбардың алдын ала айтып кеткен мынадай сөздері осылай жүзеге асты: 15 Забулон мен Нафталимның отаны, Теңізге баратын жол бойындағы Әрі Иорданның батыс жағындағы Бөтен ұлттар тұрған Ғалилея аймағы: 16 Халық қараңғыда ғұмыр кешіп келеді, Ал енді бір ғаламат Нұрды көреді, Түнек басқан жерде тұратын елге Таңның шапағы сәулесін төгуде! 17 Сол уақыттан бастап Иса: «Теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер! Себебі Құдай Патшалығының жер бетіне орнайтын кезі таяп қалды!» деп уағыздап жүрді. 18 Бірде Ғалилея көлінің жағасымен келе жатып, Иса ағайынды екі жігітті: Шимон Петір мен інісі Әндірді көрді. Балық аулап күнелтіп жүрген олар көлге ау салып жатты. 19 Иса оларға тіл қатып: «Соңымнан еріңдер! Мен сендерді балық аулағандарың сияқты бұдан былай адамдарды жинап әкелетін етемін», — деді. 20 Екеуі дереу ауларын тастап, Исаға шәкірт болып ерді. 21 Сол жерден әрі қарай кетіп бара жатып, Иса ағайынды тағы екі жігітті: Зебедейдің ұлдары Жақып пен Жоханды көрді. Олар әкелерімен бірге қайықта ауларын жамап отыр екен. Иса оларды да Өзіне шақырды. 22 Екеуі дереу қайықты да, әкелерін де тастап, Исаға шәкірт болып ерді. 23 Бұдан кейін Иса бүкіл Ғалилея аймағын аралап жүріп, мәжілісханаларында тәлім берді. Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды уағыздап, адамдарды барлық ауру-сырқауларынан сауықтырды. 24 Иса туралы хабар бүкіл Сирия өлкесіне де тарап, жұрт Оған түрлі дерттері бар қиналып науқастанғандардың бәрін де, жын соққандарды, ұстамалы-қояншықтар мен сал болғандарды алып келіп жатты, ал Иса оларды сауықтырды. 25 Ғалилея, Онқала және Яһудея аймақтарынан, Иерусалим қаласынан әрі Иорданның шығыс бетінен көптеген халық келіп, Оның соңынан ілесті.



5

1 Жиналған халықты көргенде Иса тауға көтеріліп, бір жерге жайғасып отырды. Сол кезде шәкірттері қасына келді. 2 Иса оларға былай деп тәлім берді: 3 — Құдай алдында құр алақан тұрғандар бақытты: Құдайдың Патшалығы сондайларға арналған! 4 Күнәларына өкініп қайғырғандар бақытты: Құдай оларды жұбататын болады! 5 Кішіпейіл жандар бақытты: Олар жерді иемденетін болады! 6 Әділдікті аңсап зарыққандар бақытты: Олар қанағат табатын болады! 7 Мейірімділер бақытты: Құдайдың мейірімі соларға түседі! 8 Жүректері пәк тазалар бақытты: Олар Құдайды көретін болады! 9 Татуластырушылар бақытты: Олар Құдайдың рухани балалары деп аталмақ! 10 Әділдік үшін қудаланғандар бақытты: Құдай Патшалығы сондайларға арналған! 11 Адамдар сендерді Маған бола қорлап, қудалап, Әртүрлі жала жауып жамандаса, бақыттысыңдар! 12 Қуана шаттаныңдар, Себебі көкте сендерді зор сыйларың күтіп тұр! Жұрт сендерден бұрынғы пайғамбарларды да солай қудалаған. 13 Сендер жер бетінде тұз сияқтысыңдар. Ал егер тұз өз күшінен айырылған болса, онысын қалай қалпына келтіруге болады? Еш нәрсеге жарамсыз болып шыққандықтан, оны лақтырып тастап, аяқ асты ету ғана қалады. 14 Сендер дүниеге (Құдай жолын көрсететін) «нұрсыңдар». Төбе басына салынған қала жасырынып қала алмайды. 15 Ешкім шам жағып, оны ыдыспен бүркеп қоймайды. Қайта, оны шам қойғышқа қояды, сонда оның жарығы үйдегілердің бәріне түседі. 16 Сол сияқты, сендердегі «нұр» адамдарға сәулесін төксін. Осылайша олар игі істеріңді көріп, көктегі Әкелеріңді мадақтап дәріптесін. 17 Мені Таурат заңы мен Пайғамбарлар жазбаларының күшін жою үшін келді деп ойламаңдар: Мен оларды жою үшін емес, қайта, толық мағынасында жүзеге асыру үшін келдім. 18 Сендерге шындығын айтайын: аспан мен жер жойылып кетпейінше, Таурат заңының бірде-бір әрпі, тіпті бір кішкентай сызығы да күшінен айырылмайды, әуелі бәрі де жүзеге асады. 19 Сондықтан кімде-кім ондағы өсиеттердің тіпті ең кішкентайын болса да бұзып, басқаларды соған үйретсе, Құдай Патшалығындағы адамдардың арасында оның жолы ең кішкентай болады. Ал өсиеттерді орындап, жұртты соған үйреткендердің Құдай Патшалығындағы жолы үлкен болады. 20 Сендерге айтамын: егер Құдайдың әділ еркін дін мұғалімдері мен парызшылдардан артық орындамасаңдар, Оның Патшалығына еш кіре алмайсыңдар! 21 Ежелгі адамдарға: «Кісі өлтірме! Кісі өлтірген әркім сотталуға тиіс» деп бұйырылғанын естідіңдер. 22 Ал Мен сендерге былай деймін: кімде-кім басқа адамға кәрін төксе, сол сотталмақ. Басқаны «Сенен еш пайда жоқ!» деп балағаттайтын әркім Жоғарғы кеңес алдында жауап бермек, ал «Құдайдан безген ақымақ!» деп жамандайтындар тозақ отына түседі. 23 Сонымен сен Құдайға арнаған сый-тартуыңды ғибадатханадағы құрбандық үстеліне алып барғанда, бауырласыңның өзіңе өкпелеп жүргені сонда есіңе түссе, 24 алып келгеніңді сол жерде қалдыр да, бауырласыңа барып, онымен татулас! Бұдан кейін қайтып келіп, сый-тартуыңды Құдайға бағыштап ұсын. 25 Біреу саған қарсы дау көтерсе, оған еріп сотқа бара жатқанда онымен тезірек татуласуға тырыс! Олай етпесең, қарсыласың сені сот алдына апарады, ал сот сақшыға ұстап беріп, сақшы сені түрмеге қамайды. 26 Саған шындығын айтамын: сен берешегіңді соңғы тиынына дейін төлемейінше, сол жерден шыға алмайсың! 27 «Неке адалдығын бұзба!» деген өсиетті де естідіңдер. 28 Ал Мен сендерге былай деймін: кім бір әйелге құмарта қараса, оның өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны. 29 (Иса сөзін жалғастырып, астарлап былай деді:) Егер оң көзің (секілді өте құнды нәрсең) сені күнәға азғырса, ол сен үшін «ойып алып, лақтырып тасталған» сияқты жоқ болсын. Бүкіл денеңнің тозаққа лақтырылғанынан гөрі бір мүшесінен айырылғаның артық болар еді. 30 Яки оң қолың (сияқты өте қажетті нәрсең) сені күнәға азғырса, ол сен үшін «шауып алып, лақтырып тасталған» сияқты жоқ болсын! Бүкіл денеңнің тозаққа лақтырылғанынан гөрі бір мүшесінен айырылғаның артық болар еді. 31 «Кім әйелімен ажыраспақ болса, оған арнайы куәлік қағазын беруге тиіс» деген бұйрық та берілген. 32 Ал Мен сендерге былай деймін: жеңіл жүріске түспеген әйелімен ажырасқан әркім соның неке адалдығын бұзуына себепші болады. Кім күйеуімен ажырасқан әйелге үйленсе, сол да неке адалдығын бұзады. 33 Ежелде жұртқа: «Анттарыңды бұзбаңдар, Жаратқан Иеге берген уәделеріңді орындаңдар!» деп бұйырылғанын естідіңдер. 34 Ал Мен сендерге былай деймін: үстірт ант етуші болмаңдар! Не көкті атап ант бермеңдер, ол Құдайдың «тағы», 35 не жермен де ант бермеңдер, ол Оның «табан тіреніші», не Иерусалиммен де ант етпеңдер, ол «Ұлы Патшаның қаласы»! 36 Өз басыңмен де ант берме! Себебі шашыңның бір талын шын мәнінде не ағартып, не қарайту қолыңнан келмейді. 37 Қайта, сендердің «иә» дегендерің шынымен «иә», «жоқ» дегендерің шынымен «жоқ» болсын! Бұған қоса айтқандарыңның бәрі жамандықтарыңнан келеді. 38 Сендер «көзге көз, тіске тіс» дегенді естідіңдер. 39 Ал Мен сендерге айтамын: зұлымдық жасағаннан кек алма! Егер біреу бетіңнің оң жағын ұрса, оған сол жағыңды да тос. 40 Кейбіреу соттасып, көйлегіңді тартып алғысы келсе, оның шапаныңды да алуына қарсы болма! 41 Немесе біреу сені бір шақырым жерге еріп (жүгін көтеріп) жүруге мәжбүр етсе, онымен екі шақырым жүр. 42 Сұрағанға мұқтажын бер, қарыз алғысы келгенге де теріс қарама. 43 Сендер «Маңайыңдағы адамды жақсы көріп, жауыңды жек көр!» дегенді де естідіңдер. 44 Ал Мен сендерге айтамын: жауларыңды жақсы көріңдер! Өздеріңді қудалағандар үшін Жаратқан Иеге мінажат етіңдер! 45 Осылайша көктегі Әкелеріңнің рухани балалары боласыңдар: Ол жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін бірдей түсіріп, әділдерге де, әділетсіздерге де жаңбырды бірдей жауғызады. 46 Ал егер өздеріңді жақсы көретіндерді ғана жақсы көрсеңдер, онда сендерге қандай сый берілмек? Тіпті күнәлі салықшылар да солай етпей ме? 47 Сондай-ақ, өз бауырларыңмен ғана жарқын жүзбен амандассаңдар, онда басқаларға қарағанда қандай ерекше іс істейсіңдер? Тіпті Құдайға мойынсұнбайтындар да солай етпей ме? 48 Сонымен көктегі Әкелерің қандай мүлтіксіз болса, сендер де сондай мінсіз болыңдар!



6

1 Байқаңдар, мейірімді істеріңді жұрт алдында көзге түсу үшін істемеңдер! Әйтпесе сендердің көктегі Әкеден ешқандай сыйларың болмайды. 2 Сондықтан қайыр бергенде оны екі жүзділер секілді жұрт мақтасын деп мәжілісханалар мен көшелерде жариялатпаңдар! Сендерге шындығын айтамын: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды. 3 Ал сендер қайыр бергенде, не істегендеріңді сырлас достарың да білмесін! 4 Осылайша жасаған қайырымдылықтарың құпия болмақ. Сонда құпия істердің бәрін көретін Әкелерің сендерге сыйын бермек. 5 Құдайға сиынғанда да екі жүзділердей болмаңдар: олар жұрт көзіне түсу үшін мәжілісханаларда, көше бұрыштарында тұра қалып мінажат етуді жақсы көреді. Сендерге шындығын айтамын: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды. 6 Ал сендер мінажат еткенде өз бөлмелеріңе кіріп, есігін жауып алып, көзге көрінбейтін Әкелеріңе сиыныңдар! Сонда құпия істердің бәрін көретін Әкелерің сендерге сыйын бермек. 7 Құдайға сиынғанда жалған тәңірлерге құлшылық етушілер іспетті құр сөз сөйлей бермеңдер! Олар көп сөз айтсақ еститін болады деп есептейді. 8 Сендер сондайларға ұқсамаңдар! Себебі көктегі Әкелерің өздерің сұрамай тұрып-ақ, сендерге не керек екенін біледі. 9 Сонымен Құдайға мына іспетті мінажат етіп сиыныңдар: Көктегі Әкеміз! Сенің киелі есімің қастерлене берсін, 10 Патшалығың осында орнасын! Сенің еркің көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала берсін! 11 Күнделікті нанымызды бүгін де бере гөр. 12 Бізге күнә жасағандарды кешіргеніміздей, Сен де күнәларымызды кешіре гөр. 13 Азғырылуымызға жол бермей, Бізді жамандықтан сақтай гөр. (Патшалық, құдірет және ұлылық Мәңгі бақи Сенікі! Аумин.) 14 Егер өздеріңе күнә жасағандарды кешірсеңдер, онда көктегі Әкелерің сендерді де кешіреді. 15 Ал егер басқалардың күнәларын кешірмесеңдер, онда көктегі Әкелерің сендердің де күнәларыңды кешірмейді. 16 Ораза ұстағанда екі жүзділердей беттеріңді тұнжыратып жүрмеңдер! Олар ораза тұтқандарын мұңайған түрлерімен жұртқа әдейі білдіреді. Сендерге шындығын айтамын: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды. 17 Ал сендер ораза ұстағанда да бастарыңды жуып, шаштарыңды ретке келтіріңдер. 18 Осылайша ораза ұстағандарыңды жұрт емес, көзге көрінбейтін Әкелерің ғана білетін болсын. Сонда құпия істердің бәрін де көретін Әкелерің сендерге сыйын бермек. 19 Жер бетінде өздеріңе дүние-байлық жинамаңдар! Оларды күйе жеп, тот басады немесе ұры бұзып кіріп, ұрлап кетеді. 20 Қайта, өздеріңе байлықты көкте жинаңдар! Сол жерде оны не күйе жемейді, не тот та баспайды, ұры да бұзып кіріп, ұрлап кетпейді. 21 Байлықтарың қайда болса, жүректерің де сонда. 22 Дененің «шамы» — көз. Көзің кіршіксіз таза болғанда өмірің түгелдей нұрға кенеледі. 23 Ал егер ашкөз болсаң, бүкіл өміріңді қараңғылық басады. Сонымен, егер өміріңде нұр орнына қараңғылық болса, ол қандай қара түнек болмақ! 24 Ешкім екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды. Өйткені ол біреуін екіншісінен артық көріп, соған бағышталады, ал екіншісіне немкетті қарайтын болады. Сол сияқты, сендер де Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар! 25 Сондықтан сендерге мынаны айтамын: не ішіп-жейміз деп өмірлеріңді, не киеміз деп тәндеріңді уайымдамаңдар! Өмір тамақтан, тән киімнен артық қой! 26 Әуеде ұшқан құстарға назар салыңдаршы: олар егін екпейді де, ормайды да, өнімін қамбаға жинамайды да, бірақ көктегі Әкелерің оларды асырайды. Ал сендер құстардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?! 27 Сондай-ақ осындай мәселелерді уайымдап, араларыңдағы қайсың өз бойын тіпті бір қарыс ұзарта алады? 28 Неге киімдеріңді ойлап уайымдап жүрсіңдер? Даладағы қызғалдақтардың қалай өсіп тұрғанына көңіл бөліңдерші: олар еңбек те етпейді, жіп те иірмейді. 29 Сендерге былай деймін: тіпті Сүлеймен патша өзінің бар сән-салтанатында сол гүлдердің біріндей әдемі киінбеген. 30 Ал енді, бүгін далада өсіп тұрған, ертең отқа тасталатын шөпті Құдай солай киіндірсе, сендерді, әлбетте, одан бетер киіндірмей ме, сенімі аздарым-ай! 31 Сондықтан не ішіп-жейміз, не киеміз деп уайымдамаңдар! 32 Тәңірге мойынсұнбайтындар барлық сондай нәрселерге ие болуға тынымсыз ұмтылуда. Ал бұлардың бәрінің сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой. 33 Ең бастысы, Құдайдың Патшалығының қамын ойлап, Құдайдың әділ еркін орындауға ұмтылыңдар! Сонда көктегі Әкелерің сендерге бұлардың бәрін қосып береді. 34 Сонымен, ертеңгі күн туралы уайымға салынбаңдар! Ертеңгі күннің өз уайымдары болады. Әр күннің қиыншылығы өзіне жетерлік.



7

1 Құдай өздеріңе үкім шығармас үшін сендер басқаларға үкім айтпаңдар! 2 Себебі басқаларға қандай үкім айтсаңдар, өздеріңе де сондай үкім шығарылады. Сендер өзгелерге қолданған өлшем өздерің үшін де қолданылмақ. 3 Неге бауырыңның көзіндегі жаңқаны көре тұра, өз көзіңдегі бөренені байқамайсың? 4 Өз көзіңде бөрене тұрғанда бауырыңа: «Кәне, сенің көзіңнен жаңқаны алып тастайын» деп қалайша айта аласың? 5 Әй, екі жүзді! Әуелі өз көзіңнен бөренені алып таста! Бауырыңның көзіндегі жаңқаны содан кейін анық көріп, алып тастарсың. 6 Қасиеттілерді иттерге тастамаңдар, інжу-маржандарыңды шошқалар алдына лақтырмаңдар! Әйтпесе олар соларды аяқтарымен таптап, бұрылып келіп, өздеріңді жарып тастамақ. 7 Құдайдан сұраңдар, сонда ол сендерге (мұқтаждарыңды) береді; іздеңдер, сонда табасыңдар; есікті қағыңдар, сонда ол сендерге ашылады. 8 Себебі сұрай берген әркім алады, іздей берген табады, қағып тұрғанға есік ашылады. 9 Араларыңдағы қандай кісі нан сұраған баласына тас берер еді? 10 Не балық сұраса, жылан берер еді? 11 Сонымен, өздерің күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білсеңдер, көктегі Әкелеріңнің Өзінен сұрағандарға жақсылық жасайтыны ешбір шүбәсіз! 12 Барлық істе де басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер! Бұл Таурат пен Пайғамбарлар жазбаларының тәліміне сай. 13 Тар қақпадан кіріңдер! Тозаққа апаратын қақпа кең, жол да даңғыл. Онымен көп адамдар жүреді. 14 Ал шынайы өмірге апаратын қақпа да, жол да тар. Соны біразы ғана табады. 15 Жалған пайғамбарлардан сақтанып жүріңдер! Олар сендерге қой терісін жамылып келеді, бірақ шынында олар — жыртқыш қасқырлар. 16 Оларды «жемістерінен» (яғни іс-әрекеттерінен) танисыңдар. «Шомырттан жүзім, ошағаннан өрік жинамас». 17 Сол секілді, әрбір жақсы ағаш жақсы жеміс, ал жаман ағаш жаман жеміс береді. 18 Жақсы ағаш нашар жеміс, нашар ағаш жақсы жеміс бере алмайды ғой. 19 Ал жақсы жеміс бермейтін әр ағашты кесіп тастап, отқа жағады. 20 Сол сияқты, адамдарды да «жемістерінен» танып білесіңдер. 21 Маған: «Мырза, Ие!» дейтін әркім емес, көктегі Әкемнің еркін орындайтындар ғана Оның Патшалығына кіре алады. 22 Көптеген адамдар қиямет соты күні Маған: «Уа, Тақсыр Ие, Сенің атыңмен біз жұртқа Құдайдың хабарын жеткізбедік пе? Сенің атыңмен жындарды қуып шығарып, көптеген кереметтер жасамап па едік?» — деп жалынатын болады. 23 Сонда Мен оларға: «Сендерді ешқашан (өз адамдарым ретінде) таныған емеспін. Әділетсіздік істегендер, Менен аулақ кетіңдер!» — деп ашық айтамын. 24 Осы айтқандарымды тыңдап, оларды орындаған әркім үйін берік тастың үстіне қалап салған көреген адамға ұқсас болады. 25 Жаңбыр жауып, өзендер тасып, дауыл тұрып үйді соққылағанда, ол құламайды. Себебі оның іргетасы берік тасқа қаланған. 26 Алайда осы айтқандарымды естісе де, орындамаған әркім үйін құм үстіне салған ақымаққа ұқсайды. 27 Жаңбыр жауып, өзендер тасып, дауыл тұрып үйді соққылағанда, ол опырылып құлап қалады. 28 Иса сөзін аяқтағанда, халық Оның тәліміне қатты қайран қалды. 29 Себебі Иса оларға өздерінің дін мұғалімдері сияқты емес, Құдайдан ерекше билігі бар Біреу ретінде тағылым берді.



8

1 Иса таудан түскеннен кейін Оның соңынан көптеген халық ерді. 2 Сонда алапеспен ауырған біреу Исаның алдына келді де, тізе бүгіп тағзым етіп: — Мырза, егер қаласаңыз, мені құлантаза сауықтыра аласыз, — деп өтінді. 3 Иса қолын созып, денесіне тигізді де: — Қалаймын, құлантаза сауығып кет! — деді. Сол сәтте-ақ ауру адам алапесінен арылып, тазарды. 4 Иса оған: — Байқа, бұл туралы ешкімге тіс жарушы болма! Бірақ діни қызметкерге барып, қарал. Содан кейін Мұса Тауратта бұйырған құрбандықты ұсын. Бұл жұртқа сенің сауыққаныңның дәлелі болады, — деді. 5 Иса Қапарнаум қаласына кіргенде, бір римдік жүзбасы алдына келіп: 6 — Мырза, қызметшім үйде сал болып қатты қиналып жатыр, — деген өтініш жасады. 7 — Жарайды, барып сауықтырайын, — деп жауап берді Иса. 8 Ал римдік жүзбасы: — Мырза, мен Сіздің шаңырағымның астына келуіңізге лайық емеспін. Тек бір сөз айтсаңыз болды, қызметшім сауығып кетеді. 9 Мұны білемін, себебі мен де біреудің қол астындамын, өзіме бағынышты жасақшыларым да бар. Біреуіне: «Бар!» десем, барады, басқасына: «Кел!» десем, келеді, қызметшіме: «Мынаны істе!» дегенімде, ол соны орындайды, — деді. 10 Мұны естіген Иса қайран қалып, соңынан еріп келе жатқан халыққа қарап: — Шын айтамын, Маған осындай сенім артқан кісі Исраил халқынан ешқашан кездескен емес! 11 Сендерге шындығын айтайын: шығыс пен батыстан келген көптеген жат жұрттық адамдар Ыбырайым, Ысқақ және Жақыппен бірге Құдай Патшалығында дастарқан басына жайғасатын болады. 12 Ал Патшалыққа алдымен тағайындалғандар сыртқа, қара түнекке қуылмақ! Сонда олар зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады, — деді. 13 Содан кейін Иса жүзбасына: — Үйіңе қайт, сеніміңе сай тілегің болсын! — деді. Сол мезгілде-ақ оның қызметшісі ауруынан сауығып кетті. 14 Иса Петірдің үйіне келгенде, оның қайын енесінің безгекпен ауырып, төсек тартып жатқанын көрді. 15 Иса оның қолына алақанын тигізгенде, қызуы басылып сауығып кетті. Әйел орнынан тұрып, оларды күтіп қызмет ете бастады. 16 Күн батқанда жұрт жын соққан талайларды Исаға алып келді. Ол айтқан бұйрығымен жындарды қуып шығып, барлық науқастарды сауықтырып жіберді. 17 Осылай Ишая пайғамбардың: Ол «біздің қасіретімізді Өзіне алды, біздің ауруларымызды өз мойнымен көтерді» деп алдын ала айтқаны жүзеге асты. 18 Иса айналасына халықтың көптеп жиналғанын көріп, шәкірттеріне: «Көлдің арғы бетіне өтейік», — деді. 19 Бір дін мұғалімі қасына келіп: — Ұстаз, қайда барсаңыз да, мен Сізге еремін, — деді. 20 Иса оған: — Түлкінің іні бар, құстың ұясы бар, ал көктен келген Билеушінің бас тірейтін тұрағы да жоқ, — деп жауап берді. 21 Шәкірттерінің өзге біреуі: — Мырза, алдымен үйге барып, әкем қайтыс болғанша қасында болып, сүйегін жерлеп келейін. Рұқсат етіңізші, — деп сұрады. 22 Иса оған: — Маған шәкірт болып ер! Өлгендерін жерлеуді (рухани) өлілерге қалдыр! — деп тапсырды. 23 Содан кейін Иса қайыққа мініп алды. Шәкірттері Оған ілесіп, бәрі жағадан аттанды. 24 Кенеттен сұрапыл дауыл көтеріліп, қайық толқынның астында қалды. Иса бұл кезде ұйықтап жатты. 25 Шәкірттері Исаға жақындап, Оны оятып: — Мырза, құтқара көріңіз! Құритын болдық! — деп айқайлады. 26 Иса оларға: — Сенімі аздарым-ай, неліктен соншама қорқасыңдар? — деді де, орнынан тұрып, жел мен көлге тыйым салды. Сонда жым-жырт тыныштық орнады. 27 Аң-таң болған қайықтағылар өзара: «Тіпті жел мен көл де бағынатын Бұл кім Өзі?» — десті. 28 Иса шәкірттерімен бірге көлдің арғы бетіндегі Ғадара өңіріне жеткенде, жын соққан екі кісі Оған кездесе кетті. Қабірге арналған үңгірлер арасынан шыға келген олар құтырынған, аса қауіпті болатын. Сондықтан ешкім сол жолмен жүре алмайтын. 29 Кенеттен олар: «Құдайдың рухани Ұлы, бізде нең бар? Уақытынан бұрын бізді азаптауға келдің бе?» — деп айқай салды. 30 Алысырақта үлкен бір топ шошқа жайылып жүрген болатын. 31 Жындар: «Егер бізді қумақ болсаң, ана шошқаларға жібере гөр», — деп өтінді. 32 «Кетіңдер!» — деді Ол. Жындар сол екі кісіден шығып, әлгі хайуандарға енді. Кенеттен олардың бәрі тік жардан көлге қарғып, суға батып, қырылып қалды. 33 Бақташылары қашып кетіп, қалаға барып, бастарынан өткен оқиғаны әрі жын соққан екі кісімен не болғанын жұртқа түгелдей айтып берді. 34 Сонда бүкіл қала халқы Исамен кездесу үшін шықты. Оны көргенде: «Біздің жерімізден кетіңіз», — деп өтінді.



9

1 Иса қайыққа мініп, көлдің батыс жағасына өтіп, Өзі тұрған Қапарнаум қаласына қайта оралды. 2 Міне, біреулер Оған сал болып ауырған бір адамды төсегімен көтеріп алып келді. Иса олардың сенімдерін көріп, сал адамға: «Жігерлен, балам, сенің күнәларың кешірілді!» — деді. 3 Сонда дін мұғалімдері: «Бұл Кісі Құдайды қорлап тұр ғой!» — деп іштей наразы болды. 4 Олардың осы ойларын біле қойған Иса: — Неге сондай жамандық ойлайсыздар? 5 Қайсысын айту оңайырақ: «Сенің күнәларың кешірілді!» деу ме, әлде: «Орныңнан тұрып, жүре бер!» деу ме? 6 Ал Билеуші ретінде көктен келген Менің жер бетінде күнәларды кешіруге билігімнің бар екендігін білулеріңіз үшін,.. — деп, сал адамға қарап: — Орныңнан тұр да, төсенішіңді жинап алып, үйіңе бар! — деп тапсырды. 7 Ауру адам орнынан тұрды да, үйіне кетті! 8 Мұны көрген халықтың зәрелері ұшып, олар адамдарға осындай билік берген Құдайға мақтау айтты. 9 Иса сол жерден кетіп бара жатып, салық кеңсесінің қасында отырған Матай есімді салықшыны көрді. Оны: «Соңымнан ер!» — деп шақырды. Сонда Матай орнынан тұрып, Исаға шәкірті болып ерді. 10 Кейін Иса Матайдың үйінде дастарқан басында отырды. Көптеген салық жинаушылар және өзге де күнәкарлар сонда келіп, Исамен және шәкірттерімен дастарқандас болды. 11 Ал мұны көргенде парызшылдар Оның шәкірттеріне: — Ұстаздарың неге салықшылармен және басқа күнәкарлармен бірге тамақ ішіп отыр? — деп наразылық білдірді. 12 Иса мұны естіп, оларға былай деп жауап берді: — Дәрігер дені сауға емес, ауру адамға қажет. 13 Сендер Жаратқан Иенің: «Мен құрбандық шалғандарыңнан гөрі берік мейірімділік көрсеткендеріңді қалаймын» деген сөзінің мағынасын ұғынып алыңдар! Мен «әділдерді» емес, күнәкарларды (теріс жолдан қайтуға) шақыру үшін келдім. 14 Сол кездері Жақия пайғамбардың шәкірттері Исаға келіп: — Біздер де, парызшылдар да жиі ораза ұстаймыз, ал Сіздің шәкірттеріңіз неге ораза ұстамайды? — деп сұрады. 15 Иса оларға астарлап былай деп жауап берді: — Күйеу жігіт қастарында болғанда тойға келгендер қайғыра ала ма? Бірақ та «Күйеуді» қастарынан алып кететін күн туады; сол кезде олар ораза ұстайтын болады. 16 Ескі киімді жаңа матамен жамамас. Олай етсе, жамау отырып, ескі матадан жұлынып қалады, сонда жыртық бұрынғысынан бетер үлкен болады. 17 Сондай-ақ, жас шарапты ескі торсыққа құймас. Олай етсе, быршып ашыған шарап торсықты жарып, ағып кетеді, торсық та пайдадан қалады. Керісінше, жас шарапты жаңа торсыққа құйған дұрыс. Сонда екеуі де сақталады. 18 Иса оларға осыны айтып отырғанда, Оның қасына бір мәжілісхана жетекшісі келді. Жетекші Исаға тізе бүгіп тағзым етіп: «Қызым жаңа ғана қайтыс болды! Бірақ Сіз барып, қолыңызды тигізе көріңізші. Сонда ол тіріледі», — деп өтінді. 19 Иса орнынан тұрып, шәкірттерімен бірге оған ерді. 20 Сол заматта бір әйел Исаның арт жағынан жақындап келіп, Оның шапанының шетіне қолын тигізді. Әйел он екі жыл бойы қан кетіп қиналып жүрген еді. 21 Ол өзіне-өзі: «Тек Оның шапанына қолымды тигізсем болғаны, сонда сауығып кетер едім», — деген болатын. 22 Иса бұрылып, оны көріп: «Қарындас, жігерлен, сенімің арқылы құтқарылдың!» — деді. Әйел сол сәтте-ақ сауығып кетті. 23 Иса жетекшінің үйіне жеткенде, азалы әуен тартып жатқан сыбызғышыларды және абыржыған жоқтаушы жұртты көрді. Оларға: 24 «Бұл жерден шығыңдар! — деп бұйырды. — Қыз өлген жоқ, ұйықтап жатыр». — Бірақ олар Оның айтқанына күлді. 25 Алайда жұрт сыртқа шығарылғаннан кейін Иса ішке кіріп, қыздың қолынан ұстады. Сонда ол тіріліп, орнынан тұрды! 26 Бұл керемет туралы хабар бүкіл аймаққа тарады. 27 Иса сол жерден кетіп бара жатқанда, Оның соңынан екі соқыр кісі ілесіп: — Дәуіттің Ұрпағы, бізге рақым ете көріңіз! — деп айқайлап жалбарынды. 28 Иса үйге кіргеннен кейін сол екі зағип Оның қасына келді. Иса: — Менің солай істей алатыныма сенесіңдер ме? — деген сұрақ қойды. Олар: — Иә, Тақсыр, сенеміз, — деп жауап берді. 29 Сонда Иса: — Сенімдеріңе сай болсын! — деп, көздеріне саусағын тигізді. 30 Сонда зағиптардың көздері ашылып, көретін болды! Иса оларға: «Байқаңдар, бұл туралы ешкім білмесін!» — деп қатты ескертті. 31 Алайда олар далаға шығып, Иса туралы хабарды сол төңіректегі барлық жұртқа жайды. 32 Бұлар кетіп бара жатқанда, жұрт Исаның алдына жын соққан бір мылқауды алып келді. 33 Жыны қуып шығарылғаннан кейін мылқау сөйлей бастады. Көптеп жиналған халық қайран қалып: — Мұндай керемет оқиға Исраилде ешқашан болған емес! — десті. 34 Бірақ парызшылдар: — Анау жындарды солардың әміршісінің күшімен қуып шығарады! — деп жала жапты. 35 Бұдан кейін Иса барлық қалалар мен ауылдарды аралап, мәжілісханаларында халыққа тәлім берді; Патшалық туралы Ізгі хабарды уағыздап, адамдарды ауру-сырқау атаулыдан сауықтырды. 36 Иса көптеп жиналған халықты көргенде, оларға жаны ашыды. Себебі адамдар бағушысы жоқ қойлардай қалжыраған бейшара күйде болатын. 37 Сонда Ол шәкірттеріне: «Оратын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. 38 Сондықтан егіннің Иесінен оны жинап алатын жұмысшылар жіберуін өтініңдер!» — деп тапсырды.



10

1 Иса он екі шәкіртін тағы да қасына шақырып алып, оларға жындарды қуып шығаратын әрі барлық ауру-сырқауды сауықтыратын билік берді. 2 Осы он екі елшінің есімдері мыналар: алдымен Шимон, ол Петір деп те аталатын, әрі соның інісі Әндір; сондай-ақ Зебедей ұлдары Жақып пен Жохан; 3 Філіп пен Барталмай; Тома мен салықшы Матай; Әлпей ұлы Жақып және Тадей (деген Лебей); 4 Діншіл Шимон және кейін Исаға опасыздық жасаған Яһуда Исқариот. 5 Осы он екі елшісін Иса төмендегі тапсырмаларымен жіберді: — Басқа ұлт адамдарының жерлеріне бармаңдар, самариялық қалаларға да кірмеңдер; 6 қайта, адасып кеткен қойларға ұқсас Исраил халқының адамдарына барыңдар! 7 Аралай жүріп: «Құдай Патшалығының жер бетінде орнайтын кезі таяп қалды!» деп уағыздаңдар. 8 Ауруларды сауықтырып, өлгендерді қайта тірілтіңдер, алапестерді құлантаза айықтырып, жындарды қуып шығарыңдар. Тегін алдыңдар, тегін беріңдер де! 9 Қалталарыңа алтын, күміс, бақыр ақша салмаңдар. 10 Жолға дорба, артық киім, аяқкиім және таяқ та алмаңдар. Еңбек еткен жейтін тамағына қақылы ғой. 11 Қай қалаға не ауылға кірсеңдер де, сол жерде өздеріңе түсуге лайықты адамды іздестіріп тауып алып, қайтадан жолға шыққанша соның үйінде қалыңдар. 12 Үйге кіргенде амандасып: «Осы үйге амандық пен тыныштық болсын!» деп бата беріңдер. 13 Сол үйдегілер лайықты болса, берген баталарың қонады, ал лайықсыз болса, баталарың өздеріңе қайтып келеді. 14 Егер біреу сендерді қабылдамаса не сөздеріңе құлақ салмаса, сол үйден немесе қаладан шығып кетіп бара жатқанда аяқтарыңдағы шаң-тозаңды қағып тастаңдар. 15 Сендерге шын айтамын: қиямет соты күні сондай қала тұрғындарының тартатын жазасынан тіпті Содом мен Ғомора халқының жазасы жеңілірек болады! 16 Естеріңде болсын: Мен сендерді қасқырлар арасына жіберілген қойлар сияқты жіберіп отырмын. Сондықтан жыландай көреген, көгершіндей ақкөңіл болыңдар! 17 Жұрттан сақтанып жүріңдер, олар сендерді соттарға ұстап беріп, өздерінің мәжілісханаларында дүре соғатын болады. 18 Менің жолыма түскендеріңе бола сендерді әміршілер мен патшалар алдына да апарады. Осылайша соларға және басқа ұлт адамдарына Мен туралы ашық айтасыңдар. 19 Адамдар сендерді ұстап бергенде, қалай және не айтатындарыңды ойлап уайымдамаңдар! Айтатын сөздерің сол сәтте ауыздарыңа салынады. 20 Осылай өздерің емес, сендер арқылы көктегі Әкелеріңнің Киелі Рухы сөйлейтін болады. 21 Сонда тіпті бауыры өз бауырын, әкесі өз баласын ажалға ұстап беріп, балалары да әке-шешелеріне қарсы көтеріліп, оларды өлімге душар етеді. 22 Менің атымды мойындағандарыңа бола барлық жұрт сендерді жек көретін болады. Ал ақырына дейін табандылық танытқан әркім құтқарылады. 23 Бір қалада қудаласа, басқасына қашыңдар. Шын айтамын: сендер Исраилдің барлық қалаларын аралап шықпай жатып-ақ, Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келемін. 24 Шәкірті ұстазынан, қызметшісі қожайынынан жоғары емес. 25 Шәкірті ұстазына, қызметшісі қожайынына ұқсаса, соған қанағат тұтсын. Жұрт «үйдің Иесін» белзебүл (шайтан) деп атаса, оның үй ішіне одан бетер жаман ат тақпай ма? 26 Сонымен олардан қорықпаңдар! Ашылмайтын сыр, білінбейтін құпия болмайды. 27 Сендерге қараңғыда айтқанымды жарықта айтыңдар, әрі құлақтарыңа сыбырлаған сөздерімді жұртқа жариялаңдар! 28 Тәнді өлтірсе де, жанды өлтіре алмайтындардан қорықпаңдар! Одан гөрі жанды да, тәнді де тозақта құрта алатын Құдайдан қорқып, Оны терең қастерлеңдер! 29 Екі торғайды бір теңгеге сатпай ма? Дегенмен көктегі Әкелеріңнің еркінсіз бірде-бір торғай жерге құлап түспейді. 30 Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да Оған белгілі! 31 Сондықтан адамдардан қорықпаңдар: Құдай үшін сендер көптеген торғайлардан да әлдеқайда қымбатсыңдар! 32 Сонымен Мені адамдар алдында мойындаған әркімді Мен де көктегі Әкемнің алдында мойындаймын. 33 Бірақ Менен жұрт алдында танған әркімнен Мен де көктегі Әкемнің алдында танбақпын. 34 Мені дүние жүзіне (жалған) татулық әкелу үшін келді деп ойламаңдар. Мен сондай татулықты емес, жақсы мен жаманды бір-бірінен ажырататын айыруды әкелу үшін келдім. 35 Сөйтіп (пайғамбардың алдын ала айтқан мына тәрізді сөздерін) жүзеге асыруға келдім: «Өз ұлы әкесіне, қызы шешесіне, келіні енесіне қарсы шығады. 36 Адамның дұшпаны өз үй іші болады». 37 Кім әке-шешесін не ұл-қызын Менен артық көрсе, сол Менікі болуға лайықты емес. 38 Сондай-ақ, кім айқышын арқалаған кісідей өз мүддесінен бас тартып, тіпті азапты өлімге дайын болып Менің соңымнан еріп жүрмесе, сол Менікі болуға лайықты емес. 39 Өміріне өзі иелік еткен әркім одан айырылады, ал өмірін Мен үшін қиған оған мәңгі иелік етеді. 40 Кім сендерді қабылдаса, соның Мені қабылдағаны. Ал кім Мені қабылдаса, оның Мені Жібергенді де қабылдағаны. 41 Бір пайғамбарды Құдайдың хабаршысы болғандықтан қабылдағандар сол пайғамбар алатын сыйға ие болады, әрі әділ кісіні әділ болғаны үшін қабылдағандар соның алатынындай сыйды иемденеді. 42 Сендерге шындығын айтайын: атақ-шені жоқ осылардың біреуіне Менің шәкіртім болғаны үшін ең болмағанда бір тостаған салқын су берген әркім сол үшін алатын сыйынан құр қалмайды!



11

1 Он екі шәкіртіне нұсқау беріп болғаннан кейін, Иса сол жерден кетіп, халыққа тәлім беріп, уағыз айту үшін Ғалилея қалаларын аралады. 2 Жақия пайғамбар Мәсіхтің жасаған істері туралы естігенде тұтқында отырды. Содан ол Мәсіхке бірнеше шәкірттерін жіберіп, Одан: 3 — Келетіні ежелден-ақ уәде етілген Құтқарушымыз шынымен Сіз бе? Әлде басқа біреуді күтуіміз керек пе? — деп сұратты. 4 Иса оларға жауап беріп: — Сендер көріп-естігендеріңді Жақияға барып, айтып беріңдер: 5 соқырлар көріп, сал болғандар жүріп, алапестер құлантаза сауығып, саңыраулар естіп, өлгендер қайта тіріліп, жарлыларға Ізгі хабар жарияланып жатыр. 6 Ал Маған деген сенімінен бас тартпаған әркім бақытты! — деді. 7 Жақияның жіберген адамдары қайтып кеткеннен кейін, Иса жұртқа Жақия туралы былай деп айта бастады: — Сендер айдалаға нені көруге бардыңдар? Жел тербеткен бір қамысты ма? (Жақия ондай емес!) 8 Тегі, нені көруге бардыңдар? Қымбат киім киген біреуді ме? Жоқ, қымбат киім кигендер патша сарайларында тұрады ғой. 9 Сонда нені көруге бардыңдар? Бір пайғамбарды ма? Иә, сендерге айтамын: Жақия тіпті пайғамбардан да артық! 10 Киелі жазбада Құдайдың мына тәрізді сөздері бар: «Біліп ал, Мен хабаршымды алдыңнан жіберемін, ол жүретін жолыңды дайындап қояды» Бұл хабаршы — Жақияның өзі. 11 Сендерге шындығын айтайын: адам баласы атаулының ішінде Жақия пайғамбардан жолы үлкен ешкім болған емес. Бірақ Құдай Патшалығындағы ең қарапайым деген адамдардың жолы онікінен үлкен. 12 Жақияның уағыздап, шомылдыру рәсімін орындаған уақытынан бері қазірге дейін Құдайдың Патшалығы күшпен алға басып, күш салғандар оны иемденуде. 13 Барлық Пайғамбарлар жазбалары мен Таурат Құдайдың хабарын Жақияға дейін жеткізіп келді. 14 Ал қабылдағыларың келсе, Жақия — келетіні алдын ала уәде етілген Ілияс пайғамбар. 15 Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын! 16 Ендеше қазіргі ұрпақтың кісілерін кімге ұқсатайын? Олар тентек балаларға ұқсайды. Солар далада отырып, жолдастарына айқайлап: 17 «Сендер үшін сыбызғы тартсақ та, би билемедіңдер, Сосын жоқтау айтсақ та, жылап еңіремедіңдер», — деп шағымданады. 18 Өйткені Жақия пайғамбар келгенде, кәдімгі тамақтарды ішіп-жемеді. Олар оны «жынды» дейді. 19 Ал Мен, көктен келген Билеуші, кәдімгі тамақтарды ішіп-жеймін. Сонда олар: «Мынау тамақ жеп, шарап ішуді жақсы көреді, әрі салықшылармен, күнәкарлармен дос!» деп жамандайды. Алайда даналықтың игілігі одан туындаған ізгі істермен дәлелденеді. 20 Сол уақытта Иса Өзінің істеген кереметтерін көбірек көрген қалаларды күнәларына өкініп, теріс жолдан қайтпағандары үшін айыптай бастады: 21 — Ей, Хоразин қаласы, қасіретке қаласың! Ей, Бетсайда қаласы, сен де қасіретке қаласың! Егер сендерде жасалған кереметтер (шетелдік) Тир мен Сидон қалаларында орын алған болса, олардың халқы әлдеқашан азалы киім киіп, күлге отырып, теріс жолдарынан қайтқан болар еді. 22 Ендеше сендерге айтамын: қиямет соты күні Тир мен Сидонның тұрғындарының тартатын жазасы сендердікінен жеңілірек болмақ! 23 Ал, Қапарнаум қаласы, сенің атың мақталып, көкке шығарыла ма? Жоқ, сен түпсіз тұңғиыққа құлайсың! Егер сенде жасалған кереметтер ежелгі Содомда орын алған болса, сол қала күні бүгінге дейін сақталған болар еді. 24 Ендеше сендерге айтамын: қиямет соты күні тіпті Содом халқының тартатын жазасы сендердікінен жеңілірек болмақ! 25 Сол кезде Иса көктегі Әкесіне сиынып: «Көк пен жердің Иесі — Әке! Осы жайттарды данышпандар мен білгіштерден жасырып қалып, оларды ашып көрсеткенің үшін Сені дәріптеймін. 26 Иә, Әке, Саған осылай болғаны ұнап тұр», — деп мақтау айтты. Содан кейін Иса тағы былай деді: 27 «Маған бәрін де Әкем сеніп тапсырған. Рухани Ұлының шынымен кім екенін Әкесінен өзге ешкім де білмейді. Әкенің кім екенін де Оның жалғыз рухани Ұлы — Мен ғана білемін. Әкемді кімдерге білдіргім келсе, солар да Оны жақыннан таниды. 28 Қиналып қатты шаршап-шалдыққандар, Еңселерін тым ауыр жүк басқандар, Менің қасыма келіңдер, бәрің, Жандарыңды Мен рақатқа бөлеймін! 29 Қамытымды бірге киісіп, үйреніңдер Өзімнен, Өйткені жуас, кішіпейілмін шын жүректен, Тыныштық табады сонда көңілдерің. 30 Себебі ыңғайлы — қамытым Менің, Әрі жеңіл — жүктейтін міндеттерім».



12

1 Сол кезде Иса демалыс күні егіндік арасымен өтіп бара жатты. Қарындары ашқан шәкірттері біраз масақ үзіп алып, жей бастады. 2 Мұны көрген кейбір парызшылдар Исаға: — Қараңыз, шәкірттеріңіз демалыс күні істеуге тыйым салынған жұмысты істеп жүр! — деп наразылық білдірді. 3 Иса оларға былай деп жауап қайырды: — Дәуіт пайғамбар мен оның қасындағы сарбаздар ашыққан кезде не істегендерін оқымап па едіңдер? 4 Дәуіт Құдайдың киелі үйіне кіріп, тарту ретінде Құдайға ұсынылған нандарды олар жеді емес пе? Ал заң бойынша сол нандарды Дәуіт те, қасындағылар да емес, тек діни қызметкерлер ғана жеуге хұқықты болатын. 5 Сондай-ақ, діни қызметкерлер ғибадатханада жұмыс істеп, демалыс күні туралы ережелерді бұзады. Бірақ олар сол үшін айыпталмайды. Бұл туралы Таураттан оқымап па едіңдер? 6 Сендерге айтамын: осы жерде ғибадатханадан да дәрежесі үлкен Біреу бар. 7 Жаратқан Ие: «Мен құрбандық шалғандарыңнан гөрі берік мейірімділік көрсеткендеріңді қалаймын» деген. Егер мұның мағынасын білсеңдер, мына кінәсіздерді айыптамас едіңдер. 8 Себебі көктен келген Мен демалыс күнінің де Иесімін! — деп қорытты. 9 Ол жерден кетіп бара жатып, Иса яһудилердің жиналатын мәжілісханасына кірді. 10 Сол жерде қолы семіп қалған бір адам да болды. Діншілдер Исаны айыптайтын сылтау іздеп, Оған: — Демалыс күні болса да, ауруды сауықтыруға бола ма? — деген сұрақ қойды. 11 Иса оларға жауап беріп былай деді: — Егер біреуіңнің жалғыз-ақ қойың болып, ол шұңқырға түсіп кетсе, демалыс күні болса да, шығарып алмас па едіңдер? 12 Ал адам қойдан әлдеқайда артық емес пе?! Ендеше демалыс күні де жақсылық жасауға болады! — 13 Содан Иса әлгі кісіге: «Қолыңды созшы!» — деп бұйырды. Адам семіп қалған оң қолын созғанда, ол екіншісі сияқты бұрынғы сап-сау қалпына келді! 14 Ал парызшылдар болса сыртқа шығып, Исаның көзін жою туралы кеңес құрды. Иса бұл туралы біліп қойып, сол жерден кетіп қалды. 15 Оның артынан көп халық еріп жүрді. Иса солардың бәрін ауруларынан сауықтырды. 16 Алайда оларға Өзінің кім екенін жариялауға тыйым салды. 17 Осылай Құдайдың Ишая пайғамбар арқылы айтқан мына тәрізді сөздері жүзеге асты: 18 Міне, Менің таңдап алған Қызметшім, Ол — жаным рақат табатын Сүйіктім! Оған қондырамын Мен өз Рухымды, Ол халықтарға жариялайды әділ үкімді. 19 Қызметшім айтыспайды да айқайламайды, Оның дауысы көшелерде шықпайды. 20 Ол майысқан таяқты сындырмайды, Бықсыған білтені де сөндірмейді, Соңында әділдікті жеңіске жеткізеді. 21 Оған басқа елдер де үміттенеді. 22 Сол кезде жұрт Исаның алдына жын соққан, соқыр да мылқау біреуді алып келді. Иса оны сауықтырып, соқыр да мылқау адам әрі көретін, әрі сөйлейтін болды! 23 Барша халық қайран қалып, бір-біріне: — Дәуіттің Ұрпағы (Мәсіх) Осы шығар? — десті. 24 Бірақ мұны естіген парызшылдар: — Анау жындарды тек солардың әміршісі белзебүлдің (яғни әзәзіл шайтанның) күшімен қуып шығарады! — деп жала жапты. 25 Олардың осы ойларын білген Иса: — Жікке бөлініп, өзара соғысып жатқан әрбір патшалық жойылып, бос қалады. Өзара ұрысып-керісіп жататын әр қала не үй де құрып кетеді, — деді. 26 — Сол сияқты, егер шайтан өзін қуып шығарса, оның өзіне-өзі қарсы соғысқаны! Олай болса, оның патшалығы қалайша жойылмай, берік тұра алады? 27 Ендеше Мені жындарды белзебүлдің күшімен қуып шығарады десеңдер, онда сендердің шәкірттерің оларды кімнің күшімен қуып шығады?! Сондықтан айтқандарыңның бұрыстығын өз шәкірттерің-ақ әшкерелейді! 28 Бірақ шынында Мен жындарды Құдайдың Киелі Рухының құдіретімен қуып шығарамын. Демек, араларыңда Құдайдың Патшалығы орнаған! 29 Немесе күштінің үйіне кірген біреу алдымен соның өзін байлап тастамай, дүние-мүлкін қалайша тонар еді? Тек күштіні жеңіп, байлап-матап тастағаннан кейін ғана оның үйін тонай алады. 30 Кім Менімен бірге болмаса, сол Маған қарсы; кім Менімен бірге жинамаса, сол шашады. 31 Сондықтан сендерге айтамын: адамдардың жасаған бүкіл күнәлары мен Құдайды қорлауларына кешірім беруге болады; бірақ Құдайдың Киелі Рухын қорлайтынға кешірім болмайды. 32 Көктен келген Маған қарсы сөйлеген әркімге кешірім беруге болады, бірақ Құдайдың Киелі Рухына қарсы сөйлейтіндерге не осы заманда, не келешекте кешірім болмайды! 33 Мынаны мойындауларың қажет: ағаш жақсы болса, жемісі де жақсы, ал жаман болса, жемісі де жаман. Ағаш жемісімен танылар. 34 Улы жыланның тұқымдары! Сендер жаман бола тұра, қалайша жақсы сөздер айта алар едіңдер? Жан дүниең неге толса, ауызың соны айтар. 35 Ізгі адам жан дүниесіндегі игілікті қазынадан игілік алып шығады, ал зұлым адам арам жан дүниесінен арамдық алып шығады. 36 Сендерге шын айтамын: адамдар өздері айтқан әрбір жағымсыз сөздері үшін қиямет сотында жауап береді. 37 Сол кезде сендер айтқан сөздеріңе сай не ақталатын, не айыпталатын боласыңдар. 38 Кейбір дін мұғалімдері мен парызшылдар сонда Исаға: — Ұстаз, билігіңізді дәлелдейтін бір кереметті көрсек деп едік, — деген өтініш жасады. 39 Бірақ Оның жауабы мынау болды: — Жаман, опасыз ұрпақ билігімді дәлелдейтін керемет көрсетуімді талап етеді. Бірақ оған Жүніс пайғамбардың кереметінен басқасы көрсетілмейді: 40 Жүністің үш күн, үш түн дәу балықтың ішінде жатқаны сияқты, көктен келген Билеуші де жер қойнында үш күн, үш түн жататын болады. 41 Ниневи тұрғындары қиямет кезінде осы ұрпақтың адамдарымен бірге сот алдында тұрып, олардың қиқарлығын әшкерелейді: ниневиліктер Жүніс уағыздағанда теріс жолдарынан қайтты. Ал мұнда Жүніс пайғамбардан да мәртебесі зор Біреу бар! (Алайда сендер теріс жолдарыңнан қайтудан бас тартасыңдар!) 42 Ежелгі Оңтүстік Арабияның патшайымы да қиямет күні осы ұрпақпен бірге сот алдында тұрып, оның қиқарлығын әшкерелейді. Себебі патшайым Сүлеймен патшаның даналық сөздерін тыңдау үшін жердің қиыр шетінен келді. Ал мұнда Сүлеймен патшадан да мәртебесі зор Біреу бар! (Алайда сендер Маған құлақ аспайсыңдар!) 43 Жын адамнан шыққаннан кейін шөл даланы кезіп, баспана іздеп, таппайды. 44 Сонда ол: «Шыққан үйіме қайта оралайын» дейді. Қайтып келгенде қараса, үй сыпырылып, жиналыпты, алайда бос тұр екен. 45 Содан жын барып, өзінен бетер жауыз тағы жеті жынды ертіп келіп, үйге кіріп, сонда тұрып қалады. Осылайша әлгі адамның кейінгі жағдайы бұрынғысынан да мүшкіл болады. Біліп қойыңдар, осы күнәлі ұрпақтың жағдайы да сол секілді болады! 46 Иса әлі де халыққа сөйлеп тұрғанда, Оның шешесі мен туған бауырлары келіп, сыртта тұрып, Исамен тілдеспекші болды. 47 Сонда әлдекім Исаға былай деп хабарлады: — Сыртта шешеңіз бен бауырларыңыз келіп, Сізбен сөйлесеміз деп тұр. 48 Алайда Иса осыны айтқанға жауап қайырып: — Менің шешем, бауырларым кім екенін айтайын ба? — деді де, 49 қолын созып шәкірттерін нұсқап: — Міне, Менің «шешем» мен «бауырларым»! 50 Себебі көктегі Әкемнің еркін орындайтындар Маған бауыр, қарындас, шеше іспетті жақын, — деді.



13

1 Сол күні кейінірек Иса үйден шығып, көл жағасына барып отырды. 2 Қасына жиналған халықтың көп болғаны сонша, Иса қайыққа мініп, соған жайғасты. Ал барша халық жағалауда тұрды. 3 Иса оларға мынау сияқты астарлы әңгімелермен көп тәлім беріп былай деді: «Бір диқан тұқым себуге шығыпты. 4 Ол сеуіп жүргенде дәндерінің кейбіреулері жол бойына түсіп қалады. Құстар ұшып келіп, шоқып жеп қояды. 5 Біраз тұқым топырағы аз тастақ жерге түседі. Топырақ жұқа болғандықтан, тұқым тез көктеп шығады. 6 Алайда күн шыққан соң күйіп, тамыр жая алмағандықтан қурап қалады. 7 Тағы басқа дәндер тікен арасына түседі. Тікендер қаулап, оларды тұншықтырып, өсірмей тастайды. 8 Ал өзге тұқымдар құнарлы топыраққа түседі. Бұлардың біразы жүз, басқалары алпыс, бірқатары отыз еседен өнім береді. 9 Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!» 10 Шәкірттері Исаның қасына келіп: — Жұртқа неге әңгімені астарлап айтып тұрсыз? — деп сұрағанда, 11 Оның жауабы мынадай болды: — Құдай өз Патшалығы туралы сырларды білуді оларға емес, сендерге ғана бұйырған. 12 Өйткені кімде (біраз түсінік) бар болса, соған тағы да беріліп, онікі асып-тасып кетеді. Ал кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де одан алынып қойылады. 13 Мен бұларға астарлап айтамын, өйткені олар көріп тұрса да, шынымен көрмейді, естіп тұрса да, шынымен естімейді де, түсінбейді де. 14 Осылайша Ишая пайғамбардың алдын ала айтқан мына тәрізді сөздері олардың өмірінде жүзеге асады: Естисіңдер, бәрібір түсінбейсіңдер, көресіңдер, бәрібір аңғармайсыңдар! 15 Өйткені бұл халықтың жүректері қасарысқан сезімсіз, құлақтары керең, көздері жұмылған. Әйтпесе олар көздерімен көріп, құлақтарымен естіп, жүректерімен түсініп, теріс жолдарынан қайтар еді. Сонда Мен оларды рухани дертінен сауықтырар едім! 16 Ал сендер бақыттысыңдар: көздерің көреді, құлақтарың естиді. 17 Сендерге шындығын айтайын: көптеген пайғамбарлар да, өзге әділ адамдар да сендер көріп жүрген нәрселерді көргілері келді, бірақ көре алмады, сендер естіп жүрген сөздерді естігілері келді, бірақ ести алмады. 18 Енді тұқым сепкен диқан туралы әңгіменің мағынасын тыңдаңдар: 19 біреу Патшалық туралы Ізгі хабарды естіп, түсінбесе, лезде әзәзіл шайтан келіп, сол адамның жүрегіне себілген бұл сөздерді ұрлап алып кетеді. Жол бойына түскен тұқым — осы. 20 Ал тастақ жерге себілгені мынаны көрсетеді: адам Ізгі хабарды естіген бойда оны қуанышпен қабылдайды, 21 бірақ тамыр жаймағандықтан берік болмайды. Ізгі хабарға бола басына азап не қуғын түскенде, дереу сенімінен безіп кетеді. 22 Тікен арасына себілген дәндер болса, мынаны білдіреді: біреу Ізгі хабарды естиді. Алайда бұ дүниелік тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлыққа алданады. Осылайша Ізгі хабар ескерусіз қалып, өнім бермейді. 23 Ал құнарлы топыраққа себілген тұқым болса, мынаны бейнелейді: адам Ізгі хабарды тыңдап, түсініп, өнімді болады. Ол жүз, алпыс немесе отыз еседен өнім береді. 24 Иса халыққа тағы басқа бір астарлы әңгімені айтып берді: «Құдай Патшалығының орнауы мынаған ұқсайды. Бір адам егіндігіне жақсы тұқым себеді. 25 Жұрт ұйықтап жатқанда дұшпаны келіп, бидай арасына бидайықтың тұқымын шашып кетеді. 26 Бидай көктеп шығып, дән жинай бастағанда, әлгі арам шөп те өсіп шығады. 27 Сонда қызметшілері егіндіктің иесіне келіп: — Мырза, жеріңізге сепкеніңіз жақсы тұқым емес пе еді? Онда бидайық қайдан шыққан? — деп сұрайды. 28 Ол: — Мұны істеген дұшпан кісі, — деп түсіндіреді. — Ендеше біздің сонда барып, отап тастауымызды қалайсыз ба? 29 — Жоқ, — деп жауап береді қожайын, — сендер бидайықты отаймыз деп, бидайды бірге жұлып тастарсыңдар. 30 Орылғанша бірге өсе берсін. Ал орақ кезінде егін жинаушыларға: Өртеп жіберу үшін алдымен арам шөптерді баулап, жиып алыңдар, ал бидайды жинап, қамбама құйыңдар! — деп бұйырамын». 31 Иса халыққа тағы мына астарлы әңгімені де айтып берді: «Құдай Патшалығы бір адамның егістігіне еккен қыша дәніне ұқсас: 32 қыша дәні басқа тұқымдардан гөрі титтей болса да, өскенде барлық дәнді дақылдардан биік болып шығып, бұтаға айналады. Сонда бұтақтарына құстар ұшып келіп, паналайды». 33 Иса оларға астарлап келесі бір әңгімені де айтып берді: «Құдай Патшалығын ашытқымен де салыстыруға болады: әйелдер үш астау ұнға аздаған ашытқы қосып, араластырған соң, ол барлық қамырды ашытып, көтереді». 34 Мұның бәрін Иса халыққа астарлы әңгімелермен айтты. Оларға еш нәрсені де астарсыз уағыздамады. 35 Осылай Құдайдың пайғамбар арқылы айтқан мына тәрізді сөздері жүзеге асты: «Астарлы әңгімелерді айтамын, Әлем жаратылғаннан бері бар құпияларды ашамын». 36 Бұдан кейін Иса халықты таратып, үйге кірді. Қасына келген шәкірттері: «Егіндіктегі арам шөп туралы астарлы әңгімені түсіндіріңізші», — деп өтінген соң, 37 Иса оларға былай деді: «Жақсы тұқым сепкен — көктен келген Билеуші. 38 Егіндік — осы дүние, жақсы тұқым — Құдай Патшалығының адамдары, ал бидайық — әзәзілдің адамдары. 39 Сол арам шөптің тұқымын шашқан дұшпан — шайтан, орақ кезі — ақырзаман, ал орушылар — періштелер. 40 Жұрттың арам шөптерді жинап, өртеп жіберетіні сияқты, ақырзаманда да солай болады: 41 көктен келген Билеуші Өзінің періштелерін жібереді. Олар азғындық пен заңсыздық жасайтын адамдардың бәрін Оның Патшалығынан жинап алып, 42 жанып тұрған ошақ іспетті тозақ отына лақтырмақ. Сонда олар зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады-ау! 43 Ал әділдер көктегі Әкелерінің Патшалығында күн сәулесіндей жарқырайтын болады. Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!» 44 «Құдай Патшалығын егіндік жерге көмілген қазынаға да ұқсатуға болады. Соны тауып алған адам қазынаны қайтадан көміп тастап, қуанғанынан өзіндегі барды түгел сатып жіберіп, егіндікті сатып алады. 45 Құдай Патшалығы мынаған да ұқсайды: бір саудагер асыл інжу-маржан іздеп жүріп, 46 аса құнды біреуін тауып алады. Сонда ол өзінде бардың бәрін түгел сатып, сол асыл інжуге ие болады. 47 Құдай Патшалығын көлге тасталғанда әр түрлі балықтар түсетін аумен де салыстыруға болады. 48 Ау толғанда оны жағаға шығарып, отыра қалып, жақсыларын ыдысқа жинап алып, нашарларын лақтырып тастайды. 49 Ақырзаманда да осылай болмақ: періштелер келіп, жамандарды әділдерден ажыратып, 50 жанып тұрған ошақ іспетті тозақ отына лақтырады. Сонда олар зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады», — деп сөзін аяқтаған 51 Иса: — Мұның бәрін түсіндіңдер ме? — деп сұрады. Шәкірттері: — Иә, түсіндік, — деп жауап берді. 52 Иса: — Сонымен Құдай Патшалығы туралы тәлім алып, Киелі жазбаларды оқытушы әрбір ғұлама өз қазынасынан жаңасын да, көнесін де шығарып отырған үй иесіне ұқсайды, — деп тұжырымдады. 53 Иса осы астарлы әңгімелерді айтып болғаннан кейін сол жерден кетіп қалды. 54 Өзінің өскен жеріне келіп, ондағы мәжілісханада жамағатқа тәлім берді. Олар Оған қатты таңданып, өзара былай десті: — Бұған мұндай даналық пен құдірет қайдан біткен? 55 Өзі ағаш ұстасының Баласы емес пе? Шешесінің аты — Мәриям, ал інілері — Жақып, Жүсіп, Шимон, Яһуда. 56 Қарындастарының бәрі де арамызда тұрады ғой. Сонда мұның бәрі Бұған қайдан біткен, ә? 57 Олар қызғаныштан Исаны көре алмай, ашуланды. Ал Иса оларға қарап: — Өз ел-жұрты мен үй ішінен өзге жерде пайғамбар қадірсіз болмас, — деді. 58 Олардың сенбеушілігіне бола Иса сол маңайда көп кереметтер жасаған жоқ.



14

1 Сол уақытта аймақ әкімі Ирод (Антипас) Иса туралы хабарды естіп, 2 нөкерлеріне: «Бұл, шомылдыру рәсімін жасаған Жақия екен. Өлімнен қайта тіріліпті, сол себептен де сондай құдіретті істер жасайды», — деді. 3 Бұрынырақ аймақ әкімі Ирод Жақия пайғамбарды тұтқындатып, бұғаулатып, түрмеге жаптырған еді. Ирод мұны туған бауыры Філіптің әйелі Иродияға бола істеді. 4 Себебі Жақия Иродқа: «Бауырыңыздан жұбайын тартып алғаныңыз Таурат заңына қайшы!» — деп ескерткен болатын. 5 Содан Ирод Жақияны өлтіргісі келді, бірақ оны пайғамбар деп санайтын халықтан қорықты. 6 Бірақ Ирод өзінің туған күнін тойлап отырғанда, Иродияның қызы қонақтардың алдында би билеп, Иродқа қатты ұнап қалды. 7 Сондықтан Ирод бойжеткенге не сұраса да сыйлауға уәде берді. 8 Қыз шешесінің айтып үйретуі бойынша Иродтан: «Шомылдыру рәсімін жасаған Жақияның басын табаққа салып, маған осында тарту етіңіз», — деп өтінді. 9 Патша еңсесі түсіп қапаланды. Алайда бірге отырған қонақтарының алдында ант бергендіктен, қыздың өтінішін орындауға бұйырды. 10 Бір жасақшысын түрмеге жіберіп, Жақияның басын шаптырды. 11 Бас табаққа салынып, қызға әкелінді. Қыз оны шешесіне апарып берді. 12 Кейін Жақияның шәкірттері келіп, оның мәйітін алып кетіп, қабірге қойды. Содан Исаға барып, болған жайтты жеткізді. 13 Мұны естігеннен кейін Иса оңаша болу үшін қайықпен елсіз бір жерге жөнелді. Ал бұл туралы біліп қалған халық сол маңайдағы қалалардан шығып, жаяу Оның соңынан ілесті. 14 Иса қайықтан түскенде, қарақұрым халықты көрді. Оларға жаны ашып, араларындағы ауру адамдарды сауықтырды. 15 Кеш түсе шәкірттері Ұстазының қасына келіп: — Бұл — құлазыған дала, ал күн кеш болып кетті. Халықты таратып жіберіңіз. Олар жақын маңдағы ауылдарға барып, тамақ сатып алсын, — деген ұсыныс жасады. 16 Бірақ Иса: — Кетулері қажет емес, оларға тамақты сендер беріңдер! — деп жауап қатты. Шәкірттер: 17 — Бізде тек бес күлше нан мен екі кепкен балық қана бар, — деді. Иса: 18 — Соларды Маған алып келіңдер! — деп, 19 халыққа көгалдың үстіне жайғасып отыруды бұйырды. Мұнан кейін Иса бес күлше мен екі балықты қолына алып, көкке қарап тұрып шүкірлік етті. Нанды үзіп-үзіп, шәкірттеріне бере берді, ал олар халыққа үлестірді. 20 Барлығы да жеп тойды. Соңында олар нан үзімдері мен балықтан артылып қалғандарын жинап алғанда, он екі себет толды. 21 Ал балалар мен әйелдерді есептемегеннің өзінде тамақтанған ер адамдардың жалпы саны бес мыңдай еді. 22 Бұдан кейін Иса дереу шәкірттеріне қайыққа мініп, Өзінен бұрын көлдің солтүстік жағасына өтуге бұйырды. Ал Өзі халықты таратып жібермек болып, сол жерде қалды. 23 Ол жұртты қайтарған соң (көктегі Әкесіне) оңашада сиынып мінажат ету үшін бір төбенің басына шықты. Кеш түскенде Иса әлі де сол жерде жалғыз тұрды. 24 Ал қайық жағадан бірталай алыстап кеткен болатын. Сол кезде жел қарсы тұрып, толқындар қайықты соққылай бастады. 25 Таңғы сағат үш шамасында Иса шәкірттеріне көл бетімен жақындап келді. 26 Оның көл үстінде жаяу жүргенін байқап қалып, шәкірттерінің зәрелері ұшып: «Мынау елес!» — деп қатты қорқып, айқайлап жіберді. 27 Иса оларға дереу тіл қатып: — Қорықпаңдар, бұл Менмін ғой! Үрейлерің ұшпасын! — деп көңілдерін орнықтырды. 28 Петір: — Мырза, егер бұл Өзіңіз болсаңыз, онда маған су бетімен қасыңызға баруға бұйырыңызшы, — деп жауап берді. Иса: 29 — Кел! — дегенде, Петір қайықтан шығып, су үстімен Исаға қарай беттеді. 30 Бірақ қатты соққан желді байқап, қорқып кеткен ол суға бата бастады да: — Мырза, мені құтқара көріңіз! — деп айқайлап жіберді. 31 Иса дереу қолын созып, демеп жіберіп: — Әй, сенімі азым-ай! Неліктен (Менің құдіретіме) күдіктендің? — деді. 32 Екеуі қайыққа мінгенде жел де басылды. 33 Сонда қайықтағылар: — Сіз шынымен де Құдайдың рухани Ұлысыз! — деп, Оған иіліп тағзым етті. 34 Сонымен олар көлден өтіп, Генесәрет қаласының маңындағы жағаға жетті. 35 Сол жердің тұрғындары Исаны танып қалып, бүкіл төңірекке кісі жіберіп, барлық ауру-сырқауларын Оның қасына алып келді. 36 Олар Исадан ең болмағанда Оның шапанының шетіне қол тигізуге рұқсат етуін сұрады. Қол тигізгендердің бәрі де сауығып кетіп жатты!



15

1 Сол кездері Иерусалимнен бірнеше дін мұғалімдері мен парызшылдар келді. Олар Исаға мына сұрақты қойды: 2 — Шәкірттеріңіз неге ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлерді бұзады? Олар қол жуу рәсімін орындамай-ақ тамақтана береді екен! — 3 Исаның жауабы мынау болды: — Ал сендер неге өз дәстүрлеріңе бола Құдайдың өсиеттерін бұзасыңдар?! 4 Құдай: «Ата-анаңды сыйла!» және «Егер біреу әкесін не шешесін жамандайтын болса, ол өлтірілсін!» деп бұйырған еді ғой. 5 Бірақ сендер адамның өз әкесіне не шешесіне: «Менен көрмек игіліктеріңізді мен Құдай жолына бағыштадым» деуіне рұқсат бересіңдер. 6 Осылай ол әке-шешесін сыйлап, парызын орындауға міндетті емес деп үйретесіңдер. Сөйтіп сендер өз дәстүрлеріңе бола Құдайдың бұйрығын жоққа шығардыңдар! 7 Екі жүзділер! Сендер жайында Ишая пайғамбар алдын ала дәл айтып кеткен: 8 «Бұл халық Мені тек ауызбен ғана сыйлайды, ал жүректері Менен тым алшақ. 9 Адам баласы шығарған ережелерді үйретіп, Мені құр босқа құрметтегенсиді!» 10 Содан Иса жиналған жұртты қасына шақырып алып, оларға былай деп ескертті: «Құлақ салып, жақсылап ұғып алыңдар: 11 адамның аузынан енген нәрселер оны арамдай алмайды. Керісінше, аузынан шыққандары адамды арамдайды». 12 Кейінірек шәкірттері Исаға келіп: — Парызшылдардың осы айтқандарыңызға өкпелеп қалғанын байқадыңыз ба? — деп сұрады. 13 Иса оларға: — Көктегі Әкем екпеген әр өсімдік түбірімен жұлынып тасталмақ! 14 Оларды қойыңдар, өздері — соқырлардың соқыр жетекшілері! Ал соқырды соқыр жетелесе, екеуі де орға құлап түсер, — деді. 15 Сонда Петір: — Алдыңғы астарлап айтқандарыңызды түсіндіріп беріңізші, — деп өтінді. 16 — Сендер де айтқандарымды әлі түсінбей тұрсыңдар ма? — деп жауап берді Иса. 17 — Адамның аузы арқылы енген барлық тағамдар асқазанға жетіп, кейін денеден шығып кетеді, мұны ұқпайсыңдар ма? 18 Бірақ адамның аузынан шыққандары оның жүрегінен, яғни ішкі дүниесінен, шығады. Адамды арамдайтын, міне, осылар! 19 Себебі жүректен шығатындар мыналар: жаман ойлар, кісі өлтіру, неке адалдығын бұзу, азғындық, ұрлық, өтірік, жамандау. 20 Осылар адамды арамдайды. Ал қол жуу рәсімін орындамастан тамақ ішу ешкімді арам қылмайды. 21 Иса сол жерден кетіп, Тир мен Сидон аймағына барды. 22 Бұл өңірден шыққан бір қанахандық әйел Оған: «Тақсыр, Дәуіттің Ұрпағы, рақым етіңіз! Қызымды жын соғып, қатты қинап жатыр!» — деп айқайлады. 23 Бірақ Иса оған бір сөз де айтпады. Сонда шәкірттері Ұстазына келіп: — Мынаның тілегін орындап, жібере салыңыз. Ол соңымыздан қалмастан айқайлап келеді, — деп өтінді. 24 Ал Иса: — Мен тек адасып кеткен қойларға ұқсас Исраил халқына ғана жіберілгенмін, — деді. 25 Әйел Оның алдына келіп, иіліп тағзым етіп: — Тақсыр, маған көмектесе көріңіз! — деп жалынғанда, 26 Иса оған астарлап: — «Балалардың нанын алып қойып, үй күшіктеріне тастау дұрыс емес», — деді. Әйел: 27 — Айтқаныңыз дұрыс, Тақсыр! Дегенмен «үй күшіктері» де иелерінің дастарқанынан түскен ұсақ-түйек қалдықтармен қоректенеді ғой, — деп жауап берді. 28 Иса: — Қарындас, сенімің ғаламат зор екен! Тілегенің болсын! — деді. Сол сәтте-ақ оның қызы сауығып кетті. 29 Иса сол жерден кетіп, Ғалилея көлінің бойымен жүрді. Бір төбенің басына шығып, отырды. 30 Исаның қасына қарақұрым халық жиналды. Олар сал болғандар, соқырлар, мылқаулар, мүгедектер және басқа да көптеген ауру-сырқауларды алып келіп, Оның алдына жайғастырды. Иса оларды сауықтырып жіберді. 31 Жұрт мылқаулардың сөйлегенін, мүгедектердің сауыққанын, сал болғандардың жүргенін және соқырлардың көздерінің ашылғанын көргенде, Исраилдің Құдайын мадақтап дәріптеді. 32 Кейінірек Иса шәкірттерін қасына шақырып: — Халыққа жаным ашиды. Олар үш күннен бері қасымда болып, жейтін азықтары қалмады. Оларды аш күйлерінде қайтарып жібергім келмейді: жолшыбай әлсіреп, құлап қалар, — деді. 33 Шәкірттері: — Осы құлазыған далада соншама көп халықты тамақтандыруға жететін нанды қайдан табамыз? — деп жауап берді. Иса: 34 — Қанша нандарың бар? — деп сұрағанда олар: — Жеті күлше мен бірнеше кепкен ұсақ балық қана, — деді. 35 Сонда Иса жұртқа жерге жайғасуға бұйырды. 36 Жеті күлше мен балықтарды қолына алып, шүкіршілік етті де, үзіп-үзіп шәкірттеріне бере берді. Олар халыққа үлестірді. 37 Бәрі де тамақтанып, тойып алды. Соңынан қалдықтарды жинап алғанда жеті үлкен себет толды. 38 Әйелдер мен балаларды есептемегеннің өзінде төрт мың ер адам тамақтанған болатын. 39 Иса халықты таратып жіберген соң қайыққа мініп, Мағдала қаласының маңына кетті.



16

1 Сол жердегі парызшылдар мен саддукейлер Исаның қасына келді. Оның билігін сынау үшін Исадан көктің құдіретімен бір керемет көрсетуін сұрады. 2 Иса оларға былай деп жауап берді: — Сендер кешке «Күн ашық болады, қызарып батты ғой» деп жорисыңдар, 3 ал таңертең «Бүгін дауыл тұрады, аспан қып-қызыл әрі бұлыңғыр екен» дейсіңдер. Осылай аспанның құбылыстарын түсіне білесіңдер, бірақ қазіргі заманда болып жатқан оқиғаларды ұға алмайсыңдар! 4 Жаман, опасыз ұрпақ (билігімді дәлелдейтін) керемет көрсетуімді талап етеді. Бірақ осы ұрпаққа Жүніс пайғамбардың кереметінен басқасы көрсетілмейді! — Мұнан кейін Иса оларды тастап, сол жерден кетіп қалды. 5 Иса шәкірттерімен көлдің ар жағына өтті. Шәкірттер нан ала келуді ұмытып кеткен еді. 6 Иса оларға: — Абайлаңдар, парызшылдар мен саддукейлердің «ашытқыларынан» сақтаныңдар! — деп ескертті. 7 Шәкірттері өзара пікірлесіп: — Бұны нанымыздың жоқтығынан айтқан шығар, — десті. 8 Иса оларын біле қойып, былай деп сұрады: — Сенімі аздарым-ай, неге сендер нанымыз жоқ деп пікірлесіп отырсыңдар? 9 Жасағандарымды әлі де не түсінбей, не ескермей келесіңдер ме? Бес күлше нан бес мың адамға жетіп, қалдықтардан неше себет жинап едіңдер? 10 Әрі жеті күлше төрт мың адамға жетіп, артылып қалғаны қанша үлкен себет болды? 11 Менің сендерге: «Парызшылдар мен саддукейлердің ашытқысынан сақтаныңдар!» дегенімде нан туралы айтпағанымды қалайша ұға алмайсыңдар? — 12 Сонда шәкірттері Исаның нандағы ашытқыдан емес, парызшылдар мен саддукейлердің жалған тәлімдерінен сақтандырғанын түсінді. 13 Бірде Иса Філіп-Кесариясы қаласының маңына барып, жеткеннен кейін, шәкірттеріне: — Жұрт көктен келген Билеушіні кім деп жүр? — деген сұрақ қойды. 14 Олар: — Біреулері Сізді шомылдыру рәсімін жасаған Жақия, ал басқалары Ілияс пайғамбар, тағы басқалары Еремия немесе ежелгі пайғамбарлардың өзге біреуі деп жүр, — деді. 15 Сонда Иса: — Ал сендер Мені кім дейсіңдер? — деп сұрады. 16 Шимон Петір: — Сіз Мәсіхсіз, мәңгі тірі Құдайдың рухани Ұлысыз! — деп жауап берді. 17 Иса оған: — Сен бақыттысың, Жүніс ұлы Шимон: саған мұны адам баласы емес, көктегі Әкем білдірді! 18 Бұдан былай сенің атың Петір («Тас») болады. Осы іргетастың үстіне Мен Өзіме сенушілердің қауымын саламын. Оны өлімнің күштері де жеңе алмайтын болады. 19 Саған Құдай Патшалығына жол ашатын кілттерді тапсырамын; жер бетінде тыйым салғаныңды да, рұқсат еткеніңді де көктегі Әкем бекітпек, — деді. 20 Содан кейін Иса Өзінің Мәсіх екені туралы ешкімге тіс жармауды шәкірттеріне қатты ескертті. 21 Сол кезден бастап Иса Өзінің Иерусалимге баруға тиісті екенін ашық білдіре бастады: — Ол жерде Мен рубасылар, басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдерінен көп азап шегуге тиіспін: Менің өлтірілуім, бірақ содан кейінгі үшінші күні қайтадан тірілуім де қажет! — деді. 22 Сонда Петір Исаны былайырақ алып шығып: — Құдай сақтасын, Мырза, ондай нәрсе басыңызға түсе көрмесін! — деп қарсылық білдіре бастады. 23 Бірақ Иса Петірге бұрылып: — Менен аулақ кет, әзәзіл! Маған тұзақ құрып жатырсың: сен Құдайдың емес, адамның қалауын ойлап тұрсың, — деп тыйым салды. 24 Бұдан кейін Иса шәкірттеріне мынаны айтты: — Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге дайын болып Менің жолыммен жүрсін! 25 Себебі кім өмірімді сақтаймын десе, одан айырылады, ал өмірін Мен үшін қиған әркім оған (мәңгі) иелік етеді. 26 Адам бүкіл дүниеге ие болып, сол себепті (мәңгілік) өмірінен айырылса, бұдан оған не пайда? Яки адам өз өмірі үшін қандай құн төлей алады? 27 Себебі Мен періштелерімді ертіп Әкемнің салтанатты ұлылығымен Билеуші ретінде көктен қайтып келген кезімде әркімге істеген істеріне қарай сыйын беремін. 28 Сендерге шын айтамын: осында тұрған кейбіреулерің Менің Құдай тағайындаған Билеуші ретінде Патшалығымның нұрлы салтанатымен келуімді өз көздеріңмен көрмей, өлмейсіңдер.



17

1 Иса осыдан алты күннен кейін тек Петірді және Жақып пен оның інісі Жоханды ғана ертіп алып, бір биік таудың басына шықты. 2 Сонда Оның сыртқы түрі үш елшісінің көз алдарында өзгеріске түсті: бет-әлпеті күндей жарқырап, киімдері нұрланып аппақ сәуле шашты. 3 Кенеттен (ежелде өмір сүрген) Мұса пайғамбар мен Ілияс пайғамбар пайда болып, Исамен сөйлесті. 4 Сол кезде Петір Исаға: «Мырза, бұл жерде болғанымыз қандай жақсы! Біреуін Сізге, біреуін Мұсаға, біреуін Ілиясқа арнап үш күрке құрайын», — деп тіл қатты. 5 Ол әлі де сөйлеп тұрған кезде-ақ кенеттен бір нұрлы бұлт оларға көлеңкесін түсіріп, бұлт ішінен: «Бұл — Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған ризамын. Оны тыңдаңдар!» — деген дауыс шықты. 6 Мұны естіген шәкірттер қатты үрейленіп, етпеттерінен жерге құлай кетті. 7 Бірақ Иса қастарына келіп, қолын тигізіп: «Тұрыңдар, қорықпаңдар», — деп көңілдерін орнықтырды. 8 Олар бастарын көтеріп, көздерін ашқанда жалғыз Исадан басқа ешкімді көрмеді. 9 Таудан түсіп бара жатқанда Иса оларға: «Көктен келген Билеуші өлімнен қайта тірілгенше, бұл көргендерің туралы ешкімге тіс жармаңдар!» — деп тыйым салды. 10 Кейінірек шәкірттері Оған: — Сонда дін мұғалімдерінің «алдымен Ілияс пайғамбар бұ дүниеге қайтып келуге тиіс» деулері қалай? — деген сұрақ қойды. 11 Иса: — Ілиястың қайтып келіп, бәрін қалпына келтіретіні рас. 12 Бірақ сендерге айтамын: Ілияс келген де еді. Алайда адамдар оны танымай, оған ойына келгендерін істеді. Көктен келген Билеуші де солай олардың қолдарынан азап шегетін болады, — деп жауап берді. 13 Сонда шәкірттері Оның шомылдыру рәсімін орындаған Жақия пайғамбар туралы айтып тұрғанын түсінді. 14 Иса үш елшісімен таудың етегінде жиналған халыққа қайтып келді. Бір адам Оның қасына жақындап, тізесін бүгіп тағзым етіп, былай деп өтінді: 15 — Мырза, менің ұлымды аяй көріңіз! Оның ұстамасы бар, содан қатты азап шегеді. Жиі-жиі отқа да, суға да құлайды. 16 Ұлымды шәкірттеріңізге әкелген едім, бірақ оны сауықтыру қолдарынан келмеді. — 17 Сонда Иса: — Ей, сенбейтін, шындық жолынан тайған ұрпақ-ай! Қанша уақыт қастарыңда болмақпын, қанша уақыт сендерге төзбекпін?! Кәне, баланы Маған әкеліңдер! — деді. 18 Содан соң Ол жынға қатаң бұйрық берді. Жын баланың денесінен шығып, ол сол сәтте-ақ сауығып кетті. 19 Кейінірек шәкірттері оңашада Исаның қасына келіп: — Неліктен біз жынды қуып шығара алмадық? — деп сұрады. 20 Иса оларға былай деді: — Сенімдеріңнің жеткіліксіздігінен. Сендерге шындығын айтайын: тіпті тарының түйіріндей ғана сенімдерің болса, мына тауға: «Бұл жерден ана жаққа көш!» десеңдер, ол көшер еді. Қолдарыңнан келмейтін ештеңе де болмас еді. 21 (Мұндай жындарды тек Құдайға сиынып мінажат етіп, ораза ұстаумен ғана қуып шығаруға болады.) 22 Олар Ғалилеяда бірге жүрген кезде Иса шәкірттеріне (өз басынан өткізетіндері туралы) былай деді: «Көктен келген Билеушіні адамдардың қолына ұстап береді! 23 Оны өлтіреді, бірақ үшінші күні Ол қайта тіріледі!» — Сонда шәкірттерінің еңселері түсіп қатты қапаланды. 24 Олар Қапарнаумға келгенде, ғибадатхана үшін садақа ақшасын жинайтындар Петірге келіп: — Ұстаздарың ғибадатхана садақасын төлемей ме? — деп сұрады. Ол: 25 — Иә, төлейді, — деді. Петір үйге кірген соң, Иса оның алдын орап: — Шимон, қалай ойлайсың: осы дүниелік патшалар алым-салықты кімнен жинайды: өз халқынан ба, әлде бөтендерден бе? — деген сұрақ қойды. 26 — Бөтендерден. — Сонымен өз халқы салықтан босатылған, — деп тұжырымдады Иса. 27 — Алайда әлгі садақа жинаушыларды өкпелетпеу үшін көлге барып, қармақ таста. Ілінген алғашқы балықтың аузын ашсаң, бір үлкен күміс теңгені табасың. Соны алып, оларға сен екеуіміз үшін бере сал, — деп тапсырды.



18

1 Сол уақытта шәкірттері Исаның қасына келіп: — Құдай Патшалығында кімнің жолы ең үлкен? — деген сұрақ қойды. 2 Иса бір кішкентай баланы шақырып алып, орталарына тұрғызып қойды да, былай деді: 3 — Сендерге шындығын айтайын: теріс пікірлеріңнен қайтып, бала сияқты (кішіпейіл) болмасаңдар, Құдайдың Патшалығына кіре алмайсыңдар! 4 Кім өзін осы жас бала сияқты кіші тұтса, Құдай Патшалығында соның жолы ең үлкен. 5 Кім Менің атымнан осындай бір сәбиді қабылдаса, соның Мені де қабылдағаны. 6 Ал кім Маған сенетін осы кішкенелердің біреуін азғырып теріс жолға түсірсе, сол адам үшін мойнына диірменнің тасы байланып, теңіздің тұңғиығына батырылғаны жақсырақ болар еді-ау! 7 Осы күнәкар дүние адамдарды теріс жолға азғырғаны үшін қасіретке ұшырайды! Азғыратын жағдайлардың болатыны сөзсіз, бірақ азғыру кімнен шықса, сол қасіретке қалады! 8 (Иса сөзін жалғастырып, астарлап былай деді:) — Егер сені өз қолың не аяғың (секілді өте қажетті нәрсең) күнәға азғырса, ол сен үшін «шауып, лақтырып тасталған» сияқты жоқ болсын! Екі қол, екі аяқпен мәңгілік тозақ отына лақтырылғаннан гөрі сыңар қол-аяқпен мәңгілік өмірді иемденгенің саған артық болар еді. 9 Егер де сені көзің (секілді өте құнды нәрсең) күнәға азғырса, ол сен үшін ойып, лақтырып тасталған сияқты жоқ болсын! «Екі көзіңмен» тозақ отына лақтырылғаннан гөрі «сыңар көзбен» мәңгілік өмірді иемденгенің саған артық болар еді. 10 Сақ болыңдар, осы кішкенелердің бірде-біреуін менсінбей жүрмеңдер! Сендерге айтамын: олардың періштелері көктегі Әкемнің келбетін әрдайым көріп тұрады. 11 (Мен, Құдай тағайындаған Билеуші, тура жолдан адасып кеткендерді құтқаруға көктен келдім.) 12 Мынаған қалай қарайсыңдар: Бір бағушының жүз қойы болып, солардың біреуі адасып кетсе, ол не істемек? Тоқсан тоғыз қойын қырат басында қалдырып, адасып кеткенін іздеп шықпай ма? 13 Сендерге шын айтамын: оны тапса, адаспаған тоқсан тоғызынан гөрі, табылған оған көбірек қуанады! 14 Дәл сол сияқты, көктегі Әкелерің де осы кішкенелердің ешқайсысының адасып, тозаққа түсуін қаламайды! 15 Егер бауырласың саған қарсы күнә жасаса, оған барып, істегені туралы оңаша сөйлесіп, әшкереле. Егерде айтқаныңа құлақ асса, бауырласыңды қайтадан тапқаның. 16 Ал егер тыңдамаса, қасыңа бір-екі кісі ертіп алып, оған тағы бар. Осылай әрбір сөз екі не үш куәгердің айтқандарымен дәлелденсін. 17 Егерде оларға да құлақ аспаса, бұл туралы сенушілер қауымына айтып бер. Ал егер қауымды да тыңдамаса, онда оған Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамына не күнәкар салықшыларға қарағандай қара. 18 Сендерге шындығын айтамын: жер бетінде тыйым салғандарыңды да, рұқсат еткендеріңді де көктегі Әкем бекітпек. 19 Сендерге мынаны да айтамын: жер бетінде екеуің келісіп, қай нәрсені болса да көктегі Әкемнен сұрасаңдар, Ол соны бермек. 20 Өйткені екі-үш адам Менің атымнан жиналса, Мен де сол жерде араларында боламын. 21 Сонда Петір Исаның қасына жақындап: — Мырза, егер бауырласым маған қарсы күнә жасай берсе, оны неше рет кешіруім керек? Жеті ретке дейін бе? — деп сұрады. 22 Иса: — Саған айтамын: жеті емес, жеті қайтара жетпіс ретке дейін, — деп жауап берді. 23 — Құдай Патшалығындағы жағдай мынаған ұқсас: Бір патша қызметкерлерінен есеп алмақшы болады. 24 Есеп ала бастағанда оның алдына он мың ат басындай күміске борышты қызметкерін алып келеді. 25 Қарызын төлейтін ештеңесі болмағандықтан, патша оның өзін, әйелін, бала-шағасы мен мал-мүлкін түгел сатып, содан түскен ақшамен қарызын өтеуге бұйырады. 26 Сонда қызметкер патшаның аяғына жығылып: «Тақсыр, маған сәл мұрсат бере көріңіз, мен бәрін де төлеймін!» деп жалынады. 27 Қызметкеріне жаны ашыған патша оны босатып, бүкіл қарызын да кешіреді. 28 Қызметкер далаға шыққан соң, бір қызметтес жолдасын кездестіреді. Бұл адам оған тек бір жүз күміс теңгеге ғана борышты. Алайда қызметкер оны алқымынан алып, қылғындыра бастап: «Дәл қазір маған берешегіңді қайтар!» деп талап етеді. 29 Қарыздар жолдасы аяғына жығылып: «Маған сәл мұрсат бере көр, мен бәрін де төлеймін!» деп жалынады. 30 Бірақ ол күткісі келмей, әлгіні қарызын төлегенше түрмеге жапқызады. 31 Мұны көрген өзге жолдастары қатты наразыланып, патшаға барып, болған оқиғаны айтып береді. 32 Сонда патша сол қызметкерін шақырып алып: «Әй, зұлым қызметші! Сен өтінгендіктен, мен қарызыңды түгелдей кешірдім ғой! 33 Ендеше сен де дәл солай жолдасыңды кешіруге тиіс емес пе едің?!» дейді. 34 Патша қаһарланып, оны қарызын толық өтегенше жазалаушыларға тапсырады. 35 Міне, егер сендер бауырластарыңның күнәларын шын жүректен кешірмесеңдер, көктегі Әкем әрқайсыларыңа да солай істемек!



19

1 Иса осы айтқандарын тамамдаған соң, Ғалилеядан шығып, Яһудея аймағына әрі Иордан өзенінің шығыс бетіне барды. 2 Оның соңынан халық көптеп еріп, Иса оларды сол жерде ауруларынан сауықтырды. 3 Бірнеше парызшылдар қасына келіп, Исаны сынақтан өткізбек болып: — Күйеуінің кез келген себептен әйелімен ажырасуына бола ма? — деген сұрақ қойды. 4 Исаның жауабы мынау болды: — Сендер Жаратқан Иенің әуел бастан-ақ «адамды бірін еркек, бірін әйел қылып» жаратқанын (Тауратта) оқымап па едіңдер?! 5 Сол кезде Ол былай деген: «Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады». 6 Осылайша олар енді екеу емес, біртұтас. Сонымен Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын! — 7 Парызшылдар қарсылық білдіріп: — Олай болса, күйеуі арнайы куәлік қағазын жазып берсе, әйелімен ажырасуына болады деген ережені Мұса пайғамбар неге жазып қалдырған? — деді. 8 Иса оларға былай деп жауап қатты: — Мұса жүректеріңнің Құдайдың еркіне мойынсұнбай қасарысқандығына бола әйелдеріңмен ажырасуға жол берген. Алайда әуел баста бұл олай болмаған еді. 9 Сендерге айтамын: кім жеңіл жүріске түспеген әйелімен ажырасып, басқаны алса, сол неке адалдығын бұзады. (Күйеуімен ажырасқан әйелге үйленген де неке адалдығын бұзады.) 10 Сонда шәкірттері: — Егер еркектің әйелінің алдындағы міндеті осындай болса, онда үйленбеген артық, — деді. Иса: 11 — Бұл айтқандарымды жұрттың бәрі емес, Құдай бұйырғандар ғана ұға алады. 12 Себебі үйлене алмайтын түрлі адамдар бар: кейбіреулері некеге жарамайтын болып туған, басқаларын кісілер сондай еткен, ал тағы біреулері — Құдай Патшалығына көбірек қызмет ету үшін некеден бас тартқандар. Мұны ұғына алатындар ұғынсын! — деп сөзін қорытты. 13 Жұрт Исаға балаларын алып келіп, Одан қолын балалардың үстіне қойып мінажат етіп бата берсін деп өтінді. Бірақ шәкірттері оларға тыйым салды. 14 Ал Иса былай деді: «Балалардың Маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар! Құдайдың Патшалығы сондайлар үшін». 15 Содан Иса бұл жас балалардың үстіне қолын қойып бата берді; мұнан кейін сол жерден кетіп қалды. 16 Сол кезде біреу Исаға келіп: — Ізгі Ұстаз! Мәңгілік өмірге ие болу үшін қандай игі істер істеуім керек? — деген сұрақ қойды. Иса оған: 17 — Менен неге игілік туралы сұрайсың? Нағыз игілікті — Біреу-ақ. Мәңгілік өмірге ие болу үшін Оның өсиеттерін орындайтын бол! — деп жауап берді. Әлгі кісі: 18 — Қайсыларын? — деп сұрады. — «Кісі өлтірме; неке адалдығын бұзба; ұрлық жасама; жалған куәлік берме; 19 ата-анаңды сыйла!» және «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!» — деді Иса. 20 Жігіт: — Бұлардың бәрін де (жастайымнан) орындап келемін. Маған тағы не нәрсе жетіспейді? — дегенде, 21 Иса оған былай жауап берді: — Егер мүлтіксіз болғың келсе, барып, мал-мүлкіңді сатып, түскен ақшаны мұқтаждарға үлестіріп бер. Сонда сенің қазынаң көкте болады. Өзің қайтып келіп, шәкіртім болып соңымнан ер! 22 Бұл сөзді естігенде жігіт еңсесі түсіп, қапаланып, сол жерден кетіп қалды. Себебі ол аса дәулетті болатын. 23 Содан Иса шәкірттеріне қарап былай деді: — Сендерге шындығын айтамын: байлардың Құдай Патшалығына кіруі тым қиын! 24 Тағы да айтамын: байдың Құдай Патшалығына кіруінен гөрі түйенің ине көзінен өтуі оңай. — 25 Мұны естіген шәкірттері қатты таңғалып: — Ендеше кім (Құдайдың қаһарынан) құтқарыла алады?! — деген сауал қойды. 26 Иса оларға қарап: — Бұл, адамның қолынан келмейді, бірақ Құдайдың қолынан бәрі де келеді, — деп жауап берді. 27 Петір: — Міне, біз барлығын қалдырып, Сіздің соңыңыздан еріп жүрміз. Сол үшін бізді не күтіп тұр? — деп сұрады. 28 Сонда Иса былай деп жауап қатты: — Сендерге шындығын айтамын: әлем жаңарған кезде, Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келіп, салтанатты тағымда отырғанда, сендер де он екі тақта отырып, Исраилдің он екі руына билік жүргізетін боласыңдар. 29 Үй-жайын, бауырларын, әке-шешесін, бала-шағасын не жер-суын Маған бола қалдырған әркімге қарымтасы жүз есе артығымен қайтарылады, әрі ол мәңгілік өмірге ие болады. 30 Сол заманда көптеген алдыңғы қатарлылар соңғылар болады, ал соңғылар алдыңғы қатарға шығады.



20

1 Иса сөзін жалғастырып былай деді: «Құдай Патшалығындағы жайт мынау сияқты: бір қожайын таң сәріде жүзім бағына жұмысшы жалдау үшін үйінен шығыпты. 2 Жұмысшылармен күніне бір күміс теңгеден төлейтін болып келісіп, оларды жүзімдігіне жібереді. 3 Сағат тоғызда қожайын қайтадан үйінен шығып, базардан әлі де жұмыссыз тұрған басқаларды көргенде, 4 оларға: — Сендер де жүзімдігіме барыңдар! Тиісті ақыларыңды төлеймін, — дейді. Олар да сонда кетеді. Қожайын түскі сағат он екі және үш шамасында да солай істейді. 6 Соңғы рет сағат бесте барса, жұмыссыз тұрған тағы бірнеше адамды көріп, оларға былай деп тіл қатады: — Неліктен сендер күні бойы бос тұрсыңдар? 7 — Бізді ешкім жалдаған жоқ. — Онда сендер де жүзімдігіме барыңдар! — дейді қожайын. 8 Кешке ол шаруашылығын басқарушысына: — Жұмысшыларды шақырып, жалақыларын төле. Ең соңғыларынан бастап, алғашқы барғандарымен аяқта, — деп тапсырады. 9 Сонда сағат бесте жалданғандар келіп, бір күміс теңгеден алады. 10 Алғашқы болып келгендер көбірек алармыз деп үміттенгенмен, оларға да бір-ақ күміс теңгеден тиеді. 11 Соны алған олар қожайынға өкпелеп: 12 — Соңғылар бір сағат қана жұмыс істесе, біз осындай ыстықта күні бойы жұмыс істедік. Дегенмен сіз бәрімізге бірдей ақы төледіңіз! — деп күңкілдейді. 13 Қожайын біреуіне жауап қайтарып: — Достым, саған әділетсіздік жасаған жоқпын ғой. Әуел баста бір күміс теңгеге келіспеп пе едік?! 14 Ендеше ақыңды ал да кете бер. Соңынан жалданған мыналарға саған бергендей ақы төлеуді өзім қалап тұрмын. 15 Әлде менің меншігімді өз қалауымша жұмсауға еркім жоқ па?! Яки оларға жомарттық жасағанымды көре алмайсың ба? — дейді. 16 Осылайша соңғылар алдыңғы қатарға шығады, ал алдыңғы қатарлылар соңғылар болады!» 17 Иерусалимге өрлеп бара жатқанда Иса жолшыбай он екі шәкіртін бөлек шақырып алып, оларға өз басынан өткізетіндері туралы былай деді: 18 «Енді Иерусалимге өрлеп бара жатырмыз. Сол жерде көктен келген Билеушіні басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдеріне сатып кетеді. Олар Оны өлімге кесіп, 19 Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамдарына ұстап береді. Солар Оны мазақтап, қамшымен сабайды, ақырында айқышқа шегелеп өлтіреді. Алайда Ол үшінші күні қайта тіріледі!» 20 Сол уақытта Зебедейдің әйелі ұлдарын ертіп Исаның қасына келді. Әйел бір өтініш білдірмек болып Оған тізе бүгіп тағзым етті. Иса: 21 — Сіз не қалайсыз? — деп сұрады. Әйел: — Патшалығыңызда осы екі ұлымның біреуіне оң, екіншісіне сол жағыңызда отыруды бұйырсаңыз екен, — деген тілек білдірді. 22 Алайда Иса жауап беріп: — Не сұрап тұрғандарыңды ұқпайсыңдар! Мен (Құдайдың қаһарына толы) «тостағаннан ішпекпін». Ал сендер солай істей аласыңдар ма? — деді. Екі шәкірт: — Иә, істей аламыз, — дегенде, Иса: 23 — Мен ішетін «тостағаннан» сендер де ішетін боласыңдар. Бірақ оң мен сол жағыма отыруға тағайындау Менің қолымда емес. Көктегі Әкем кімге дайындаған болса, солар отырады, — деп сөзін аяқтады. 24 Қалған он елші мұны естігенде екі ағайынды жігітке қатты наразы болды. 25 Иса оларды қасына шақырып алып, былай деді: — Билеушілері қол астындағы халықтарды билеп-төстейді, төрелері де соларға қатаң әмір жүргізеді, соны білесіңдер. 26 Бірақ сендердің араларыңда ондай болмасын! Керісінше, қайсың ұлы болғысы келсе, сол өзгелеріңе қызмет ете берсін! 27 Қайсың ең бастыларың болғысы келсе, сол сендерге құл іспетті қызмет ете берсін! 28 Осы сияқты Мен де Құдай тағайындаған Билеуші бола тұра, Өзіме қызмет еткізуге емес, Өзім қызмет етіп, көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеу үшін жанымды қиюға осы дүниеге келдім. 29 Иса шәкірттерімен Иерихон қаласынан шыққанда, Оның соңынан халықтың үлкен тобы ілесті. 30 Сонда жол жиегінде отырған екі соқыр кісі қастарынан Исаның өтіп бара жатқанын естіп: «Тақсыр, Дәуіттің Ұрпағы, бізге рақым ете көріңіз!» — деп айқайлады. 31 Халық оларға ұрсып, үндемеуге бұйырды. Бірақ екеуі одан бетер айқайлап: «Уа, Тақсыр, Дәуіттің Ұрпағы, бізге рақым ете көріңіз!» — деп жалбарынды. 32 Иса тоқтай қалып, оларды қасына шақырып: — Өздеріңе не істегенімді қалайсыңдар? — деп сұрады. Олар: 33 — Тақсыр, көзімізді аша көріңіз! — деп өтінді. 34 Иса оларға жаны ашып, көздеріне қолын тигізді. Сол сәтте-ақ көздері ашылып, көретін болды! Содан олар Исаға еріп жолға шықты.



21

1 Осылай Иса мен шәкірттері Иерусалимге таяп, Зәйтүн тауының беткейіндегі Бетфаге ауылына жақындап келді. Сонда Иса екі шәкіртін жұмсап, 2 оларға мынадай тапсырма берді: — Қарсы алдарыңдағы ауылға барыңдар. Оған кірген бойда байлаулы тұрған бір ұрғашы есекті және қасында тұрған тайқарды көресіңдер. Соларды шешіп, алып келіңдер. 3 Егер біреу сендерге бірдеңе дей қалса, оған: «Бұлар Мырзамызға керек» деп жауап беріңдер. Сонда ол дереу жібере салады. 4 Осының бәрі орындалғанда (ежелде Зәкәрия) пайғамбар айтқан мына тәрізді сөздер жүзеге асты: 5 Сион халқына мынаны айтыңдар: «Қара, сенің Патшаң саған келе жатыр! Ол кішіпейілділікпен есекке мініп, тайқардың, жүк таситын бір жас көліктің, үстінде отыр». 6 Екі шәкірт барып, Исаның тапсырғанындай істеп, 7 ұрғашы есек пен тайқарды алып келді. Олар үстіне шапандарын жапқаннан кейін, Иса тайқарға мінді. 8 Халықтың көбі жамылғыларын жолға жайса, өзгелері ағаштардан бұтақшалар кесіп алып, соларды төсеп отырды. 9 Алды-артынан еріп жүрген қалың топтар қатты дауыспен былай деп айқай салды: «Дәуіттің Ұрпағы үшін Тәңір Ие мадақталсын!» «Жаратқанның атынан келе жатқан (Патша) жарылқанған!» «Заңғар аспанда Жаратқан Ие мадақталсын!» 10 Иса Иерусалимге кірген кезде бүкіл қала толқып, халық: — Бұл кім Өзі? — деп сұрасты. 11 Оған еріп жүрген қалың топтар: — Бұл — Иса, Ғалилеядағы Назареттен шыққан Пайғамбар! — деп жауап қайырды. 12 Иса ғибадатхананың алаңына кірген соң, ондағы сатушылар мен алушылардың бәрін де қуып шығарды. Ақша айырбастаушылардың үстелдері мен көгершін сатушылардың орындықтарын аударып тастады. 13 Оларға: «Киелі жазбаларда: «Менің (киелі) үйім мінажат ететін үй деп аталатын болады!» делінген. Бірақ сендер оны «қарақшылар ордасына» айналдырғансыңдар!» — деп қатаң ескертті. 14 Соқырлар мен ақсақтар ғибадатханада Оның қасына жиналып, Иса оларды сауықтырды. 15 Алайда басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері Исаның жасаған тамаша істерін және балалардың ғибадатхана алаңында: «Дәуіттің Ұрпағы үшін Тәңір Ие мадақталсын!» — деп айқайлағанын көріп-естігенде, ашуланды. 16 Олар Исаға: — Бұлардың не деп жатқандарын естіп тұрсыз ба?! — деп наразылықтарын білдірді. Ал Иса: — Әрине, естіп тұрмын. Сіздер (Забурда) «Балалардың, кішкене бөбектердің аузымен Өзіңді дәріптетесің» деп жазылғанды ешқашан оқымап па едіңіздер? — деп жауап қайтарды. 17 Содан кейін Иса ғибадатханадағы халықты қалдырып, қаладан шығып, Бетанияда түнеді. 18 Ертеңгісін қалаға қайтып келе жатқанда Исаның қарны ашты. 19 Жол бойында Ол бір інжір ағашын көріп, қасына барды. Бірақ одан жапырақтан өзге ештеңе таппады. Сонда Иса: «Бұдан былай мәңгі ешқандай жемісің болмасын!» — деді. Інжір ағашы бірден қурап қалды. 20 Мұны көрген шәкірттері қайран қалып, өзара: — Ағаш қалайша бірден қурап қалды? — деп сұрасты. 21 Иса: — Сендерге шындығын айтамын: егер еш күмәнсіз Құдайға сенсеңдер, Менің осы ағашқа істегенімнен де зор нәрсені істейтін боласыңдар. Мына тауға: «Орныңнан көтеріліп, теңізге лақтырыл!» — десеңдер, сол орындалады. 22 Құдайға сеніммен сиынып (Оның еркіне сай) нені сұрасаңдар да, Одан аласыңдар, — деп жауап берді. 23 Содан соң Иса ғибадатханаға кірді. Жұртқа тағылым беріп жатқан Оның қасына елдің басты діни қызметкерлері мен рубасылары жақындап: — Бұл істерді қандай билікпен істеп жүрсіз? Сізге мұндай билікті кім берді? — деген сауал қойды. 24 Исаның жауабы мынау болды: — Мен де сіздерге бір сұрақ қояйын. Соған жауап берсеңіздер, онда бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтып беремін. 25 Жақияның орындаған шомылдыру рәсімі қайдан болып еді: көктің еркімен бе, әлде адамның еркімен бе? Олар өзара пікірлесіп: «Егер «көктің еркімен» десек, Ол бізден: «Ендеше Жақияның уағызына неге сенбедіңіздер?» деп сұрайды. 26 Ал «адам еркімен» десек, халықтың наразылығына ұшыраймыз деп қаймығамыз. Барлығы Жақияның пайғамбар болғанына сенеді ғой», — десті. 27 Сондықтан олар Исаға: — Оны білмейміз, — деп жауап берді. Иса: — Олай болса, Мен де бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтпаймын, — деп кесіп айтты. 28 — Ал мына оқиғаға қалай қарайсыздар: Бір адамның екі ұлы болыпты. Ол біреуіне келіп: «Ұлым, бүгін жүзімдікке барып, жұмыс істеші», — деп тапсырғанда, 29 баласы: «Барғым келмейді», — деп жауап қайырады. Дегенмен кейінірек онысына өкініп, жұмысқа барады. 30 Әкесі екіншісіне келіп те дәл солай дейді. Бұл: «Жарайды, әке, барамын», — деп жауап берсе де, бармай қояды. 31 Осы екеуінің қайсысы әкесінің еркін орындады? — деп сұрады Иса. Ел басшылары: — Біріншісі, — деп жауап бергенде, Ол былай деді: — Ендеше сіздерге шындығын айтайын: Құдай Патшалығына сіздерден бұрын (теріс жолдан қайтқан) салықшылар мен азғын әйелдер кірмек! 32 Себебі Жақия әділдік жолын көрсетуге келгенде оған сенбедіңіздер. Бірақ салықшылар мен азғын әйелдер оған сенім артты. Ал сіздер тіпті мұны көргеннен кейін де теріс жолдан қайтпадыңыздар, әрі оған сенбедіңіздер! 33 Тағы бір астарлы әңгімені тыңдаңыздар: бір қожайын жүзім бағын отырғызады. Оны дуалмен қоршап қояды, әрі жүзім шырынын сығып алуға арналған шұңқыр қазып жасап, күзет мұнарасын да салады. Кейін бағын жүзімшілерге жалға тапсырып, өзі басқа жаққа сапарға аттанады. 34 Жеміс піскен мезгілде бақтың иесі өнімінен өзіне тиісті үлесін алу үшін қызметшілерін жұмсайды. 35 Бірақ жүзімшілер қызметшілерді ұстап алады: біреуін ұрып-соғып, өзгесін өлтіріп, тағы біреуін таспен атқылайды. 36 Қожайын бұрынғыдан да көбірек қызметшілерін жібереді. Бірақ әлгілер оларға да алдындағыдай істейді. 37 Ақыр соңында қожайын: «Менің ұлымнан қаймығар» — деп ойлап, оларға өз ұлын жұмсайды. 38 Бірақ жүзімшілер ұлын көргенде өзара: «Бұл — мұрагер ғой! Кәне, жүріңдер, оны өлтіріп, мұрасына ие болайық!» — деседі. 39 Оны ұстап алып, бақ сыртына алып шығып, өлтіріп тастайды. 40 Енді жүзімдіктің иесі келгенде, осы жүзімшілерге не істемек? — 41 Тыңдап тұрғандар Исаға: — Ол зұлымдарды азаптап өлтіріп, бағын басқаларға тапсырмақ. Солар мерзімі жеткенде оған тиісті өнімін беретін болады, — деп жауап берді. 42 Сонда Иса былай деді: — Киелі жазбадан мынаны ешқашан оқымап па едіңіздер: «Құрылысшылар менсінбеген Тас енді үйдің басты іргетасына айналды! Жаратқанның Өзі соны істеді, көз алдымызда бұл керемет болды!» 43 Сондықтан да сіздерге айтамын: Құдай өз Патшалығын сіздерден тартып алып, басқа бір халыққа тапсырмақ! Олар оның өнімін беріп тұратын болады. 44 Ал әлгі Тасқа сүрініп құлаған әркім талқандалады, әрі осы Тас үстіне құлағандар жаншылып қалады! 45 Астарлы әңгімелерін тыңдаған басты діни қызметкерлер мен парызшылдар Исаның өздері туралы айтқанын ұғып, 46 Оны тұтқындамақ болды. Алайда Исаны пайғамбар деп қадір тұтқан халықтан қорқып, соған батылдары бармады.



22

1 Иса халыққа астарлы әңгімелер арқылы тәлім беруін жалғастырды. Оларға былай деді: 2 «Құдай Патшалығындағы жағдайды мынаумен салыстыруға болады: бір патша баласының үйлену тойын өткізуге дайындалыпты. 3 Содан ол шақырған кісілерін алып келуге қызметшілерін жібереді. Алайда сол адамдардың келгілері келмейді. 4 Патша басқа қызметшілерін жұмсап: — Шақырылғандарға айтыңдар, мен қонақасымды әзірлеп қойдым, өгіздер мен бордақыланған торпақтар сойылып, бәрі дайын тұр. Тойға келе беріңдер! — дегізеді. 5 Бірақ олар шақыруды елемей, біреуі егіндік жеріне, біреуі саудасына кетіп қалады. 6 Тағы басқалары қызметшілерін ұстап алып, қорлап, өлтіріп тастайды. 7 Мұны естіген патша қаһарланып, әскерін жұмсап, әлгі кісі өлтірушілердің көздерін құртып, олардың қаласын өртеп жібереді. 8 Содан кейін қызметшілеріне: — Той дайын, ал шақырылғандар оған лайықсыз болып шықты. 9 Енді жол тораптарына барып, кімді кездестірсеңдер, соларды тойға шақырып, алып келіңдер! — деген жарлық береді. 10 Жан-жаққа аттанған қызметкерлер кімді кездестірмесін — жаманын да, жақсысын да бәрін жинап алып келеді. Той болған үй адамдарға лық толады. 11 Патша келгендерді көруге кіргенде, тойға сай киім кимеген біреуді көріп, 12 одан: — Достым, мұнда той киімінсіз қалайша кірдің? — деп сұрайды. Ол үндемейді. 13 Патша нөкерлеріне: — Мынаның аяқ-қолын байлап, сыртқа, қара түнекке лақтырыңдар! — деп бұйырады. — Сонда ол зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады. 14 Себебі шақырылғандар көп, ал таңдап алынғандар аз». 15 Парызшылдар сол жерден кетіп, Исаны өз сөзінен ұстаудың жолын іздеп ақылдасты. 16 Оған Иродтың жақтастарымен бірге өз шәкірттерін жіберіп, мынадай қитұрқы сұрақты қойғызды: — Ұстаз, Сіздің әділ екеніңізді білеміз. Жұртты шынымен Құдай жолына үйретіп, біреуге жағыну ниетінен аулақсыз, ешкімнің де бет-жүзіне қарамайсыз. 17 Енді бізге айтыңызшы, қалай ойлайсыз, Рим патшасына алым-салық төлеуіміз дұрыс па, әлде бұрыс па? — 18 Олардың арам ойларын білген Иса: — Екі жүзділер, Мені азғырып сынамақсыңдар, ә? 19 Маған салыққа төлейтін бір күміс теңгені көрсетіңдерші! — деді. Олар Оған бір күміс теңге әкеліп берді. 20 Иса: — Мына сурет пен жазу кімдікі? — деп сұрады. 21 Олар: — Рим патшасынікі, — деп жауап берді. Сонда Иса: — Олай болса, патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер! — деп тұжырымдады. 22 Мұны естіген олар таңданып, Исаның қасынан кетіп қалды. 23 Саддукейлер өлімнен қайта тірілу жоқ дейтін. Сондықтан саддукейлер ұйымының кейбір мүшелері сол күні Исаға келіп, мына сұрақты қойды: 24 — Ұстаз, Мұса пайғамбар бізге (Тауратта) мынадай бұйрық берген: Егер үйленген біреу артынан бала қалдырмай өлсе, онда жесіріне ағасы не інісі үйленіп, марқұм бауыры үшін ұрпақ қалдырсын! 25 Арамызда жеті ағайынды жігіт бар еді. Солардың тұңғышы үйленіп, соңынан бала қалдырмай өлді. Жесіріне екіншісі әмеңгер болып үйленді. 26 Ал мұнымен де, үшіншісімен де, тіпті жетеуінің бәрімен де дәл осы сияқты болды. 27 Ақыры бәрінің соңынан әйел де көз жұмды. 28 Ендеше, қиямет күні қайта тірілгенде әйел осы жетеудің қайсысынікі болады? Ол солардың бәрінің де әйелі болған еді ғой! — 29 Бірақ Иса былай жауап қайырды: — Киелі жазбаларды және Құдайдың құдіретін ұқпағандықтан жаңылып жүрсіңдер! 30 Себебі өлімнен қайта тірілгеннен кейін адамдар әйел алмайды, күйеуге де шықпайды. (Сол жағынан) олар көктегі Құдайдың періштелері іспетті болады. 31 Ал өлгендердің қайта тірілуі жайында Құдайдың (Тауратта): 32 «Мен Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын» дегенін оқымап па едіңдер? Демек, Ол — өлгендердің емес, тірілердің Құдайы! 33 Мұны естіген халық Исаның тәліміне таңғалды. 34 Исаның саддукейлерді үндетпей қойғанын естігенде, парызшылдар бас қосып жиналды. 35 Кейін олардың біреуі, Таурат заңын үйретуші ғұлама, Исаның ұстанған ілімін сынамақшы болып Оған мына сұрақты қойды: 36 — Ұстаз, Таураттағы ең ұлы өсиет қайсысы? — Иса: 37 — «Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!» 38 Бұл — ең ұлы да басты өсиет. 39 Ал екіншісі де сол сияқты маңызды: «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!» 40 Бүкіл Таурат заңы мен Пайғамбарлар жазбалары осы екі өсиетке негізделген, — деді. 41 Қасына жиналған парызшылдарға Иса: 42 — Мәсіх туралы не ойлайсыздар, Ол кімнің Ұрпағы болады? — деген сұрақ қойды. Олар: — Дәуіттің Ұрпағы! — деді. 43 Сонда Иса: — Ендеше неліктен Дәуіт Киелі Рухтың жетелеуімен Мәсіхті «Ием» деп атады? Ол: 44 «Жаратқан Ие менің Иеме былай деп айтқан: Мен жауларыңды табаныңның астына салып бергенімше отыр оң жағымда», — деген ғой. 45 Сонымен, Дәуіт (пайғамбар) Мәсіхті «Ием» деп атаса, қалайша Ол «Дәуіттің Ұрпағы» ғана болады? — деп сұрады. 46 Ешқайсысы Исаға жауап беріп, бір сөз де айта алмады. Бұдан кейін тағы басқа сұрақтар қоюға ешкімнің де батылы бармады.



23

1 Содан кейін Иса жиналған көпшілікке және Өзінің шәкірттеріне былай деді: 2 — Дін мұғалімдері мен парызшылдар Мұса пайғамбардың орнын басты. 3 Сондықтан олардың айтқандарын түгелдей орындаңдар, бірақ істегендеріндей істемеңдер! Себебі сол айтқандарын олардың өздері іс жүзінде орындамайды. 4 Олар ыңғайсыз, тым ауыр борыштарды халықтың мойнына байлап артып қояды. Бірақ өздері соларды көтеру үшін саусақтарының ұшын да қимылдатпайды. 5 Олар барлық діни жоралғыларды жұрттың көзіне түсу үшін ғана орындайды. Маңдайлары мен қолдарына байлайтын, Таурат аяттары жазылған қайыс қалталардың көлемін үлкейтіп, шапандарының шашақтарын ұзартады. 6 Қонақасыларда төрге жайғасуды әрі мәжілісханаларда сыйлы орында отыруды жақсы көреді. 7 Базарларда жұрттың өздеріне сәлем беріп құрмет көрсетіп, «ұстаз» деп атағандарын қатты ұнатады. 8 Алайда сендер «ұстаз» деп аталмаңдар! Ұстаздарың Біреу-ақ, ал сендердің бәрің өзара бауырлассыңдар. 9 Жер бетіндегі ешкімге «әке» деген рухани атақ бермеңдер! Бірден-бір рухани Әкелерің көкте ғой. 10 Өздеріңді «тәлімгер» деп те ешкімге ататпаңдар! Тәлімгерлерің Біреу-ақ, Ол — Мәсіх. 11 Араларыңдағы ең ұлыларың бәріңе де қызмет ете берсін! 12 Себебі өзін-өзі жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен ұстаған жоғарылатылады. 13 Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! (Халық үшін) Құдайдың Патшалығын халықтан жауып құлыптап қоясыңдар: өздерің де кірмейсіңдер, кіргісі келгендерге де жол бермейсіңдер! 14 (Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Жесір әйелдердің үй-жайын ішіп-жеп тауысып, әдейі көзге түсу үшін ұзақ мінажат етіп жүрсіңдер. Сол үшін де бәрінен бетер қатаң жазаланатын боласыңдар-ау!) 15 Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Бір-ақ адамды болса да дінге кіргізу үшін жиһан кезіп, су кешесіңдер. Ал кіргізген соң оны өздеріңнен екі есе бетер теріс жолға салып, тозаққа түсетін қыласыңдар! 16 Көр соқыр жетекшілер, сендер қасіретке қаласыңдар! Себебі былай деп үйретесіңдер: «Біреу киелі үйдің атымен ант етсе, сол мұнысын орындауға міндетті емес. Ал егер киелі үйдегі алтынмен ант етсе, онда ол сол антын орындауға міндетті». 17 Ей, соқыр да надандар-ай! Не артық, алтын ба немесе алтынды қасиетті ететін киелі үй ме? 18 Сендер тағы: «Кім құрбандық үстелімен ант етсе, сол мұнысын орындауға міндетті емес. Ал егер ол соның үстіндегі құрбандықпен ант етсе, онда ол сол антын орындауға міндетті» дейсіңдер. 19 Ей, соқырлар-ай! Қайсысы артық: құрбандық па, әлде соны қасиетті қылатын құрбандық үстелі ме? 20 Ендеше, құрбандық үстелімен ант еткен сол үстелмен және оның үстіндегілердің бәрімен де ант береді ғой. 21 Сол сияқты, киелі үйдің атымен ант еткен, киелі үймен және онда тұратын Жаратқан Иенің атымен де ант береді. 22 Сондай-ақ, көктің атымен ант еткен, Құдайдың тағымен және тақ үстінде отырған Оның Өзінің атымен де ант береді. 23 Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Тіпті (бақшадан жиналған) жалбыз, аскөк, зире сияқты майда-шүйде дәмдеуіш шөптердің құнының да оннан бір бөлігін садақаға бересіңдер. Бірақ та Таурат заңының әділдік, мейірімділік және адалдық туралы маңызды қағидаларына көңіл бөлмей келесіңдер. Біріншісін істеп, екіншісін де қалдырмағандарың дұрыс болар еді. 24 «Масаны сүзіп тастап, түйені жұтып қоятын» соқыр жетекшілер-ай! 25 Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Ыдыс-аяққа сыртқы тазарту рәсімін орындай бересіңдер. Бірақ олардың іші алдамшылықпен әрі ашкөздікпен тартып алған тағамдарыңа толы. 26 Соқыр парызшылдар! Сыртының да таза болуы үшін, алдымен ыдыс-аяқтың ішін тазартыңдар! 27 Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Әктелген молаларға ұқсайсыңдар: олар сыртынан әдемі болып көрінеді, бірақ іштері өліктердің сүйектері мен түрлі шірікке толы. 28 Солар сияқты сендер де сырттарыңнан әділ болып көрінгенмен іштерің екіжүзділік пен күнәға лық толы! 29 Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Пайғамбарларға әдемілеп мазар салып, әділдердің ескерткіштерін әшекейлеп безендіресіңдер. 30 Және: «Біздер ата-бабаларымыздың заманында өмір сүрген болсақ, олар сияқты пайғамбарлардың қанын төкпеген болар едік» дейсіңдер. 31 Сол арқылы сендер пайғамбарларды өлтіргендердің үрім-бұтағы екендеріңді мойындап, өздеріңе қарсы куәлік келтіресіңдер. 32 Осылайша ата-бабаларыңның жауыздық істерінің мөлшерін толықтыра түсесіңдер! 33 Ей, жыландар, улы жыланның ұрпағы! Сендер сотталып, тозаққа түсуден қалай құтылмақсыңдар? 34 Сол үшін де тыңдап алыңдар: Мен сендерге Құдайдың хабарын жеткізушілерді, дана адамдарды және киелі жазбаларды үйретуші ғұламаларды жіберемін. Бірақ сендер солардың біреулерінің көздерін құртып, кейбіреулерін айқышқа шегелетіп өлтіріп, тағы басқаларын мәжілісханаларыңда дүрелеп сабап, қаладан қалаға қудалайтын боласыңдар. 35 Сол үшін де кінәсіз Әбілден бастап, өздерің киелі үй мен құрбандық үстелінің арасында өлтірген Барақияхтың ұрпағы Зәкәрияға дейін жер бетінде төгілген күллі әділдердің қандарының құны сендердің мойындарыңа жүктелетін болады! 36 Сендерге шындығын айтамын: мұның барлығы да осы ұрпақтың мойнына жүктеледі! 37 Ей, Иерусалим қаласы, пайғамбарлардың көзін құртып, Құдай саған жіберген хабаршыларды тас лақтырып өлтіретін Иерусалим-ай! Балапандарын қанатының астына алған құс сияқты, Мен де сенің халқыңды қанша рет жинамақшы болдым. Бірақ сендер одан бас тарттыңдар! 38 Сондықтан үйлерің қаңырап, бос қалдырылады. 39 Сендерге шындығын айтайын: бұдан былай, «Жаратқанның атынан келе жатқан (Патша) жарылқанған!» деп шақырған уақыттарыңа дейін, Мені қайтып көрмейсіңдер.



24

1 Иса ғибадатханадан шығып кетіп бара жатқанда, шәкірттері қасына келіп, ғибадатхананың сәулетті ғимараттарына нұсқады. 2 Бірақ Иса оларға: — Мынаның бәрін көріп тұрсыңдар ғой? Сендерге шындығын айтамын: бұлардың қаланған бірде-бір тасы қалмай барлығының да күл-талқаны шығатын болады! — деп жауап қайтарды. 3 Кейінірек Иса Зәйтүн тауының басында отырғанда, бірнеше шәкірті оңашада қасына келіп: — Бізге айтыңызшы, бұл қашан болады? Сіздің қайта келуіңіз бен ақырзаманның жақындап қалғанын қандай белгі білдірмек? — деп сұрады. 4 Иса былай деп жауап берді: — Сақ болыңдар, ешкім сендерді алдап, теріс жолға түсірмесін! 5 Себебі көп адамдар Менің атымды жамылып келіп: «Құтқарушы Мәсіх Менмін!» деп, көпшілікті алдап азғыратын болады. 6 Сендер жақын маңдағы шайқастар мен алысырақтағы соғыс жаңалықтары туралы еститін боласыңдар. Сонда абайлаңдар, зәрелерің ұшпасын. Олар болуға тиісті, бірақ заманның ақыры әлі де бұл емес. 7 Себебі ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанып, түрлі жерлерде ашаршылық (пен індеттер) және жер сілкіністер болады. 8 Бұлардың бәрі тек жаңа дәуір туар алдындағы «толғақтың» бастапқы азабы іспетті ғана. 9 Сол кезде жұрт сендерді азаптап, өлтіру үшін ұстап береді. Менің атымды мойындағандарыңа бола барлық ұлттар сендерді жек көретін болады. 10 Сонда көбі сенімдерінен танып, өзара опасыздық жасап, бір-бірін жек көреді. 11 Талай жалған пайғамбарлар халық алдына шығып, көптеген адамдарды алдап, азғыратын болады. 12 Әділетсіздік тым көбейіп кеткендіктен көпшіліктің сүйіспеншілігі суып кетеді. 13 Ал ақырына дейін табандылық танытқан әркім құтқарылады. 14 Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар күллі әлемге уағыздалмақ. Осылай ол барлық халықтарға мәлім болады. Содан кейін бұл заманның ақыры келеді. 15 Ендеше, бір кезде сендер, Даниял пайғамбар алдын ала айтқандай, киелі үйді арамдап бос қалдыратын жексұрын нәрсенің сол қасиетті орында тұрғанын көретін боласыңдар. — Мұны оқып отырған әркім мәнісін ұғып алсын! — 16 Сонда Яһудея аймағында тұратындар тауларға қашып құтылсын! 17 Кім үйінің жалпақ төбесінде отырса, сол бір нәрсесін алуға үйге кірместен, сыртқы сатымен төмен түсіп, дереу қашып кетсін! 18 Кім далада жүрсе, ол да шапанын алуға үйіне қайтып бармастан, бірден қашып құтылсын! 19 Сол күндері аяғы ауыр және бала емізіп жүрген әйелдер қандай қасіретке ұшырайтын болады! 20 Қашатын кездерің қыс мезгіліне немесе діни демалыс күніне тура келмесін деп Құдайдан сұраңдар. 21 Себебі сол уақытта әлем жаратылғаннан бері күні бүгінге дейін еш болмаған және қайтып болмайтын қиын-қыстау кезең бастарыңа түседі. 22 Егерде Жаратқан Ие бұл күндердің санын қысқартпағанда, ешбір жан құтқарыла алмас еді. Бірақ Ол Өзінің таңдап алған адамдарына бола сол кезеңді қысқартып қойған. 23 Сол кезде біреу сендерге: «Міне, Мәсіх мұнда!» немесе «Әне, Ол анда!» десе, иланбаңдар! 24 Себебі жалған «мәсіхтер» мен «пайғамбарлар» шығатын болады. Олар, мүмкін болса, Құдайдың таңдап алған адамдарын да алдап, теріс жолға адастыру үшін ғаламат кереметтер мен ғажаптарды көрсететін болады. 25 Байқаңдар! Мен сендерге мұны алдын ала айтып тұрмын. 26 Сондықтан, сендерге: «Қараңдар, Ол айдалада жүр!» десе, шықпаңдар! Немесе: «Ол ішкі бөлмелерде!» десе де, иланбаңдар! 27 Себебі найзағайдың шығыстан басталып, батысқа дейін жарқырайтыны сияқты, Менің Билеуші ретінде көктен қайтып келуім де (аяқ астынан және ап-айқын) болады. 28 «Жемтік қайда болса, күшігендер сонда жиылар» делінген емес пе. 29 Бұл қиын-қыстау кезеңнен кейін дереу «күнді қараңғылық басып, ай да жарқырамайтын болады. Жұлдыздар аспаннан құлап, аспан күштері шайқалады!» 30 Сол уақытта Менің Билеуші ретінде қайтып келуімнің ғажайып белгісі аспаннан көрінетін болады. Сонда жер бетіндегі барлық ұлттар үрейленіп, еңіреп жылайды. Олар Менің Билеуші ретінде ғаламат құдіретпен, салтанатты ұлылықпен бұлттардың үстінде көктен келе жатқанымды көреді. 31 Мен кернейдің зор үнімен періштелерімді жіберіп, олар аспанның о шетінен бұ шетіне дейін, дүниенің төрт бұрышынан Менің таңдап алған адамдарымды жинап әкелетін болады. 32 Інжір ағашынан сабақ алыңдар: оның шыбықтары жұмсарып, жапырақтары шыға бастағанда жаздың таяп қалғанын білесіңдер. 33 Сол сияқты, сендер осы оқиғаларды көргенде Менің таяп есік алдына келіп қалғанымды білесіңдер. 34 Сендерге шындығын айтамын: осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ, мұның бәрі іске асады. 35 Аспан мен жер жойылатын болады, бірақ Менің сөздерім еш жойылмайды. 36 Ал сол күннің, сол сәттің қашан болатыны не адам баласына, не көктегі періштелерге, не Құдайдың рухани Ұлына емес, жалғыз көктегі Әкеге ғана белгілі. 37 Нұх пайғамбардың заманында жағдай қалай болған болса, Менің Билеуші ретінде көктен қайтып келетін кезімде де солай болады: 38 топан судан бұрын, Нұх кемеге мінген күнге дейін адамдар (Құдайға мойынсұнбай) ішіп-жеп, әйел алып, қыздарын ұзатып өмір сүруде еді. 39 Топан су басып, бәрін алып кетіп, қырып салғанша, олар ештеңені ұқпады. Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келген кезде де осылай болады! 40 Сол сәтте періштелер егіндікте жүрген екі адамның біреуін қабыл алып, екіншісін қалдырып кетеді. 41 Олар бірге қолдиірмен тартып отырған екі әйелдің де біреуін қабыл алып, екіншісін тастап кетеді. 42 Сондықтан сергек болыңдар: сендер Қожайындарыңның қай күні қайтып келетінін білмейсіңдер! 43 Мынаны еске алыңдар: егер үй иесі ұрының түннің қай мезгілінде түсетінін білетін болса, онда ол ұйықтамай, сергек болып, ұрының бұзып кіруіне жол бермес еді. 44 Сол сияқты, сендер де дайын болыңдар! Өйткені сендер күтпеген сәтте Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келемін! 45 (Иса сөзін одан әрі жалғастырып былай деді:) — Адал да саналы қызметшідей болыңдар! Қожайыны бір қызметшісін үйіндегі өзге малайларының үстінен қарап, ас-суларын уақтылы беруге тағайындады. 46 Қожайыны қайтып келгенде оның өз міндетін атқарып жүргенін көрсе, сол қызметші бақытты! 47 Сендерге шын айтамын: оны бүкіл меншігін қараушы етіп тағайындамақ. 48 Ал егер әлгі қызметші жаман болып, іштей: «Қожайыным жуырда келе қоймас» деп, 49 өзге малайларды ұрып-соғып, маскүнемдермен бірге ішіп-жеп думандатса, 50 онда қожайыны күтпеген күні, ойламаған сәтте келіп, 51 оны аяусыз жазалап, екі жүзділердің кебінін кигізеді. Сонда ол зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады.



25

1 Сол кезде Құдай Патшалығындағы жағдай мынаған ұқсас болады: он бойжеткен қолдарына шамдарын ұстап, күйеу жігітті қарсы алуға шығыпты. 2 Олардың бесеуі ақылды, бесеуі ақылсыз екен. 3 Ақылсыз қыздар шамдарын алғанмен, құятын артық май алмай шығады. 4 Ал ақылдылары шамға қоса майға толы құмыраларын да ала жүреді. 5 Күйеу жігіт ұзақ кешіккендіктен, барлығы қалғып, ұйықтап қалады. 6 Бірақ түн ортасында: «Күйеу жігіт келіп қалды! Қарсы алуға шығыңдар!» — деген дауыс естіледі. 7 Сонда қыздардың бәрі де орындарынан тұрып, шамдарын жөндейді. 8 Ақылсыздары ақылдыларына: — Майларыңнан беріңдерші, шамдарымыз сөнейін деп жатыр, — дейді. 9 Ал олар: — Бізге де, сендерге де жетпей қалғанша, өздерің сатушыларға барып, май сатып алғандарың жөн, — деп жауап береді. 10 Әлгілер майға кеткенде күйеу жігіт келіп, дайын тұрғандар онымен бірге тойға кіріп кетеді де, есіктер жабылып қалады. 11 Кейін майға кеткен қыздар да келіп: — Тақсыр мырза! Есікті аша көріңіз! — деп өтінеді. 12 Ал күйеу жігіт оларға: — Шын айтамын, сендерді танымаймын! — деп жауап береді. 13 Сондықтан сергек болыңдар! Себебі сендер Мен Билеуші ретінде көктен келетін күнді де, сәтті де білмейсіңдер. 14 Бұл жайт сапарға шықпақ болған бір кісінің әрекетіне ұқсас: ол кетер алдында қол астындағы қызметшілерін шақырып алып, оларға меншікті қаражатын аманаттап тапсырады: 15 әрқайсысына қабілетіне қарай, біреуіне бес, келесісіне екі, тағы біреуіне бір ат басындай күміс береді. Содан кейін сапарына аттаныпты. 16 Бес ат басындай күміс алған қызметші онысын дереу айналымға жіберіп, үстіне тағы бесеуін қосып қояды. 17 Екі ат басындай күміс алғаны да дәл осылай етіп, тағы екеуін қосып қояды. 18 Ал бір ат басындай күміс алғаны қожайынының қаржысын бір жерге апарып, көміп тастайды. 19 Арада көп уақыт өткеннен кейін қызметшілердің қожайыны қайтып келіп, олардың есеп берулерін талап етеді. 20 Бес ат басындай күміс алған қызметші тағы да бесеуін әкеліп тұрып, былай дейді: — Мырзам, сіз маған бес ат басындай күміс беріп едіңіз. Міне, солардан тағы бесеу пайда түсірдім. — 21 Қожайыны оны мақтап: — Жарайсың, жақсы да адал қызметшім! Шағын істе сенімді болдың, сені үлкен істердің басына қоямын. Енді қуанышты тойыма кел! — дейді. 22 Екі ат басындай күміс алғаны да келіп: — Мырзам, сіз маған екі ат басындай күміс беріп едіңіз. Міне, солардан тағы екеу пайда түсірдім, — деп есеп береді. 23 Қожайыны оған да: — Жарайсың, жақсы да адал қызметшім! Шағын істе сенімді болдың, сені үлкен істердің басына қоямын. Енді қуанышты тойыма кел! — дейді. 24 Ал бір ат басындай күміс алғаны келіп: — Мырзам, сіздің қатал адам екеніңізді білдім. Өзіңіз екпеген жерден орып, шашпаған жерден жинайсыз. 25 Сондықтан қорқып, күмісіңізді жерге көміп тастаған едім. Мінеки, соныңыз, — дейді. 26 Қожайыны оған былай дейді: — Әй, зұлым да жалқау қызметші! Менің екпеген жерден орып, шашпаған жерден жинайтынымды білдің ғой! 27 Сол үшін де күмісімді саудагерлерге қарызға беруің керек болатын. Сонда мен қайтып келгенде өзімдікін өсімімен қайтарып алатын едім. 28 Ендеше одан күмісін алып, он ат басындай күмісі барға беріңдер! 29 Себебі кімде бар болса, соған тағы беріліп, молая түседі. Ал кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де одан алынып қойылады. 30 Енді мына түкке тұрғысыз қызметшіні сыртқа, қара түнекке лақтырып тастаңдар! Сонда ол зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады. 31 — Құдай тағайындаған Билеуші қасиетті періштелерін ертіп ғаламат ұлылықпен көктен келген кезде Өзінің салтанатты тағына отыратын болады. 32 Барлық халықтар Оның алдына жинап әкелінеді. Ол шопанның қойларды серкелерден ажыратқанындай адамдарды екі топқа бөліп, 33 «қойларды» оң жағына, «серкелерді» сол жағына қояды. 34 Сонда Патша оң жағындағыларға былай деп үкім шығарады: — Әкем жарылқағандар, келіңдер! Әлем жаратылғаннан бері өздеріңе дайындалған Патшалықтан үлестеріңді алыңдар! 35 Себебі сендер Мен ашыққанда тамақ, шөлдегенімде сусын бердіңдер. Бейтаныс болып баспана іздегенімде Мені үйлеріңе қабылдадыңдар. 36 Киімсіз жүргенімде киіндірдіңдер, ауырғанымда Маған қамқорлық жасадыңдар, түрмеде отырғанымда артымнан келіп тұрдыңдар. 37 Сонда әділдер Оған: — Иеміз, қашан Сіздің ашыққаныңызды көріп, тамақтандырған едік? Немесе шөлдегеніңізде сусын берген едік? 38 Қашан бейтаныс болып баспана іздеп жүргеніңізді көріп, Сізді қабылдаған едік? Немесе киімсіз жүрген Сізді киіндірдік? 39 Қай кезде Сіз ауырып не түрмеде жатқаныңызда артыңыздан келіп тұрдық? — деген сұрақ қояды. 40 Патша оларға былай деп жауап береді: — Сендерге шындығын айтамын: Менің мына бауырларымның тіпті ең маңызсыз болып көрінген біреуіне жасаған жақсылықтарың — шын мәнінде Маған жасаған жақсылықтарың! 41 Бұдан кейін Патша Өзінің сол жағындағыларға да былай деп үкім шығарады: — Менен аулақ кетіңдер, қарғыс атқандар! Шайтанға және оның хабаршыларына дайындалған мәңгілік тозақ отына түсіңдер! 42 Себебі сендер Мен ашыққанда тамақ, шөлдегенде сусын бермедіңдер. 43 Бейтаныс болып баспана іздеп жүргенімде Мені үйлеріңе қабылдамадыңдар. Киімсіз жүргенімде киіндірмедіңдер, ауырып не түрмеде жатқанымда артымнан келмедіңдер. — 44 Олар да: — Иеміз, біз қашан ашыққаныңызды не шөлдегеніңізді, бейтаныс болып баспана іздеп, киімсіз жүргеніңізді я болмаса ауырып не түрмеде жатқаныңызды көріп, Сізге көмектеспедік? — деп сұрайды. 45 Ол сонда: — Сендерге шындығын айтамын: мыналардың ең маңызсыз болып көрінген біреуіне жасамаған жақсылықтарың — шын мәнінде Маған жасамаған жақсылықтарың! — деп жауап беретін болады. 46 Сонымен бұлар мәңгілік азап шегуге кетеді. Ал әділдер мәңгілік өмірге ие болады, — деді Иса.



26

1 Иса осы сөздерін тамамдады да, шәкірттеріне: 2 «Екі күннен кейін Құтқарылу мейрамы болатынын білесіңдер. Сонда адамдар көктен келген Мені айқышқа шегелеп өлтіру үшін ұстап береді», — деді. 3 Сол уақытта елдің басты діни қызметкерлері мен рубасылары бас діни қызметкердің сарайына жиналып, 4 кеңес құрды. Олар Исаны айламен қолға түсіріп, өлтірудің жолын қарастырды, 5 бірақ: «Мұны мейрам күндері іске асыруға болмайды! Әйтпесе халық арасында бүлік шығып жүрер», — десті. 6 Ал Иса бұл кезде Бетанияда, бұрын алапеспен ауырған Шимонның үйінде болатын. 7 Сонда қолында аса бағалы иісмайға толы мөлдір тас құтысы бар бір әйел Исаның қасына жақындап келді. Әйел иісмайды дастарқан басында жантайып жатқан Исаның басына құйды. 8 Шәкірттері осыны көргенде наразы болып: — Неге мұндай ысырап? 9 Бұл иісмайды қымбат бағаға сатып, түскен ақшаны мүсәпірлерге үлестіруге болатын еді ғой! — десті. 10 Бірақ соларын ұға қойған Иса оларға қарсы шығып былай деді: — Әйелді неге мазалайсыңдар? Ол Маған ерекше жақсылық жасады. 11 Мүсәпірлер әрдайым қастарыңда ғой, ал Мен ұдайы қастарыңда бола бермеймін. 12 Иісмайды құюы арқылы ол Менің денемді қабірге қойылуға дайындады. 13 Сендерге шын айтамын: қай жерде болмасын бүкіл дүние жүзінде осы Ізгі хабар уағыздалғанда, осы әйелді де еске алып, істегенін айтатын болады. 14 Ал он екі елшінің Яһуда Исқариот есімді біреуі басты діни қызметкерлерге барып: 15 «Исаны қолдарыңызға түсірсем, маған не бересіздер?» — деп сұрады. Олар оған отыз күміс теңге ұсынды. 16 Осы кезден бастап Яһуда Исаны оларға ұстап берудің қолайлы сәтін аңдыды. 17 Ашымаған нан мейрамының бірінші күні шәкірттері Исаның қасына келіп: — Мейрам асыңызды қай жерде әзірлеуімізді қалайсыз? — деп сұрады. 18 Иса оларға мынадай жауап берді: — Қаладағы Мен айтқан адамға барып, оған былай деңдер: «Бұйырылған уақытым жақындап қалды. Мейрам салтын шәкірттеріммен бірге сенің үйіңде орындамақпын деп Ұстазымыз сәлем айтты». — 19 Шәкірттері Исаның тапсырғанындай істеп, мейрам асын даярлады. 20 Кеш түсе Иса он екі шәкіртімен бірге дастарқан басында жантайды. 21 Тамақ ішіп отырғанда Иса оларға қарап: — Сендерге шындығын айтайын: араларыңдағы біреу Маған опасыздық жасайды, — деді. 22 Олар еңселері түсіп, қатты абыржып бірінен соң бірі: — Мырза, сол адам мен емес пе екенмін? — деп сұрай бастады. 23 — Табақтағы тұздыққа Менімен бірге бір үзім нанын батырып алып жатқан біреуің Мені ұстап бересің. 24 Көктен келген Мен Киелі жазбаларда Өзім туралы алдын ала айтылған жолмен жүремін. Алайда Мені ұстап беретін адам қасіретке қалады-ау! Сол кісі үшін ешқашан дүниеге келмегені жақсы болар еді! — деді Иса. 25 Оған опасыздық жасаған Яһуда да: — Ұстаз, сол адам мен емес пе екенмін? — деп сұрағанда, Иса: — Мұны өзің айтып тұрсың, — деп жауап берді. 26 Олар тамақ ішіп отырғанда, Иса қолына нан алып, шүкірлік етіп бата берді. Нанды үзіп, шәкірттеріне беріп жатып: — Алып жеңдер, бұл — Менің денем, — деді. 27 Иса тостағанды да алып, шүкірлік етті. Оларға соны беріп жатып, былай деді: — Мынадан бәрің де ішіңдер. 28 Өйткені бұл — күнәлары кешірілсін деп көптеген адамдар үшін төгіліп, (Жаңа) Келісімді бекітетін Менің қаным. 29 Сендерге айтамын: Мен Әкемнің Патшалығы орнағанда сендермен бірге жаңа жүзім шырынынан ішетін боламын. Сол күнге дейін енді қайтып одан еш татпаймын. 30 Бұдан кейін олар Құдайды мадақтау әнін айтты; содан соң сол жерден шығып, Зәйтүн тауына қарай беттеді. 31 Жолшыбай Иса шәкірттеріне тіл қатып былай деді: — Бүгін түнде бәрің де (басыма түсетін жайттарға бола) Менен безіп кетесіңдер. Себебі (Пайғамбар жазбаларында мына тәрізді сөздер) жазылған: «Бақташыны» ұрып өлтіремін, сонда «отарындағы қойлары» бытырап кетеді. 32 Бірақ Мен қайта тірілгеннен кейін сендерден бұрын Ғалилеяға барамын. — 33 Ал Петір жауап қайырып: — Бәрі Сізден безіп кетсе де, мен ешқашан безіп кетпеймін! — деді. 34 Иса оған: — Саған шындығын айтайын: осы түні-ақ әтеш шақырғанша, сен Менен үш рет танасың! — дегенде, 35 Петір: — Маған Сізбен бірге тіпті өлуге тура келсе де, Сізден еш танбаймын! — деді. Барлық басқа шәкірттері де осыны айтты. 36 Осылай Иса олармен бірге бақшасы бар Гетсимани деген жерге жетті. Сонда Ол шәкірттеріне: «Мен ана жерге барып, сиынып мінажат еткенше, осында отыра тұрыңдар», — деп тапсырды. 37 Ол Петірді және Зебедейдің екі ұлын Өзімен бірге ала кетіп, қайғырып қинала бастады. 38 Осы үш шәкіртіне Иса: «Жаным өлердей қайғырып тұр. Осында қалып, Менімен бірге ұйықтамай, сергек болыңдар!» — деді. 39 Иса сол жерден әрірек барып, етпетінен жығылып былай деп мінажат етті: «О, Әкем, мүмкін болса, (қаһарыңа толы) осы «тостағанды» Маған жолата көрме. Алайда Менің емес, Сенің еркіңе сай болсын!» 40 Иса қайтып келгенде шәкірттерінің ұйықтап жатқанын көрді. Петірге: «Сонда ең болмағанда бір сағат Менімен бірге ұйықтамай отыра алмағаның ба? 41 Азғырылмау үшін сергек болып, сиынып мінажат етіңдер! Рух дайын болғанмен, тән осал», — деді. 42 Иса екінші рет тағы да шеткері барып, сиынып: «О, Әкем, егер (қаһарыңа толы) бұл «тостаған» Маған соқпай өте алмаса, онда Сенің еркің орындалсын!» — деп мінажат етті. 43 Иса оралып келгенде, шәкірттерінің қайтадан ұйықтап жатқанын көрді. Себебі көздерін ұйқы басқан еді. 44 Иса оларды қалдырып, тағы да барып, үшінші рет дәл сол сөздерін айтып сиынды. 45 Содан кейін шәкірттеріне қайта оралып, былай деді: «Әлі де ұйықтап, тынығып жатырсыңдар ма? Енді уақыт болды: Құдай тағайындаған Билеуші күнәкарлардың қолына ұстап беріледі. 46 Міне, Мені ұстап беруші таяп қалды. Тұрыңдар, соған қарай жүрейік!» 47 Иса әлі де осыны айтып жатқанда, он екі елшінің біреуі — Яһуда семсер мен сойыл ұстанған үлкен бір топ адамды сол жерге ертіп келді. Бұларды елдің басты діни қызметкерлері және рубасылары жіберген еді. 48 Исаға опасыздық жасаушы Яһуда белгі беру туралы: «Кімнің бетінен сүйсем, Ол — Соның Өзі. Сол Адамды тұтқынға алыңдар!» — деген болатын. 49 Яһуда дереу Исаның қасына барып: — Ұстаз, амансыз ба! — деп, Оның бетінен сүйді. 50 Иса оған: — Достым, сен не үшін келдің? — деді. Сонда жасақшылар жақындап келді де, Исаға тап беріп, Оны ұстай алды. 51 Кенеттен Исаның қасындағыларының біреуі семсерін суырып алып, бас діни қызметкердің малайына қарай сілтеп қалып, оның бір құлағын шауып түсірді. 52 Ал Иса оған: «Семсеріңді қынабына сал! — деп бұйырды. — Семсеріне сенген семсерден өлер. 53 Мен қазір Әкемнен сұрасам, Ол Маған дереу он екі әскери бөлімнен астам періштелерін жібереді! Әлде солай болмайды деп ойлайсың ба? 54 Бірақ олай істесем, Киелі жазбалардағы осы оқиғалар болуға тиіс деп алдын ала айтылғандар қалай жүзеге асар еді?!» 55 Сол сәтте Иса келген үлкен топқа қарап: «Мені тұтқындауға, қарақшыға қарсы аттанғандай, семсер мен сойыл алып шыққандарыңыз қалай? Күн сайын ғибадатханада тағылым беріп отырғанымда Мені ұстаған жоқсыздар. 56 Бірақ осылардың бәрі Пайғамбарлар жазбаларында алдын ала айтылғандардың жүзеге асуы үшін болды», — деді. Сонда шәкірттерінің бәрі Оны тастап, қаша жөнелді. 57 Исаны тұтқынға алғандар Оны бас діни қызметкер Қаяфаға апарды. Сол жерге дін мұғалімдері мен рубасылар жиналған болатын. 58 Петір Исаға алыстан, бас діни қызметкердің сарайының ауласына дейін, ілесе отырып, ішке кірді. Істің немен бітетінін көру үшін сақшылардың қасына барып отырды. 59 Сол кезде басты діни қызметкерлер мен бүкіл Жоғарғы кеңес Исаны өлімге кесу үшін Оған қарсы жалған айғақтар іздестірді. 60 Алайда көптеген куәгерлер алға шығып, өтірік айтса да, Оған тағатын бірде-бір дәлелді айып табылмады. Ақырында екі кісі алға шығып, Исаны былай деп кінәлады: 61 — Мынау: «Құдайдың киелі үйін бұзып, үш күнде қайта тұрғызу қолымнан келеді!» дейтін. 62 Сонда бас діни қызметкер орнынан тұрып, Исадан: — Ешқандай жауап бермейсің бе? Мыналар Саған қарсы не деп куәлік беріп тұр? — деп сұрады. 63 Бірақ Иса үндемеді. Сонда бас діни қызметкер Оған: — Мәңгі тірі Құдайдың алдында ант етіп, бізге айтып бер: Сен Құдайдың рухани Ұлы — Мәсіхсің бе? — деген сұрақ қойды. 64 Иса: — Өзіңіз айтып тұрсыз. Сіздерге мынаны да айтамын: Менің Билеуші ретінде Құдірет Иесінің оң жағында отырғанымды әрі аспандағы бұлттармен келе жатқанымды әлі көретін боласыздар! — деп жауап берді. 65 Сонда бас діни қызметкер шапанының өңірін айыра жыртып: — Ол Тәңірге тіл тигізді! Енді куәгерлердің қажеті қанша? Қорлық сөздерін өз құлақтарыңызбен естідіңіздер! 66 Бұған қалай қарайсыздар? — деп дауыстады. — Жиналғандар: — Ол өлім жазасына лайық! — деп жауап қайтарды. 67 Сонда олар Исаның бетіне түкіріп, жұдырықтады. Кейбіреулері Оның жағынан тартып-тартып жіберіп: 68 «Әй, Мәсіх, пайғамбар болсаң, Сені кім ұрды, бізге айтып берші!» — деп келекеледі. 69 Сол кезде Петір сыртта, сарайдың ішкі ауласында отырған еді. Бір қызметші қыз оған жақындап келіп: — Сен де ғалилеялық Исамен бірге жүретін едің ғой! — деді. 70 Алайда Петір бәрінің алдында: — Не деп тұрғаныңды білмеймін! — деп мойындамады. 71 Содан ол ішкі ауладан шығып, қақпа жағына жылжи берді. Сонда Петірді тағы бір қызметші қыз көріп, маңындағыларға: — Мынау да назареттік Исамен бірге жүретін! — деді. 72 Петір қайтадан: — Ол Адамды білмеймін! — деп мойындамай, ант ішті. 73 Сәл кейінірек сонда тұрғандар оның қасына келіп: — Сен шынымен де солардың біреуісің! Қалай сөйлегеніңнен-ақ білініп тұр! — деді. 74 Сонда Петір: — Ол Адамды еш білмеймін! — деп ант ішіп, қарғана бастады. Сол сәтте-ақ әтеш шақырды. 75 Петірдің есіне Исаның: «Әтеш шақырғанша сен Менен үш рет танасың» деген сөзі түсті. Ол қақпа сыртына шығып, қатты жылады.



27

1 Таң ата елдің басты діни қызметкерлері мен рубасыларының бәрі Исаны өлтіру туралы кеңесіп, шешім қабылдады. 2 Оны байлатып, әмірші Пилатқа алып барып, табыс етті. 3 Исаға опасыздық жасаған Яһуда Оның сотталғанын көргенде өзінің істегеніне өкініп, басты діни қызметкерлер мен рубасыларына өздері берген отыз күміс теңгесін қайтарып тұрып: 4 — Мен опасыздық жасап күнәға баттым: кінәсіз кісінің қаны төгілмекші! — деді. Олар: — Онда біздің шаруамыз қанша? Бұл — өз мәселең, — деп жауап берді. 5 Содан Яһуда ақшаны киелі үйдің ішіне лақтырып жіберіп, шығып кетті де, барып, асылып өлді. 6 Басты діни қызметкерлер күміс теңгелерді жинап алып: «Бұл ақшаны ғибадатхананың қазынасына салуға болмайды, себебі ол төгілетін қанға байланысты», — деді. 7 Олар ақылдасып, сол ақшаға құмырашының егіндік жерін сатып алып, оны шетелдіктердің зираты етпек болып шешті. 8 Сондықтан осы жер танабы күні бүгінге дейін «Қанды танап» деп аталады. 9 Еремия пайғамбардың мына тәрізді алдын ала айтқандары сол кезде жүзеге асты: Олар исраилдіктер Ол үшін белгілеген бағаны, отыз күміс теңгені, алып, 10 соған құмырашының егіндік жерін сатып алды. Жаратқан Ие маған осылай айтқан еді. 11 Сол уақытта Иса римдік әміршінің алдында тұрған еді. Ол Исаға: — Сен «Яһудилердің Патшасысың» ба? — деген сұрақ қойды. Иса: — Өзіңіз айтып тұрсыз, — деді. 12 Басты діни қызметкерлер мен рубасылар Өзін айыптағанда Иса еш жауап бермеді. 13 Сонда Пилат Оған: — Бұлардың Өзіңе қарсы қаншама куәлік келтіріп жатқанын естімей тұрсың ба? — деп сұрады. 14 Алайда Иса олардың бірде-бір сөзіне жауап қайтармады. Оның бұлай істегеніне әмірші қатты қайран қалды. 15 Мейрамның құрметіне әміршінің халық сұраған бір тұтқынды оларға босатып беретін салты бар еді. 16 Сол кезде Барабба есімді, аты шулы бір тұтқын римдіктердің түрмесінде отырған болатын. 17 Сонымен яһудилер алаңға жиналып болған соң, Пилат: — Қайсысын босатып жіберуімді қалайсыңдар: Бараббаны ма, әлде Мәсіх деп аталған Исаны ма? — деген сұрақ қойды. 18 Яһуди басшыларының Исаны күншілдіктен өзіне ұстап бергендігін әмірші жақсы білетін. 19 Бұған қоса, Пилат төрелік тағында отырған осы аралықта оған әйелінің мына сәлемі жетті: «Сол әділ Адамға еш жамандық істей көрме! Мен бүгін түсімде Оған бола қатты азап шегіп, қиналдым». 20 Бірақ басты діни қызметкерлер мен рубасылар халық тобырын Пилаттан Бараббаны босатып, Исаны өлтіруді талап етуге көндірді. 21 Әмірші қайтадан: — Осы екеуінің қайсысын өздеріңе босатып бергенімді қалайсыңдар? — деген сауал қойғанда олар: — Бараббаны! — деп айқай салды. 22 — Ендеше Мәсіх деп аталған Исаға не істейін? — деп сұрады Пилат. Бәрі де: — Айқышқа шегеленсін! — деп айқай салды. 23 Пилат: — Сонда Ол қандай қылмыс жасады? — деген сұрақ қойды. Халық: — Айқышқа шегеленсін! — деп бұрынғыдан бетер шулап кетті. 24 Енді ештеңе істей алмайтынын, керісінше, халықтың толқуы өршіп бара жатқанын көрген Пилат су алдырып, жұрт алдында қолын жуып тұрып: — Мына (әділ) Адамның төгілетін қанына мен кінәлі емеспін. Бұл — сендердің істерің! — деді. 25 Бүкіл халық: — Оның қаны біздің және ұрпақтарымыздың мойнында болсын! — деп жауап берді. 26 Сонда әмірші оларға Бараббаны босатып берді. Ал Исаны қамшымен соқтырғаннан кейін, айқышқа шегелеп іліп өлтіруге жасақшылардың қолдарына тапсырды. 27 Содан әміршінің жасақшылары Исаны ордасына алып барып, қасына бүкіл әскер бөлімін жинады. 28 Олар Исаның сырт киімін шешіп алып, Оның үстіне бір қызыл шапанды жапты. 29 Жасақшылар, сондай-ақ, тікенді бұтақшалардан «тәж» өріп, оны Исаның басына кигізіп, оң қолына асатаяқ ұстатып қойды. Исаның алдына тізе бүгіп тағзым еткенсіп: «Яһудилердің Патшасы жасасын!» — деп келекеледі. 30 Бетіне түкіріп, қолындағы таяғын жұлып алып, сонымен Оның басын ұра берді. 31 Мазақтап болғаннан кейін Исаның үстіндегі шапанды шешіп алып, өз киімін қайта кигізді. Содан кейін жасақшылар Исаны айқыш ағашқа шегелеп іліп қою үшін алып кетті. 32 Қаладан шыға жолшыбай олар Шимон есімді күренелік ер адамға тап болды. Оны Исаның айқыш ағашын арқалап жүруге мәжбүр етті. 33 Осылай олар Ғолғота, яғни «Маңдайтөбе», деген жерге жетті. 34 Сонда Исаға ішуге өт қосылған сірке суын ұсынды, бірақ дәмін татқан соң Ол оны ішуден бас тартты. 35 Жасақшылар Исаны айқыш ағашқа керіп шегелеп, тік көтеріп қойды. Бұдан кейін Оның киімдерін жеребе тастап өзара бөлісіп алды. 36 Содан олар сол жерде отырып, Исаны күзетті. 37 Оған тағылған айып: «Бұл — Яһудилердің Патшасы Иса» деп бір тақтайшаға жазылған болатын. Жасақшылар тақтайшаны Исаның басынан жоғары айқыш ағашқа бекітіп қойған еді. 38 Олар Исамен бірге екі қарақшыны да, біреуін оң, екіншісін сол жағына айқыш ағаштарға керіп шегелеп, тік көтеріп қойды. 39 Қасынан өтіп бара жатқандар Исаға тіл тигізді. Олар бастарын шайқап: 40 «Әй, киелі үйді бұзып, үш күнде қайта тұрғызушы! Өзіңді құтқарып ал! Егерде Құдайдың рухани Ұлы болсаң, айқыштан түс!» — деп Оны келеке етті. 41 Сол секілді басты діни қызметкерлер де дін мұғалімдерімен және рубасыларымен бірге Оны мазақтап: 42 «Мынау басқаларды құтқарыпты, бірақ Өзін құтқара алмайды екен! Егер Ол Исраилдің Патшасы болса, Өзінің құдіретімен қазір-ақ айқыштан түссін! Сонда Оған сенеміз. 43 Ол Құдайға үмітін артқан екен. Егер Құдай Оған разы болса, қазір-ақ Оны құтқарып алсын! Өйткені Ол Өзін Құдайдың рухани Ұлымын деді ғой», — десті. 44 Жанындағы айқыштарға шегеленген қарақшылар да Исаны солай тілдеді. 45 Тал түстен бастап бүкіл жерді қараңғылық басты, ол үш сағатқа созылды. 46 Сағат үш шамасында Иса қатты дауыспен айқайлап: «Ілои, Ілои! Лама сабахтани?» — деді. Бұның аудармасы «О, Құдайым, Құдайым! Неліктен Мені жалғыз қалдырдың?» дегенді білдіреді. 47 Сол жерде тұрғандардың кейбіреулері мұны естіп: «Ол Ілияс пайғамбарды шақырып жатыр», — десті. 48 Солардың біреуі дереу жүгіріп барып, бір сорғышты сірке суына батырып алды. Оны таяқтың ұшына қадап, Исаға ішуге ұсынды. 49 Басқалары: «Күте тұрайық, Ілияс келіп, Оны құтқарып алар ма екен, көрейік!» — деп кекетті. 50 Иса тағы бір рет қатты дауыстап жіберіп, жан тапсырды. 51 Сол сәтте киелі үйдегі шымылдық кенеттен жоғарыдан төменге дейін қақ айырылып, екіге бөлінді. Жер сілкініп, жартастар жарылып, 52 қабір үңгірлері ашылды. Марқұм болған көптеген әділдердің сүйектері қайта тіріліп, 53 қабірлерінен шықты. Олар кейінірек, Иса қайта тірілген соң, қасиетті қалаға барып, көптеген адамдарға көрінді. 54 Қарсы алдында тұрған жүзбасы және онымен бірге Исаны күзеткендер жер сілкіністі және болған өзге оқиғалардың бәрін көргенде үрейлері ұшып: «Бұл шынымен Құдайдың рухани Ұлы екен!» — деп мойындады. 55 Сол жерде алысырақтан қарап тұрған көптеген әйелдер де болды. Олар Исаға қызмет етіп, Ғалилеядан еріп келгендер еді. 56 Араларында мағдалалық Мәриям және Жақып пен Жүсіптің шешесі Мәриям, сондай-ақ Зебедей ұлдарының шешесі де бар болатын. 57 Кеш түспес бұрын Жүсіп есімді ариматеялық бір бай кісі келді. Өзі де Исадан тәлім алған шәкірті еді. 58 Жүсіп Пилатқа барып, Исаның мәйітін қабірге қоюға рұқсат сұрап алды. Пилат мәйітті оған табыс етуге бұйырды. 59 Жүсіп сүйекті түсіріп алып, кіршіксіз таза бәтес кебінге орады. 60 Содан оны жартастан үңгіп жасаған өзінің жаңа қабіріне апарып қойды. Содан кейін қабірдің дәу қақпақ тасын домалатып әкеліп, қабірдің кіреберіс аузын сонымен мықтап жауып, кетіп қалды. 61 Сол жерге келген мағдалалық Мәриям мен өзге Мәриям қабірдің қарсы алдында отырды. 62 Келесі күні, жұманың ертеңіне басты діни қызметкерлер мен парызшылдар Пилаттың қасына жиналып, 63 былай деді: — Тақсыр, әлгі «алдамшы» Кісінің тірі кезінде: «Үш күннен кейін қайта тірілемін» дегені есімізге түсті. 64 Сондықтан да қабірді үшінші күнге дейін күзетіп, қауіпсіз етуге бұйыра көріңіз. Әйтпесе Оның шәкірттері (түн ішінде) келіп, сүйегін ұрлап алып кетіп, халыққа «өлімнен қайта тірілді» деп жүрулері мүмкін. Сонда соңғы алдау алғашқысынан да бетер болар. — 65 Пилат: — Мейлі, қарауыл тобын алыңдар. Барып, қабірді өздерің білгендеріңше күзетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етіңдер, — деп шешті. 66 Олар барып, мазардың айналасына күзет қойып, қақпақ тасты мөрмен бекітіп тастады.



28

1 Діни демалыс өткеннен кейін жексенбі күні таң ата мағдалалық Мәриям мен өзге Мәриям қабірді көруге барды. 2 Кенеттен жер қатты сілкінді. Өйткені Жаратқан Иенің бір періштесі аспаннан түсіп, қабірге жақындап, қақпақ тасты домалатып алып тастады да, үстіне отырды! 3 Оның сырт көрінісі найзағай іспетті, ал киімі қардай аппақ еді. 4 Одан зәрелері ұшқан күзетшілер дірілдеп-қалшылдап, өліп қалғандай жерге құлап түсті. 5 Періште әйелдерге қарап: «Қорықпаңдар! Айқышқа шегеленген Исаны іздеп келгендеріңді білемін. 6 Ол мұнда жоқ, Өзі алдын ала айтқандай қайта тіріліп кетті! Бері келіп, Иенің жатқан орнын қараңдар! 7 Енді тезірек барып, Оның шәкірттеріне мынаны жеткізіңдер: «Иеміз өлімнен қайта тірілді! Ол сендерден бұрын Ғалилеяға барады. Сол жерден Оны көресіңдер». Сендерге айтатыным осы», — деді. 8 Әйелдер әрі қорқып, әрі қатты қуанып, дереу мазардан шығып кетті. Олар Исаның шәкірттеріне айту үшін асығып жүгіре жөнелді. 9 Кенеттен Иса олардың алдынан кездесіп: «Сәлем, қуаныңдар!» — деп амандасты. Әйелдер Оның қасына жақындап, иіліп тағзым етіп, аяғына қолдарын тигізді. 10 Иса оларға: «Қорықпаңдар! Бауырларыма барып, «Ғалилеяға жөнелсін, сонда Мені көреді» деген хабарды жеткізіңдер», — деп тапсырды. 11 Әйелдер жолда бара жатқанда, күзетшілердің кейбіреулері қалаға кіріп, басты діни қызметкерлерге болған оқиғаны түгелдей айтып берді. 12 Сонда олар рубасылармен бірге жиналып, кеңес құрды. Жасақшыларға едәуір ақша беріп, 13 былай деп бұйырды: «Халыққа: «Түнде біз ұйықтап қалғанда шәкірттері келіп, мәйітін ұрлап әкетіпті» деңдер! 14 Ал егер бұл туралы қауесет әміршінің құлағына жетсе, біз оны көндіріп, сендерді пәледен құтқарып аламыз». 15 Пара алған күзетшілер солардың тапсырғанындай істеді. Содан осы жалған лақап яһудилер арасында күні бүгінге дейін таралуда. 16 Он бір шәкірті Ғалилеяға барып, Иса айтқан тауға көтерілді. 17 Олар Исаны көргенде алдында иіліп тағзым етті, ал бірқатары әлі де күдіктенді. 18 Иса қастарына таяу келіп, былай деді: «Маған көк пен жердің барлық билігі берілген! 19 Сондықтан күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, 20 әрі сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер! Естеріңде болсын: Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын!» (Аумин)



AMAZING GRACE BIBLE INSTITUTE